Негізі сәуірдің ортасынан бастап жұрт Каспийге шомыла бастайды. Бірақ 2 апта болды теңіз жағасында жүргендер аз. Көпшілігі қорқады. Себебі жылан қаптаған. Білетіндер бауырымен жорғалаушылар теңізді тастап, жағаға ұмтылып жатыр дейді. Бұл не, теңіздің астында бірдеңе болды ма? Қыстың кезінде Жайықта балық қырылып қалып еді ғой? Мынау сондай бір катаклизм бе?
Бұл туралы stan.kz Еуразия бірінші арнасынв сілтеме жасап хабарлайды.
Теңіз жағасы. Жайма-шуақ, жайбарақат демалыс. Сәуір айы туа салысымен ақтаулықтар жағалауда жүруші еді. Тек биыл емес.
Себебі осы жылы жағалауды жыландар басып алды. Шүпірлеген көп өздері. Қайдан келді? Неге көбейіп кетті?
Бір білетініміз, осыншама көп жылан теңізден жағалауға шығып жатыр. Осы кезде, ескі бір естелік түседі екен еске. Жыландар көшеді дегенді сізде естідіңіз ғой? Ақтаудағы құбылыс жылан көшуі ме, мифолог Жанат Әскербекқызынан сұрайық.
"Иә, жыландардың көшуі туралы естігем. Мен 16 жасымда, Алматы жақта үлкен жылан ордасы басқа жаққа көшкені бар. Әжем айтып еді, жыландар бет-алды көшпейді. Бір ыңғайсыз, жайсыз нәрсе орын алатын болса, соны алдын ала сезіп, көшіп кетеді деген", — деді аңызтанушы, ғалым Жанат Әскербекқызы.
Теңіздегі жыланның жағаға жаппай ұмтылуының бір себебі бар шығар деген қорқынышпен, эколог, гидролог, геолог қысқасы бүкіл маманмен хабарластық. Баршасы болуы мүмкін катаклизмді аппаратымыздың тілін тапқан жоқ дейді. Сендік. Бәлкім бұл оқиғаның биологиялық себебі бар шығар? Солай болып шықты.
Сәуір айында, сужыландар шағылысады екен. Ері ұрғашыны іздеп, содан жағалау жыланға толып кеткен. Ал, жұрттың көзіне биыл тым көп түсуі теңіздің жағасы бұрын жартас еді, қазір жүргін жол, аллеяға айналдырып тастады ғой. Жыландар біздің төлтуар аймақты адамдар аллея етіп жіберіпті деп, келмей қоймайды. Мың жыл бойғы әдетімен келіп жатыр. Бар себеп осы.
Айтпақшы, бұл су жыландар. Ол шаға алмайды. Оның қорегі сол балық шабағы, бақа. Ол айбат шегіп, шабуылдамақ түгілі өзін қорғай алмайтын әлсіз мақұлық. Көргенде шошудың қажеті жоқ. Бірақ бәрібір қорқасыз. Себебі, бұл түпсанадағы үрей ғой.
Адам өзі жыланды, өрмекшіні көрсе, өз-өзінен денесі жиырылып, қорқады. Бұл бейсаналы үрей деп аталады. Жә, әңгіме жылан туралы еді ғой. Қандай жылан улы, қайсысы қауіпсіз? Ажыратудың бірнеше жолы бар: Егер жыланның көз қарашығы дөңгелек болса, ол усыз. Егер қарашығы бір сызық болса, зымыраңыз. Уы сеспей қатырады. Сосын, басына назар аударыңыз, егер үшбұрыш болып бітсе — улы. Егер басы мен мойны байқалмай, шылаушын секілді болса, зауалсыз.
Қысқасы, жыланның қай түрі болсын, мейлі жыланға ұқсас зат болсын, жоламаңыз. Сақтансаң, сақтаймын деді емес пе? Жыландар туралы бүгінгі әңгіменің төркіні осы.