Журналистерді кез келген түрде қудалауға жол беруге болмайды
Халықаралық міндеттерін мойнына алған кез келген мемлекетте репортерлерді қудалауға жол беруге болмайды, деп ЕҚЫҰ іс басындағы төрағасы, Литва Республикасының сыртқы істер министрі Аудронюс Ажубалис сейсенбі күні журналистердің қауіпсіздігіне арналған Вильнюстегі халықаралық кеңесте мәлім етті. |
«Біз журналистерді қорғаудың нақты қадамдарын жасауымыз керек. Мен оған Орта Азия мен Кавказ республикаларына жасаған сапарымда бірнеше рет назар аударғам. Себебі ол аумақта журналистерді қыспаққа алу өте өзекті мәселе. Сондықтан осы кездесу тек қана репортерлердің қауіпсіздігіне емес, сонымен қатар ЕҚЫҰ мүше мемлекеттерінің азаматтық қауымдастығының барлығының қауіпсіздгіне арналуы тиіс», - деді ол.
Өз кезегінде ЕҚЫҰ бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо «журналистерге қоқан-лоқы көрсету - сөз бостандығын үркіту, ақпараттың көзін еркін таратуға жол бермеу мақсатын көздейді», деп атап өтті. «Сөз бостандығы дегеніміз, адамның өз ойын еркін білдіруге деген құқығы ғой. Сондықтан журналситерге кез келген шабуыл түрлеріне ЕҚЫҰ қатысушы мемлекеттердің барлығы тосқауыл қоюлары тиіс», - деді ол.
Бұл ретте ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының төрағасы Петрос Эфтимиу соңғы жылдары бүкіл дүние жүзіндегі, оның ішінде еуропалық және азиялық елдердегі де баспасөз жағдайының нашарлауын атап көрсетті. «Баспасөздің күнделікті тіршіліктегі рөлі маңызды. Біз журналистердің қауіпсізідігіне қатысты пікір алмастырып, ой бөлісіп тұруымыз керек. Егер ойдың еркін айтылуына жағдай жасалмаса, біздің қоғам қауіпсіз деп айтуға болмайды. Егер журналистер қауіп-қатерге ұрынып жатса, баспасөз еркін бола алмайды», - деп тұжырымдады ЕҚЫҰ ПА басшысы.
ЕҚЫҰ-ға мүше 56 елден 200-дей делегат шақырылған форумның ашылуында Қазақстан байланыс және ақпарат вице-министрі Нұрай Оразов, Украина сыртқы істер министрінің орынбасары Павло Климикин, Ресей президентінің кеңесшісі Михаил Федотов та сөз сөйледі.
Форум өз жұмысын сейсенбі күні Вильнюсте бастады. Оның ұйымдастырушылары ЕҚЫҰ, БАҚ бостандығы мәселелері жөніндегі өкілдігі, сондай-ақ биыл ЕҚЫҰ-на төрағалық етіп отырған Литва Республикасы.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін