Жарияланды: 340

Жыл басынан тұтыну тауарлары мен қызметтеріне тариф 5,3 пайызға өсті

Жыл басынан бері тұтыну тауарлары мен қызметтеріне тариф 5,3 пайызға өсті.

Оның ішінде азық-түлік тауарлары 4,5 пайызға қымбаттады. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде еліміздегі азық-түлік өнімдерінің бағасын реттеу мәселелерін талқылау барысында Экономикалық даму және сауда вице-министрі Тимур Жақсылықов мәлім етті. «Ал бағасы күрт өсіп жатқан тауарларға келсек, 2012 жылдың қарашасындағы жағдай бойынша былтырғы жылмен салыстырғанда балық пен теңіз өнімдеріне баға - 6 пайызға, макарон өнімдеріне - 5,9 пайызға, нан-тоқаш өнімдеріне - 5,8 пайызға артты. Ет пен ет өнімдеріне баға орташа алғанда 10 пайызға артты. Шошқа еті - 13,3 пайызға, жылқы еті 12, 4 пайызға, қой еті 11,7 пайызға қымбаттаған», - деді Т. Жақсылықов. Дегенмен, вице-министрдің айтуынша, бірқатар тауарларға бағалардың төмендегені де байқалады. Атап айтқанда, жарма бағасы 29 пайызға, қант бағасы 6,6 пайызға, май - 2 пайызға арзандаған. «Яғни, барлық тауарлар қымбаттап барады деуге дәлел жоқ. Бізде ірі тұтыну тауарларына қатысты кейбір төмендеулер баршылық», - дейді вице-министр. Сонымен қатар, министрлік өкілі статистикалық мәліметтерге сүйене отырып, көкөніс өнімдерінің негізгі түрлері бойынша Қазақстанның отандық өндірісі ішкі нарықты жауып отырғанын, алайда, маусымдық аралықта импорттық өнімге сұраныс шарықтайтынын алға тартады. «Сондықтан да, баға шапшаң өсіп кетіп жатыр. Мәселен, біраз уақыттан бері жылдың алғашқы бес айында көкөністер мен жеміс-жидектерге баға күрт өсіп, бұл жалпы инфляцияға да жағымсыз әсер етіп отыр», - дейді Т. Жақсылықов.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін