«Кастинг болды. Оған Асанәлі Әшімов сияқты әйгілі кино және театр актерлерімен бірге қатысқанбыз. Сценарий авторы жаңа бейне болсын деп мені таңдады. Өзім де ауылда тура осындай шалдың қолында өстім. Дәл осындай аңшы әкем болды. Бұл фильм менің ауылдың тұрмысына деген сағынышымды жаңғыртып отыр. Мен де қаладан ауылға қыдырып келіп, қасқыр атып алған Қамбар сияқты, 7-інші сыныпта оқып жүріп көкем жоқта тура осылай қасқыр атып алғам», — деді Ж.Ерман.
Айтыс өнерінің насихаталуына өз үлесін қосып, үлкен жанашыры болып жүрген Жүрсін Ерманның бұл кино өнеріндегі алғашқы рөлі болып отыр. Өзінің айтуынша, мұнда ол көзімен көріп, көңіліне әбден сіңісті болған атасының өмірін сомдап отыр. Сценарийі де көңілінен шыққанын және режиссерлер де ауылдағы табиғи өмірді біршама сәтті көрсете алғанын ерекше атап көрсетті. Бұл жеткіншек жас балаларға арналған сәтті шыққан фильмдердің бірі деуге негіз бар. Оған киноны көрген кезде көрерменнің де көзі толық жететін болады.