Жылдамдықты жақсы көретін қарағандылық шенеуніктерге тықыр таянды
|
Жылдамдықты жақсы көретін қарағандылық шенеуніктерге тықыр таянды. Қалада көлігіне мемлекеттік нөмірлерді тағып алып, жол бойында жүгенсіздік танытатын атқамінерлерге қарсы ауқымды күрес басталды. Шенді-шекпенділерге заң атаулының жалпыға ортақ екенін түсіндіруге жергілікті «Нұр Отан» партиясының белсенділері білек сыбана кірісіп кетті. Кешеден бері жол полициясымен бірге рейдке шығып, ереже бұзған мемлекеттік нөмірі бар көліктердің қожайындарын жазаға тартып жатыр. Бірқатар шенеуніктерге айыппұл салынды.
Рейд кезінде қармаққа ілініп жатқан «шортандар» емес, көбіне «шабақтар». Мәселен, бет-жүзі тұмшаланған бұл адам шенеунік емес. Бар болғаны Облыстық көліктік бақылау басқармасындағы атқамінерлерді таситын жүргізуші ғана. Қызметтік көлікті тізгіндеген ол айтарлықтай ереже бұзған жоқ. Бар айыбы құжаттарының дұрыс еместігінде.
Сонымен қатар жол ережесін бұзғандардың қатарында облыс прокурорының көмекшісі, Қорғаныс министрлігі бақылау басқармасының бөлім бастығы мен жергілікті мәслихаттың бір қызметкері де бар. Бір қызығы,шенеуніктердің кескін-келбеті неге екені белгісіз жедел түсірілімнен «қиылып» тасталған. Ал тәртіп бұзушылардың кейбірі тоқтатқан кезде сес көрсетіпті.
Ерлан Сардаров, «Нұр-Отан» ХДП қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгеруішісі:
- Қалалық мәслихаттың қызметкері тоқтатқан кезінде лауазымдық куәлігін көрсетіп, жауапкершілігіктен қашып кетпек болды. Бірақ, жауапкершілікке тартылды.
Екі күнге созылған рейд барысында мемлекеттік нөмірі бар 20 қызметтік көлік тоқтатылыпты. Нәтижесінде қауіпсіздік белбеуін тақпағаны мен көлік жүргізуге қажетті құжаттары болмай шыққаны үшін 4 шенеуніктің әрқайсысына алты мың теңгеден ғана айыппұл салынды. Жол полицейлері мен «Нұр Отанның» белсенділері тәртіп бұзғандарды шені мен шекпеніне қарамай, бұдан әрі де жазалай беретінен айтып отыр.
Акцияның ұйымдастырылуына күллі елге аты шығып, қарағандылық атқамінерлерді жерге қаратқан Облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Амангелді Түсіпбековтың әрекеті түрткі болған сыңайлы. Өйткені полковник төрт жыл бойы мемлекеттік нөмірлерді тағып алып, жол ережесіне бағынбай жүргені бәріне мәлім болған. Кейінол қызметінен босатылды. Ал оған салынған 130 млн теңге айыппұлды кімнің өтейтіні әзірше белгісіз. Түсіпбековтің өзі жүрек талмасы ұстап, әлі ауруханада жатыр. Дәрігерлер ол жөнінде сұхбат беруге ықыласты емес.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін