Бұл туралы ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зәуре Ахметова хабарлады, деп жазды Сaravan.kz медиа порталы kazinform.kz-ке сілтеме жасап.
Оның мәліметінше, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26 инфекциялық аурумен сырқаттану төмендеді. Оның ішінде бруцеллез 27%-ға, сальмонеллез – 18%-ға, сірлі менингит – 2,5 есеге төмендеді.
«Жаз кезеңі кенелердің жандануына байланысты аурудың өсуімен сипатталады. Республиканың 4 өңірінде — Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласының аумағында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошақтары бар. Жыл сайын өңірлердің әкімдіктері мен аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменттері Конго-Қырым геморрагиялық қызбасымен (КҚГҚ) сырқаттанудың алдын алу мақсатында көктемде кенеге қарсы іс-шаралар өткізеді. КҚГҚ бойынша қолайсыз елді мекендердің айналасында санитариялық-қорғау аймақтары, буферлік аймақтар құрылады, ауыл шаруашылығы жануарларын кенеге қарсы өңдеу және мал қораларын өңдеу жүргізіледі.
Соңғы 6 айдың қорытындысы бойынша өткен жылмен салыстырғанда тұрғындардың Конго-Қырым геморрагиялық қызбасымен сырқаттануы 43%-ға төмендегені байқалады», — деді ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасы.
Биылғы сәуір айынан бастап Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының 16 жағдайы тіркелді, оның ішінде 7 жағдай Түркістан, Қызылорда облыстарында және 2 жағдай Шымкент қаласында болған.
«10 жағдайда науқас адамдар мал бағуға қатысқан, 5 жағдайда науқастарды кене шаққан, 1 жағдайда науқас эндемиялық аймақта табиғатқа шыққан. Биыл 2 адам аурудан қайтыс болды, 8 науқас емделіп жатыр, қалған науқастар сауығып шықты, байланыста болған 115 адам медициналық бақылауда», — деді З. Ахметова.