Жыл басынан электрондық мемлекеттік сатып алу жүйесінің арқасында 14 млрд. теңгеден аса бюджеттік қаражат үнемделді - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+16 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жыл басынан электрондық мемлекеттік сатып алу жүйесінің арқасында 14 млрд. теңгеден аса бюджеттік қаражат үнемделді

Жыл басынан электрондық мемлекеттік сатып алу жүйесінің арқасында 14 млрд. теңгеден аса бюджеттік қаражат үнемделді

Ағымдағы жылдың басынан баға ұсыныстарын сұрату тәсілі бойынша электрондық мемлекеттік сатып алу (ЭМСА) жүйесінің арқасында 14 млрд. теңгеден аса бюджеттік қаражат үнемделді.

  • 13 Шiлде 2011
  • 571
Фото - Caravan.kz

Жалпы үш жарым жыл бойы істеп келе жатқан электрондық алаңда жүргізілетін ЭМСА арқылы үнемделген сома 52 млрд. теңгеден асады. Бұл туралы бүгін Алматыда «Мәскеу-Алматы: Мемлекеттік тапсырысқа бизнестің қолжетімділігі» атты тақырыппен он-лайн режимінде өткен бейнекөпірде «Электрондық коммерция орталығы» ЖШС-нің басқарма төрағасы Сұлтанжан Ахметов мәлім етті.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта баға ұсыныстарын сұрату тәсілі бойынша мемлекеттік сатып алуда үнемдеу орташа алғанда 22-25%-ды құрайды.

«Электрондық пішімдегі мемлекеттік сатып алу алаңы болып ҚР Қаржы министрлігінің тапсырысы бойынша «Электрондық коммерция орталығы» ЖШС жасаған www.goszakup.gov.kz мемлекеттік сатып алу веб-порталы болып табылады. Бүгінгі күні мемлекеттік сатып алу порталында 104 мыңнан аса қатысушы тіркелді. Жалпы веб-порталда мемлекет 6,7 млн.-нан аса лот пен 2 млн.-нан аса хабарландыру орналастырды. Соңғы ай ішінде порталға 1,6 млн.-нан аса кіріп-шығу тіркелді. Олардың көбісі қазақстандықтар болды, бірақ, айта кететін жайт, веб-порталға көршілес елдердің кәсіпкерлері қызығушылық танытуда. Үстіміздегі жылдың маусым айында веб-порталда Ресейден 15 мыңнан аса, Украинадан 2,7 мыңнан аса кіріп-шығу туралы мағлұмат келді. Сонымен қатар, Қытай, АҚШ, Германия және Үндістан мемлекеттерінің кәсіпкерлері де веб-порталдың жиі қонақтары болуда», — дейді ол.

Сұлтанжан Ахметовтың айтуынша, шетелдік өнім берушілер отандық тұтыну рыногына мониторинг және талдау жасау үшін «Электрондық коммерция орталығы» жасаған веб-порталды пайдаланған. «Өйткені порталда мемлекеттік сектордың барлық 20 мың тапсырыс беруші мемлекеттік ұйымдарының мемлекеттік сатып алуы бойынша барлық жоспарлары енгізілген. Бұл, әрине, нарықты зерттеу үшін ыңғайлы құрал болып табылады», — деді ол.

Ресей мен қазақстандық сарапшылардың пікірінше, электрондық мемлекеттік сатып алу жемқорлықпен тиімді күрес жүргізуге, бюджеттік қаражаттың үнемделуіне, сонымен қатар, салауатты бәсекелестік үшін тиімді жағдайлар туғызуға ықпал етуде.

Естеріңізге сала кетсек, 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық баға ұсыныстарын сұрату тәсілі арқылы мемлекеттік сатып алу тек қана электрондық түрде өтуде. Сонымен қатар, 2010 жылдың сәуір айынан бастап Қаржы министрлігіне қарасты ұйымдарға ілкі жоба ретінде электрондық конкурстар да өткізілуде.

2011 жылдың екінші жартыжылдығының аяғынан бастап электрондық конкурстар ҚР аумағында толыққанды жұмыс істей бастамақ. Сонымен қатар 2011 жылдың аяғында ілкі режимде электрондық аукциондар да іске қосылмақ.

Кедендік одақ шеңберінде Біртұтас экономикалық кеңістікке кіретін елдердің (Қазақстан, Ресей, Беларусь) мемлекеттік сатып алуының біраз бөлігі электрондық түрде өтеді деп жоспарлануда.

Шараға Қазақстан жағынан ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алу әдіснама департаментінің директоры Гүлжан Әмірина, «Электрондық коммерция орталығы» ЖШС-нің басқарма төрағасы Сұлтанжан Ахметов қатысты. Ал, Ресей елі тарапынан Монополияға қарсы федералдық қызметтің мемлекеттік сатып алуды бақылау бойынша басқарма басшысы Михаил Евраев, Федералдық Қазына бастығының орынбасары Сергей Старцев қатысты.

Бейнекөпірге қатысушылар он-лайн режимінде электрондық мемлекеттік сатып алу жүйесін енгізу бойынша өз тәжірибелерімен, сонымен қатар, Кедендік Одақ аясындағы алдағы бірлескен жұмыс жоспарларымен бөлісті.

Шара барысында мемлекет пен бизнес үшін электрондық сауданың экономикалық тиімділігі, Кедендік Одақ аясындағы сатып алудың ерекшеліктері мен ұқсастық жақтары, бақылаудағы мәселелер мен оны шешу жолдары сынды мәселелер талқыланды.

Соңғы жаңалықтар