ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ: Белесті жыл тарих қойнауына жылжып барады - kaz.caravan.kz
  • $ 486.65
  • 524.46
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қазан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ: Белесті жыл тарих қойнауына жылжып барады

ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ: Белесті жыл тарих қойнауына жылжып барады

Тағы бір жыл тарих қойнауына жылжып барады. Тәуелсіздіктің 21 жылында талай белесті бағындырып, халықаралық аренада беделін мығымдап үлгерген Қазақ елі үшін өтіп бара жатқан Ұлу жылы талай жетістіктермен қатар, өзекті өртеген өкінішті оқиғалармен де есінде қалатыны анық. Иә, еліміздің экономикасы қарқынды дамып келеді, әлеуметтік, мәдени, спорт салаларындағы жетістіктеріміз де жетерлік.

  • 28 Желтоқсан 2012
  • 714
Фото - Caravan.kz

Дегенмен, Арқанкергендегі қанды қырғын, Атырау мен Алматыдағы лаңкестік деректер, Іле Алатауы саябағында адамдарды өлтіру фактісі, Шымкент түбіндегі АН-72 әскери-көлік ұшағының апатқа ұшырап, 27 адамның қаза табуы Ұлу жылындағы еліміздің қасіретті күндері ретінде тарихқа таңбаланатындығы да рас. Десек те, алдағы Жылан жылы халық ұғымында жайлы болады деген түсінік бар. Сондықтан да келер жыл еліміз үшін жайлы, экономикамыз үшін қарқынды жыл болсын деген тілек бар.

«Халықтық ІРО» үлесінен құр қалмаңыз

Ағымдағы жылдың басты жаңалықтарының бірі «Халықтық ІРО» аясында еліміздегі ірі компаниялардың бірі «ҚазТрансОйл» акцияларының сатылымға шығарылуы болды. Қарапайым халықтың қалтасын қамтитып, келешекке деген сенімін нығайту мақсатында қолға алынған бұл шараның алғашқы қарлығашы болып саналатын аталған компания «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» қарасты 400 компанияның арасынан іріктеліп, екшеліп алынған болатын. Сондықтан болса керек, ә дегеннен-ақ халықтың зор қызығушылығын оятты. Бұлай деуімізге алғашқы күннен бастап 26 мыңнан астам жеке есеп шоттың тіркеліп, 184,4 миллион теңгенің өтініші түсуі нақты дәлел бола алады. Ал таяуда «ҚазТрансОйл» АҚ ҚР азаматтары мен ҚР заңнамасына сәйкес құрылған зейнетақы қорларына «Халықтық IPO» бағдарламасы аясында ұсынылған «ҚазТрансОйл» АҚ-ның 38 463 559 қарапайым акцияларын сатып алу туралы қанағаттандырылған өтініштер тізілімін «Қазақстан Қор биржасы» АҚ-ға тапсырды. Қабылданған өтініштер тізіліміне сәйкес жалпы сомасы 59 408 943 975 теңгені құрайтын барлығы 34 687 өтініш түсті, оның ішінде 34 676 өтініш ҚР азаматтарының, 10 өтініш ЖЗҚ-ның, 1 өтініш маркет-мейкердің атынан қабылданған. Міне осылайша халықтың зор қызығушылығын туындатып отырған акция сатып алу науқаны алдағы уақытта да жалғаспақ. Оны күні кеше Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөккев «ҚазТрансОйл» АҚ басшылығының қаржы нарығына қатысушыларымен және жеке инвесторлармен болған кездесуінде мәлім еткен еді. «Бағдарлама жалғаса береді. 2013 жылы біз ІРО-ға «KEGOC» АҚ, «Қазтеңізтрансфлот» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ және «ҚазТрансГаз» АҚ компанияларының акцияларын шығаратын боламыз. Бүгінде консультанттармен тиісті жұмыстарды атқарып жатырмыз. Қосымша ақпараттар әлі жарияланатын болады», — деді Ө. Шөкеев. Бұл ретте айта кетерлігі, келесі жылдың ақпан айынан бастап-ақ акцияларды Қазпоштаға келмей, ғаламтор арқылы сатып алуға болады.

«ЕХРО-2017»: Бүкіл әлем Астананы таңдады

«ЕХРО-2017» халықаралық көрмесін ел ордасы Астанада өткізуге өтінім бергеннен-ақ қолға алынған шаралар, тынбай жүргізілген жұмыстар өз жемісін берді. 22 қараша күні күні алаш жұрты асыға күткен сүйінші хабар Парижден жетті. Халықаралық көрмелер бюросы Бас Ассамблеясының 152-ші сессиясында әлемнің 161 мемлекеті жасырын дауыс беру арқылы EXPO-2017 көрмесін өткізетін мемлекетті анықтап, Астанаға үлкен үміт артты. Халықаралық көрмелер бюросының 103 қатысушы-мемлекеті Астананы қолдаса, тек 44-і ғана Қазақ елінің басты қарсыласы болған Бельгияның Льеж қаласына таңдау жасады. Осылайша 2017 жылы елорда төрінде өтетін ЕХРО-2017 Орталық Азия өңіріндегі ғана емес, ТМД аумағында өткізілетін алғашқы халықаралық көрме болмақ. Бұл барша Қазақстан халқының күш-жігерінің, Елбасы Н.Назарбаевтың сындарлы саясаты мен халықаралық аренадағы беделі екендігінде дау жоқ. Осы сүйінші хабардан кейін Қазақстан халқына үндеу жолдаған Мемлекет басшысы: «Біз үшін Халықаралық көрмелер бюросына мүше 160 мемлекеттің басым көпшілігі дауыс берді. Іс жүзінде Астананы бүкіл әлем таңдады! Сондықтан ЭКСПО-2017-ні өткізу — бұл, сонымен бір мезгілде, Қазақстанның бүкіл әлем алдындағы орасан зор жауапкершілігі. Біз небары бес жылда Көрме орталығын тұрғызып, жаңа қонақүйлер, жолдар салып, көлікті дамытып, қонақтарды қарсы алуға даярлықты қамтамасыз етіп, үлкен дайындық жұмыстарын жүргізуіміз керек. Бұл міндеттің ауқымы аса зор. 3 ай ішінде ЭКСПО-2017 көрмесін шамамен 5 миллиондай шетелдіктер келіп көретін болады. Бүкіл елдер өз павильондарын көрме тақырыбы — «Болашақтың энергиясына» сәйкес дайындайды. Өткеннің тәжірибесі көрсеткендей, мұндай көрмені өткізу олар өткен қалалар мен елдердің дамуына зор ықпалын тигізді. Бұл біздің еліміз үшін жаңа энергетикалық және «жасыл» технологиялар алуда аса зор мүмкіндік. Бұл ЭКСПО-2017-ні дайындау мен өткізу уақытында, сондай-ақ оның нысандарын одан әрі пайдалануда Қазақстанға келіп түсетін миллиардтаған доллар инвестициялар. Көрмені дайындау мен өткізудің барлық мәселелерін шешу үшін мен Мемлекеттік комиссия құрдым. Астанада жаңа Көрме кешенінің құрылысы үшін жер белгіленді. Бұл Қазақстандағы тағы бір «халықтық құрылыс» болмақ. Бес жыл тез өте шығады. ЭКСПО-2017-ні өткізу құқы жолындағы күрестегі Астананың табысы — ол бүкіл Қазақстан халқының табысы», — деді.

Ел экономикасы өсім көрсетуде

Ағымдағы жылдың 9 айында ішкі жалпы өнім 5,2 пайыз болса, ІЖӨ-нің 67-68 пайызын құрайтын ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және байланыс сияқты негізгі салалар бойынша шығарылатын қысқа мерзімді экономикалық индикатор 2012 жылғы қаңтар-қарашада 2011 жылғы қаңтар-қарашаға қарағанда 101,8 пайызды құрады. Сонымен қатар негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 4578,1 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 3,1 пайыз өсім көрсетті. Қаңтар-қарашада өнеркәсіп өндірісінің көлемі қолданыстағы бағаларда 15086,4 млрд. теңгеге жетті. Кен өндіру өнеркәсібінде және карьерлерді қазуда өндіріс көлемі өткен жылдың деңгейінде қалды. Өндіріс өңдеу өнеркәсібінде 0,6, электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптауда 3,3 пайыз артты. Сумен жабдықтауда, кәріз жүйесі, қалдықтарды жинау және бөлуді бақылауда өндіріс 6,1 пайыз төмендеді.10 айдың ішінде сыртқы сауда айналымы 113563,3 млн. АҚШ долларын құрап, 2011 жылғы қаңтар-қазанмен салыстырғанда 11,6 пайызға өсті, оның ішінде экспорт — 77381,8 млн. АҚШ долларын, импорт — 36181,5 млн. АҚШ долларын құрады. Жыл басынан бері еліміздің халықаралық резервтері, оның ішінде Ұлттық қордың шетелдік валютадағы актив қорын қоса алғанда 17,2 пайызға өсіп, 85,5 млрд. долларға дейін өсті. Мәселен, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Бисенғали Тәжіяқовтың айтуынша, тек тікелей инвестицияның жалпы түсімінің өзі 10,9 млрд. долларға жеткен. «Осыған байланысты еліміздің халықаралық резервтері де өсуде. Жыл басынан бастап еліміздің халықаралық резервтері, оның ішінде Ұлттық қордың шетелдік валютадағы актив қорын қоса алғанда 17,2 пайызға өсіп, 85,5 млрд. долларға дейін жетіп отыр. Соның ішінде Ұлттық банктің алтын-валюталық резерв қоры 30,1 млрд. долларды құрады, Ұлттық қор активі 55,4 млрд. долларға, яғни 26,8 пайызға артты», — деген еді Б. Тәжіяқов.

Еліміздің жоғары заң шығарушы орган жаңаша жасақталды

Осы жылы еліміздің жоғары заң шығарушы орган жаңаша жасақталды. Мәжіліс сайлауы тәуелсіздік тарихындағы бетбұрысты белес, уақыт үдесінен туындаған саяси маңызды қадам болды. Қазақстан демократиялық дамудың даңғылына шығып, жаңа кезеңде жаңа құрылған Парламентпен бірге қадам басты. 15 қаңтарда өткен кезектен тыс сайлау барысында «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы сайлаушылар дауысының 80,99 пайызын, Қазақстаннның «Ақ жол» демократиялық партиясы 7,447 пайызын және Қазақстанның Коммунистік халық партиясы 7,19 пайызын жинап, өз партияларының мүшелерін Парламент Мәжілісінде өкілдік етуге мүмкіндік алды. Өкінішке қарай, Мәжіліс сайлауына қатысқан өзге 4 партия 7 пайыздық межені бағындыра алмады. Атап айтқанда кезектен тыс сайлауда Қазақстанның Патриоттар партиясы сайлаушылар даусының 0,83 пайызын, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы 1,68 пайызын, Қазақстанның «Ауыл» социал-демократиялық партиясы 1,19 пайызын, «Әділет» демократиялық партиясы 0,66 пайызын жинады. Сонымен берілген дауыстардың нәтижелерін қорытындылай келгенде, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясына Парламент Мәжілісінен 83 мандат, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясына 8 мандат, Қазақстанның Коммунистік партиясына 7 мандат берілді.

Жаңа Үкімет жасақталды

Талайдан бері Үкімет әне ауысады, міне ауысады деген сәуегейлікке де осы жылы нүкте қойылды. 26 қыркүйек күні Кәрім Мәсімовтің өзін Премьер-Министрліктен босату туралы өтінішін қабыл алған Мемлекет басшысы оны ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы қызметіне тағайындады. Осылайша 2007 жылдан бері Тәуелсіз Қазақ елінің 7-ші Үкімет басшысы ретінде әлемді шарпыған қаржы дағдарысы өршіп тұрған кезеңде биілікті қолына алып, ел экономикасын шатқаятатпаған, сонымен қатар әлеуметтік салаға қажетті барлық бағдарламалардың қабылдануына күш-жігерін жұмсаған К.Мәсімов өз еркімен қызметтен кетті. Дәл сол күні Парламент палаталарының бірлескен отырысына қатысқан Елбасы Үкімет басшысы лауазымына бұған дейін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары қызметін атқарған Серік Ахметовтің кандидатурасын ұсынып, бұл ұсынысты депутаттар бірауыздан қолдады. Араға бірер күн салып жаңа жасақталған жаңа Министрлер кабинетінде айтарлықтай ауыс-түйіс орын алған жоқ. Бұл командаға Мемлекет басшысының сенімі мол болса керек. Өйткені, осы Үкімет мүшелері тұсында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қажетті барлық салалық бағдарламалар қабылданып, бүгінде ол құжаттар өз жемісін бере бастады. Олай болса, ендігі уақытта Үкімет Мемлекет басшысының атқарушы билік алдына жүктеген міндеттерін шешуге қабілетті екендігін дәлелдеуі тиіс. Бұл ретте айта кетерлігі, С.Ахметов қызметінде қалып, жылы орындарын суытпаған министрлерге тым еркінсімей өздеріне жүктелген міндеттерді тыңғылықты атқаруға баса аудару қажеттігін ескерткен болатын. «Үкімет мүшелерінің негізгі бөлігі өз орындарын сақтап қалды. Бірақ бұл тоқмейілсушілікке желеу болмайды. Керісінше біздің қызметіміздің белсенді болуына бағыт-бағдар. Біздерге Мемлекет басшысының барлық тапсырмаларын нақты әрі жедел орындау қажет», — деген еді Премьер-Министр Үкіметтің алғашқы отырысында. Әзірше жылы орнынан қозғалған ешкім жоқ. Демек, министрлер де артылған үміт үдесінен шығып, қызметтерін тыңғылықты ақарып жатқан сияқты.

Қазақстан спорттық державаға айналды

Ұлу жылы ел үмітін арқалаған спортшыларымыз да зор табысқа жетті. Үкілі үмітпен Лондон Олимпиадасын аттанған саңлақтарымыз қазақтың алақанына уыстап алтын салды. Алғашқы күндерден-ақ әлемнің алпауыт елдерінің апшысын қуырған спортшыларымыздың жетістігі бүкіл әлем жұртшылығын таң қалдырды. Алғашқы Олимпиада алтынын даңқты велошабандозымыз Владимир Винокуров жарыстардың алғашқы күнінде-ақ ел қоржынан тоғытса, оның жарқын жолын жеңіл атлет, үш қарғып секіруші Ольга Рыпакова, зілтеміршілеріміз Майя Манеза, Зүлфия Шиншанло, Светлана Подобедова, Илья Ильин, боксшымыз Серік Сәпиевтер жалғастырды. Боксшыларымыз Әділбек Ниязымбетов күміспен күптелсе, Иван Дычко мен Марина Вольнова Олимпиада қоласын қанағат тұтты. Палуандарымыз да жерге қаратқан жоқ. Еркін күрес шебері Ақжүрек Таңатаров, грек-рим күресі шебері Даниял Гаджиев, Гюзель Манюрова қола медаль еншіледі. Осылайша қорытындысында 7 алтын, 1 күміс және 5 қола медаль еншілеген Қазақстан бейресми командалық есепте (алтын бойынша) 12-орынды иеленді. Бұдан бұрынғы олимпиадада біз 29-орында болған едік. Яғни осы жолғы Олимпиада қазақстандық спорттың бүкіл тарихындағы ең табысты болды десек артық емес. Қорыта айтқанда Лондон олимпиадасындағы жеңіс мыңдаған жас жүректі жалындатты. Сол жалындар енді отқа айналсын деп тілейік.