Қаңтарда тұтыну бағаларының жылдық өсім қарқыны 8,9%-ды құрады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
ҚР СЖРА ҰСБ деректеріне сүйенсек, бұл желтоқсандағы көрсеткіштен 0,3 пайыз жоғары. Айта кетейік, желтоқсанда да инфляция қарашамен салыстырғанда өскен болатын. Қазіргі 0,3 пайызға жеделдеуі 2023 жылдың ақпанынан бергі ең айқын өсім болып тұр.
Бұл ретте бағаның жылдық өсу қарқыны барлық үш топ бойынша артқан: азық-түлік тауарлары, азық-түлік емес тауарлар және ақылы қызметтер.
Азық-түлік жылдан жылға 5,8%-ға қымбаттады – бұл 2024 жылдың сәуірінен бергі ең жоғары көрсеткіш. Әсіресе, картоп (+59,3%) пен пияздың (+25,1%) бағасы қатты өсуде.
Азық-түлік емес тауарлары 8,4%-ға қымбаттады (2024 жылдың ақпанынан бергі ең жоғары қарқын). Едәуір қымбаттаған тауарлар қатарында аудиовизуалды жабдықтар (+41,5%), зергерлік бұйымдар (+24,9%) және Қазақстанда құрастырылған жаңа жеңіл автокөліктер (+22,9%) бар.
Ақылы қызметтер 13,8%-ға қымбаттауда. ТКШ тарифтерінің тұрақты өсуімен қатар кешенді демалыс ұйымдастыру қызметтерінің бағасы да (+26%) айтарлықтай өскен.
