Бұл туралы ҚР Көлік және коммуникация министрлігі таратқан ақпаратта айтылған.
Ведомствоның хабарлауынша, биыл ауыр жүк көліктерін бақылаудан өткізу жүйесін жетілдіру шараларына баса көңіл бөлінді. Барлық стационарлық және мобильді бекеттер бейнебақылау жүйесіне қосылды. Нәтижесінде көліктік заңнаманы бұзушылықты анықтау көрсеткіші артты. Ағымдағы жылдың наурызы мен желтоқсаны аралығында өндіріліп алынған әкімшілік айыппұл мен алымдардың көлемі 1 млрд. 62 млн. теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көп.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларының аясында ағымдағы жылдың соңына дейін автокөлік құралдарын қозғалыс барысында өлшеудің автоматтандырылған жүйесін енгізу көзделуде. Бұл жүйе сондай-ақ, ауыр жүк көліктерін өлшеуге жұмсалатын уақытты қысқартумен қатар, көліктердің салмақ габаритінің сәйкестігін тексеру барысында адами фактордың орын алуына жол бермейді», — делінген хабарламада.
Мұндай алғашқы құрылғыларды «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің Жамбыл облысына қарасты Мерке ауылы маңындағы, Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған ауылы маңындағы және Ақмола облысының «Астана — Киевка — Теміртау» автожолының Қосшы ауылы маңындағы учаскелерге орнату көзделуде.