27 қыркүйек күні Астана қаласында «Еңбек адамы – Ел мақтанышы» атты республикалық форум өтті. Форумға ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов қатысты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Іс-шара аясында Жұмысшы мамандықтары жылына орай өткізілген республикалық шығармашылық байқаудың жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды.

Байқау «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қорының бастамасымен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Байқау қоғамда жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру, еңбекқорлық пен кәсібилік құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ адал еңбегімен елге үлгі болған азаматтардың шынайы өмірлік оқиғаларын кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған.
2025 жылғы 1 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында конкурсқа журналистерден, блогерлерден, фотографтардан, видеографтардан, БАҚ редакцияларынан, колледждерден, саяси партиялардан және өзге де ұйымдардан 200-ден астам өтінім қабылданған.
Қазылар алқасы байқау жеңімпаздарын Үздік бейнеролик (Еңбек адамының портреті), Үздік телесюжет (Еңбекқорлық пен кәсіпқойлық құндылықтарын ілгерілету), Үздік фоторепортаж (Шебердің бір күні), Үздік радио сұхбат (Еңбек адамымен сұхбат), Үздік публицистикалық мақала (Еңбек династиясының жетістік тарихы) атты бес номинация бойынша анықтады.
«Еңбек династиясының жетістік тарихы» атты Үздік публицистикалық мақала номинациясында шахтада шыңдалған отбасы туралы мақала жазған Caravan.kz медиа порталының журналисі Аружан Тлеубек I орын алды.
Жеңімпаздарға арнайы сертификаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.