Жыл басынан ішімдік салдарынан 3772 қылмыс жасалды. Бұл жайында ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев өзінің Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ағымдағы жылдың басынан бері алкогольге мас күйде 3772 қылмыс жасалды. Қылмыстардың басым бөлігін ұрлық (1430), бұзақылық (517), денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру (382), тонау (333), кісі өлтіру (167), зорлау (138), көлікті ұрлап кету (131) және билік өкіліне күш қолдану (101) құрайды», — деді ол. Сонымен қатар департамент басшысының атап өтуінше, көлікті мас күйінде басқарға 7977 жүргізуші ұсталған. Мас жүргізушінің кінәсінен 103 жол апаты тіркеліп, соның салдарынан 20 адам мерт болса, 158 адам түрлі деңгейде жарақаттанған. «Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жол-көлік апатының саны 2,8, кісі өлімі 4,8 пайызға төмендеп, жарақат алғандардың саны 4,6 пайызға артып отыр», — деді Садубаев. Оның дерегінше, алкогольге мас күйде жасалған қылмыстардың басым бөлігі Шығыс Қазақстан (622), Алматы (447) және Қостанай (431) облыстарында тіркелген. Ал ең аз қылмыс Маңғыстау (45), Атырау (46) және Қызылорда (88) облыстарында орын алған.