Жарияланды: 500

Жүргізушіні ұрып-соғып, машинасын айдап әкеткен атыраулықтар ұсталды

12 қараша күні Орал қаласындағы А.Тайманов және М.Иқсанов көшелерінің қиылысында белгісіз біреулер күш қолдана отырып,

Сырым ауданының 19 жастағы тұрғынының «Мазда» автокөлігін айдап кеткен. Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, жүргізуші аталған шабуыл жөнінде дереу полицияға хабарлаған. Ол облыстық аурухананың хирургиялық бөліміне жатқызылды. Жәбірленуші полиция қызметкерлеріне шабуыл жасағандар оның басынан аяқпен теуіп, таяқпен соққаны жөнінде түсініктеме берді. Орал қалалық ішкі істер басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері оқиғаның ізін суытпай, Атырау қаласының 23 және 24 жасар тұрғындарын анықтап, уақытша ұстау абақтысына қамауға алды. Автокөлік иесіне қайтарылды. Сондай-ақ 14 қараша күні кеште «Орал» сауда үйінің «STAR» бутигінен сатушының сөмкесі және әмияны ұрланған. Сөмкеде 300 мың теңге көлемінде ақша, ал әмиянында жеке куәлігі, банкомат карточкасы және неке сақинасы болған. Хабар полицияға сол күні сағат 19.30-да түседі. Келесі күні Орал қалалық ішкі істер басқармасының жедел-тергеу тобы, учаскелік полиция инспекторлары және патрульдік полиция қызметкерлері бұрын осыған ұқсас қылмыспен сотталған Атырау қаласының 33 жастағы тұрғынын анықтады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін