Жылыту маусымына бір ай қалса да, бақандай алты өңірдің атқамінерлері қажетті көмір қорын дайындап үлгере алмай жатыр, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы КТК арнасының жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
«Жергілікті әкімдіктер жұмысын дереу жандандыру керек» деген премьер-министр Олжас Бектенов Абай, Қызылорда, Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан облысы мен Астана қаласында дайындықты жеделдету керектігін айтты.
Қылышын сүйреп қыс демде-ақ келеді. Сондай-ақ әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің де дайындығы Үкімет отырысында бір пысықталды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың сөзінше, бүгінде бұл нысандарда дайындық 90 пайыз шамасында.
«Облыс әкімдеріне осындай осал тұстарға назар аудару туралы бірнеше рет айтылды. Тіпті жөндеу науқаны кезінде тәуекел тудыруы мүмкін нақты жағдайларды атап көрсетіп, шұғыл шаралар қабылдау қажеттігі туралы тапсырмалар да берілді. Алайда үш ай өтті, баяғы жартас сол жартас, өзгеріс шамалы», — деді Олжас Бектенов, ҚР премьер-министрі.