Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы Айгүл Орынбектың фейсбуктегі парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Құқығы тапталған қызметкерлер Айгүл Орынбекке "Бізді бастықтың орынбасары кличкасы “ Киллер” бізді кабинетіне кіргізіп ұрады. Бізден, сосын учаскілік қызметкерлерден қорқытып ақша жинайды. Біз түгілі генералдар қорқады бұдан", — деп жазыпты.
Қызметкерлердің базынасын дәлел видеосымен қоса жариялаған Айгүл Орынбекке Түркістан Облысының Полиция Департаменті жауап берген.
"Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының тапсырмасымен шұғыл түрде арнайы комиссия құрылып, Қазығұрт АПБ-да тиісті тексеру жұмыстарын жүргізуде. Комиссия құрамында Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары, Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бастығы және тағы да басқа тиісті мамандар бар. Тиянақты тексеру жұмыстары жүргізіліп, заңды шешім қабылданатын болады. Бұл жайт департамент бастығы М.Қабденовтің бақылауында", — делінген Департамент мәлімдемесінде.
Алайда, Айгүл Орынбек "Құрылған комиссияға мені қоспасаңыздар, сенбеймін! Бұл жерде комиссия құрылу керек емес, бірден қылмыстық іс ретінде тіркелу керек!" деп отыр.
Кейіннен Айгүл Орынбек фейсбукке "Қазығұрттың “Киллер полицейскиі”! Маған адам жіберіп, қоқан лоқы жасаудың қажеті жоқ!" деген жазбасын шығарды. Заңның бәріне ортақ екенін, жігіттердің жоғары басшылыққа жүгінгенімен нәтиже болмай амал құрығаннан жариялыққа көшіп отырғандығын жеткізген. Сондай-ақ, заңгер қызметкерлерін әбден титықтатқан басшының ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабымен Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдаланғаныңыз үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылу керектігін айтып отыр.