Жыл сайын 3 мың қазақстандық жігіттердің шетелден келін әкелетіндері белгілі болды - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
0 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жыл сайын 3 мың қазақстандық жігіттердің шетелден келін әкелетіндері белгілі болды

Жыл сайын 3 мың қазақстандық жігіттердің шетелден келін әкелетіндері белгілі болды

Бұрындары қазақ қоғамы шетелдікке тұрмысқа шыққан қаракөздерге жабылып тас ататын.

  • 21 Қазан
  • 15
Фото - Caravan.kz

Ұлтына опасыздық жасады, жат жұрттың санын көбейтіп жатыр деп даурығатын. Тіпті депутаттардың бірі шетелдік азаматқа күйеуге шыққан қазақ қыздарына салық салуды талап еткені есте. Қазір «әлем адамы» деген түсініктің көкжиегі кеңіді ме, әлде әлеуметтік желілердің дамуы аралас некенің жаһандық құбылыс екеніне көптің көзін жеткізді ме, шетел азаматының етегін ұстаған қазақ қыздарын бұрынғыдай итжеккенге айдау азайған. Оның үстіне, ресми статистика елімізде жат жұртқа келін болған арулардан гөрі шетелдік жар таңдаған жігіттердің саны көп екенін көрсетіп отыр.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

ЖЫЛ САЙЫН 3 МЫҢ ЖІГІТ ШЕТЕЛДЕН КЕЛІН ӘКЕЛЕДІ

Ұлттық статистика бюросы ұсынған дерекке сүйенсек, соңғы жылдары Қазақстанда шетелдікке тұрмысқа шыққан қыздар саны да, шетелден әйел алған жігіттердің саны да өскен. Тек пандемия кезінде сәл азайғаны болмаса, шекаралар ашылған соң жыл санап арта түскен. Мәселен, 2020 жылы 1955 қазақстандық ару жат жұрттың келіні атанса, 2021 жылы – 2535, 2023 жылы 2740 қыз шетелдік жігіттің етегінен ұстаған. Жігіттердің арасында да шетелден келін әкелушілер көбейді: 2020 жылы 2700 қазақстандық азамат өзге елдің азаматына үйленсе, 2021 жылы – 2999, ал 2023 жылы 3079 отандасымыз жат жұрттан қыз алған.

Ұлттық статистика бюросынан алынған мәлімет

 «ҚАЙЫНАТАМ АЛЖИРДІҢ ТУАРЕГ ХАЛҚЫНАН ШЫҚҚАН»

Белгілі блогер, полиглот, Jetil шет тілдер мектебінің негізін қалаушы Мәди Фазлдың да таңдаған жары – шетел азаматы. Жуырда ол алжирлік қызбен отбасын құрды.

«Жеке өзім үшін отбасым – үлкен жоба. Олай дейтінім, жүріп өткен жолыма қарасам, қиыншылық аз болмады. Келіншегімнің туған-туыстарының пікірі, менің әулетімнің көзқарасы бар – бәрін салмақтап, үлкен бір жобаны сәтті атқардық. Жуырда ғана некеміз қиылды, отбасылы, үйлі-жайлы болдық», — дейді ол.

Мәдидің айтуынша, келіншегі арабтың қызы болғанымен, Қазақстанда туып-өскен.

«Ол шамамен 8-9 сыныпқа дейін осында тұрған. Одан кейін отбасымен Алжирге көшкен. Сол елде мектепті тәмамдап, жоғарғы оқу орнында оқыды. Былайша айтқанда, екі мәдениетті де көріп, екі елдің болмысын көрді. Негізі біздің елде қаланғандықтан, араб жігітке тұрмысқа шыға алмасын түсінген сияқты. Жүрек түкпірінде қазаққа жар болуды қалапты», – дейді кәсіпкер.

Сурет кейіпкердің әлеуметтік желідегі парақшасынан

10-ға тарта тілді меңгерген қазақ жігіті арабтың қызымен желіде танысқан.

«Бір жыл бойы онлайн сөйлестік. Барынша бір-бірімізді тануға тырыстық. Сөйлесе, білісе келе бір-бірімізді ұнаттық. Үш-төрт айдан кейін әкесіне хабарласып, мән-жайды түсіндірдім. «Қызыңызды жар қылғым келеді. Мұндай некеге қалай қарайсыз?» деп сұрадым. Арабтардың өзге елге қыз беруі қиындау. Бірақ ол кісі Қазақстанда тұрғанда медиаға жақын адам болған екен. Менің де медиа адамы екенімді біліп, әлеуметтік желідегі парақшаларымды қарап, оң көзқарасын білдірді. Сөйтіп мәселенің бәрін онлайн шештік. Бір жыл өткеннен кейін ата-анам, екі әпкем бар – бес адам болып Алжирге аттандық. Елдің астанасы – Алжирдің әуежайынан қайынжұртым бізді күтіп алып, бір апта бойы кең пейілдерін көрсетіп, бар жағдайымызды жасады. Алжирге барған күні болашақ жарым екеуміз бір-бірімізді алғаш рет көрдік, екінші күні сырға салынды», — деп Мәди отбасы құру оқиғасын баяндап берді.

Айтуынша, келіншегінің анасы қазақ болуы оның үйлену туралы шешіміне көп ықпал еткен.

«Келіншегімнің әкесі – таза араб, арғы тегі Алжирдің туарег деген халқынан шыққан. Ал анасы – өзіміздің қазақ. Мен үшін жарымның қазақ мәдениетін түсінуі, салт-дәстүрін аз да болса білуі маңызды болды. Сондықтан таза арабтан қыз алу маған қиын болар еді, өйткені менталитет мүлдем басқа, көзқарастар қиыспай қалады. Мәселен, арабтың әйелдері жұмыс істемейді, әдетте тіпті үй шаруасын да атқармайды. Ал менің келіншегім анасы қазақ болғандықтан біздегі жөн-жоралғыларды білді. Отбасы құрғанымызға көп болмаса да, ол үйде барынша қазақша сөйлеп, анама көмектесіп, үйдің тірлігіне кірісіп кетті. Мен арабтың қызымын, бізде ондай жоқ деп отырған жоқ. Анасы берген тәрбиенің арқасында қазақтың келіні болу оған қиындық тудырып жатқан жоқ», — дейді Мәди Фазыл.

Сөз соңында полиглотқа көптің көкейіндегі сұрақты қойдық.

«Неге қазақ қызын алмадың?» деген көп қойылатын сұраққа бір ғана жауабым бар: жүрекке әмір жүрмейді. Қазақта маған лайық қыз табылмады деген сөз емес, жай ғана тағдырыма осылай жазылған», — деп түйіндеді ол.