Жыл қорытындылары Қазақстанның жаңғыртуға бекемдігін айғақтады - kaz.caravan.kz
  • $ 474.83
  • 515.38
+23 °C
Алматы
2024 Жыл
27 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жыл қорытындылары Қазақстанның жаңғыртуға бекемдігін айғақтады

Жыл қорытындылары Қазақстанның жаңғыртуға бекемдігін айғақтады

Мерекелер маусымы аяқталып, келіп жеткен Жаңа Жылмен жаңа еңбек жылы да басталды. Еліміздің Парламенті жаңа жылға қандай жетістіктермен қадам басты? Жалпы Қазақстан үшін өткен жылдың нәтижесі қандай болды? Заң шығару билігі, соның ішінде Парламенттің жоғарғы Палатасының алдында қандай жаңа міндеттер тұр? «ҚазАқпарат» ақпарат агенттігінің осы төңіректегі сауалдарына Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат МӘМИ жауап қайтарған болатын.

  • 9 Қаңтар 2013
  • 390
Фото - Caravan.kz

— Қайрат Әбдіразақұлы, өткен 2012 жыл еліміз үшін көптеген маңызды оқиғалармен есте қалды. Сіз сондай оқиғалардың ең бастысы деп қайсысын айтар едіңіз?

— Өткен жылдың маңызды оқиғаларын саралағанда, олардың баршасын жасампаздық пен даму біріктіріп тұрғанын ерекше атап өтер едім. Экономиканың өркендеуі мен жаңғыруы, саяси тұрақтылық пен демократияның дамуы, азаматтардың әл-ауқатының жақсаруы — осылардың барлығы тәуелсіз Қазақстанның басты үрдістеріне айналуы жыл қорытындыларынан айқын көрініс тапты. Қазақстан экономикасы он төрт жыл қатарынан үздіксіз өсіп келеді. Қазіргі таңда бәсекеге қабілеттілік жөніндегі жаһандық рейтингте біз 51-орынға көтерілдік.

Елбасы Қазақстанды ауқымды құрылыс алаңына айналдыра алды. Өткен жылы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының көптеген жобалары іске қосылды. Бұл біздің еліміздің жаһандық дағдарысқа жауабы әрі мемлекетіміз бен оның аймақтарының ұзақ мерзімді дамуының берік іргетасы болып отыр. Сонымен қатар, әлеуметтік жаңғыртудың жаңа жобалары қолға алынып, олар заңнамалық тұрғыда тиісті қолдау тапты.

Ал енді өткен жылдың маңызды саяси оқиғаларына келетін болсақ, дәл бір жыл бұрын болған Парламент Мәжілісінің сайлауын айрықша атар едім. Олардың нәтижелері бойынша көппартиялы Парламенттің қалыптасқаны біздің еліміздің демократияны нығайтудағы дәйектілігін көрсетті. Сонымен қатар, Қазақстан дінаралық және мәдениетаралық үнқатысуды ілгерілетуге өз үлесін одан әрі қосып келеді. Өткен жылғы мамыр айында Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезіне қатысушылар төртінші рет бас қосты. «Адамзат таңдауы — бейбітшілік және келісім» ұранымен өткен діни форумға әлемнің 40 елінен 85 делегация келді. 2013 жылы біздің Мемлекет басшымыздың бастамасы бойынша шақырылатын діни форумның 10 жылдығы атап өтіледі. Бұдан бөлек, қазақстандық спортшылардың Лондондағы Олимпиада ойындарында қол жеткізген тамаша жетістіктері, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу құқығын жеңіп алудағы Астананың жеңісі қазақстандықтарды одан әрі топтастырып, біздің еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы беделін көтере түсті.

— Өткен жылы ұлттық заңнаманы жетілдіру тұрғысында Парламент ауқымды жұмыстарды атқарғаны белгілі. Қабылданған заңдардың арасында аса маңыздыларына да тоқталып өтсеңіз?

— Парламенттің қос палатасының депутаттары Үкіметпен сындарлы жұмыс істей отырып, жалпы саны 94 заң қабылдады. Осылайша, қауіпсіздікті нығайту, экономиканы дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту, адам әлеуетін арттырудағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын құқықтық тұрғыда қолдау қамтамасыз етілді. Бюджет үдерістеріне қатысушылардың жауапкершілігін күшейту, қаржы нарықтарын реттеу, заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыру мен терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл, салық салу, инвестиция, тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы және басқа мәселелер жөніндегі заңнамаларды ерекше бөліп айту керек.

Өздеріңіз білетіндей, мемлекеттік қызметті, сыбайлас жемқорлықпен күресті жетілдіру жөніндегі заңнамаға елеулі өзгерістер енгізілді. Жыл аяғында, парламентшілердің бастамасы бойынша әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызмет көрсетуді оңтайландыру мен автоматтандыру мәселелері бойынша заңнамасы анағұрлым жетілдірілді. Осы жерде Парламент палаталарының тұрақты комитеттерінде жүзеге асып келе жатқан ауқымды жұмыстарды атап өту қажет. Расында, комитеттердегі қызу жұмыстар көп көріне бермейді, алайда заң шығармашылығындағы ең көп әрі ең қызу пікірсайыстар сонда өрістеп, уағдаластыққа да сол тұстан қол жетеді. Одан кейін ғана оның нәтижесі жалпы отырыстың қарауына енгізіледі. Тұтастай алғанда, демократияның жауапты әрі кәсіби өкілді органы ретінде Парламент өзінің мүмкіндіктерін тағы бір мәрте көрсетті.

— Төраға мырза, Мемлекет басшысының былтырғы жылдың желтоқсанында жариялаған «Қазақстан-2050» стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауын іске асыруда Парламенттің рөлі қандай?

— Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында біздің еліміздің алдына жаңа өршіл мақсат қойып отыр. Ол — әлемнің дамыған отыз мемлекетінің қатарына кіру. Бұл мемлекет өмірінің, қоғам мен экономиканың барлық тараптарын одан әрі жаңғыртудың ауқымды бағдарламасы болып табылады. Оны іс жүзіне асыру заң шығарудағы қарбалас жұмыстарды талап ететіні даусыз. Осыған байланысты сенаторлар елімізге қажетті заңдарды сапалы және уақытында қабылдауға, сондай-ақ, олардың орындалуын тиісті бақылауға алуға әзір екенін айтқым келеді.

2013 жыл — Президенттің жаңа Стратегиясын өмірге енгізудің алғашқы жылы. Палатаның биылғы жылға жалпы Жоспарымен қатар біз Жолдауды іске асыру жөніндегі Сенаттың арнайы Жоспарын қабылдадық. Осындай құжат Мәжілісте де қабылданғаны белгілі. Жоспарда Жолдауды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етудің, оның негізгі ережелерін түсіндіру мен насихаттау, сондай-ақ құжатта белгіленген сыртқы саяси міндеттерді іске асыру жөніндегі тараулар бар. Шаралардың қатарында — Парламент өкілеттігін күшейту жөніндегі ұсыныстар енгізу де көзделген. Дәстүр бойынша, жыл бойы ірі парламенттік шаралар — үкіметтік сағаттар, тұрақты комитеттердің көшпелі отырыстары, дөңгелек үстелдер, конференциялар болады. Сондай-ақ, депутаттардың орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшылығымен кездесулері де қарастырылып отыр.

Сенаттағы шараларда жергілікті өзін-өзі басқару, кәсіпкерлікті, индустирялық-инновациялық қызметті, ауылдық аумақтарды дамыту, сондай-ақ, салық салудағы әкімшіліктендіру, сот тәжірибесі, интеграциялық байланыстарды жетілдіру және басқа да мәселелер қаралатын болады. Осы және басқа көптеген мәселелерді талқылау үшін біз салалық министрліктер мен мекемелердің басшыларын, бизнестің, сарапшылар қоғамдастықтарының, ғылыми орта мен азаматтық қоғам өкілдерін тартуды жоспарладық.

Аймақтарға дәстүрлі сапарлар барысында өнеркәсіп және әлеуметтік нысандарда болғанда, сайлаушылармен кездесулерінде депутаттар Жолдаудың маңызды мәселелерін қазақстандықтарға егжей-тегжейлі жеткізетін болады. Мұндағы міндет Президент стратегиясын жай ғана насихаттау емес, арнаулы топтар арасында түсіндіру және пікірсайыс сипатында халықпен жан-жақты талқылау. Депутаттар еліміздің барлық аймақтарынан қазақстандықтардың заң шығару қызметіне сапалы үлесін қосатын ұсыныстар мен тілектерін Елордаға жеткізетін болады. Айтпақшы, депутаттардың жаңа жылдағы аймақтарға алғашқы сапары қаңтардың 10-ы мен 19-ы аралығында болады. Мен өзім Павлодар мен Алматыға баруды жоспарлап отырмын.

— Қайрат Әбдіразақұлы, Сіз ЕурАзЭҚ ПАА-ның төрағасысыз. Сіздің ойыңызша, бұл бірлестіктің ықпалдастық үдерістерін ілгерілетуде рөлі қандай?

— Мен Еуразиялық экономикалық қоғамдастығының Парламентаралық Ассамблеясы еуразия кеңістігіндегі ықпалдастық үдерістеріне құқықтық қолдау көрсетуді толық көлемде қамтамасыз ететінін бірнеше рет атап өткен болатынмын. Бұл Кеден Одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікке де тікелей қатысты. Осы құрылымның көпжылдық тәжірибесі интеграцияның парламенттік өлшеміне байланысты барлық мәселелерді тиімді шешіп отыруға толық мүмкіндік береді. ЕурАзЭҚ ПАА құрылғаннан бері көптеген маңызды үлгілік заңнамалық актілердің жобалары қабылданды. Бұл жобалардың ережелері интеграцияға қатысушы елдердің ұлттық заңнамаларын жақындастыруға қажетті алғышарттар қалыптастырды.

— Сіз атап өткендей, биыл Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съездерін шақыру туралы Қазақстан Президентінің бастамасына 10 жыл толады. Сіз Съезд Хатшылығының басшысы болып табыласыз. Бұл оқиға қалай аталып өтілмек?

— Өзіңіз біліп отырғандай, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің алғашқы Съезі 2003 жылы қыркүйек айында Қазақстан Президентінің бастамасы бойынша шақырылған болатын. Астана форумы діндер мен өркениеттер арасындағы жаһандық үнқатысуды ілгерілетудегі алғашқы қарлығаштардың бірі болды және әлемдегі өзара түсіністік пен сыйластық мәдениетін қалыптастыруға елеулі үлес қосты. Өткен жылғы мамыр айында төртінші форум кезінде Мемлекет басшысы атап өткендей, әлемнің «өркениеттер қақтығысына» душар болмауына Съездің үлесі аз болған жоқ.

Съездің 10 жылдығында осы форумды одан әрі дамыту жөніндегі бірқатар шаралар жоспарланып отыр. Атап айтқанда, біз Өркениеттер альянсі, Дінаралық үнқатысу жөніндегі Папа кеңесі (Ватикан), Король Абдалла атындағы өркениеттер үнқатысуының орталығы (Сауд Арабиясы) және басқа да халықаралық үнқатысу құрылымдары мен ұйымдармен өзара іс-қимылды ілгерілететін боламыз. Ал қыркүйек айында Астанада Съезд Хатшылығының мерейтойлық отырысы болады.

Одан басқа, өзіңіз білетіндей, Мемлекет басшысы төртінші Съезд кезінде осынау форумның 10 жылдығына орай Діни көшбасшылар кеңесінің арнайы үндеуін әзірлеп, қабылдауды ұсынған болатын. Онда үнқатысудың маңызды және көкейкесті екені, діни-рухани көшбасшылардың бітімгершілік рөлін арттыру жайында айтылуы тиіс. Сондықтан осы мәселе төңірегінде де жұмыс жасайтын боламыз.