Жарияланды: 960

Жыныстық қатынасқа ерте түсетін жасөспірімдер кейін ұрпақсыз қалуы бек мүмкін

Жастардың ерте және кездейсоқ жыныстық қатынасқа түсуі - ұрпақсыздыққа әкеледі.

Бұл туралы бүгін Астанада «Жасөспірімдер мен жастардың репродуктивтік денсаулығын қорғау саласындағы мемлекет пен қоғамның қызметін жетілдіру» атты республикалық конференцияда Адам ұрпағын өрбіту институтының директоры, биология ғылымдарының докторы Салтанат Байқошқарова мәлім етті. Сонымен қатар ол осыдан он жыл бұрын ең ерте жыныстық қатынасқа түскен баланың жасы 16-да болса, қазіргі кезде 12 жас болып тіркелгендігін хабарлады. "Бедеулік мәселесімен емделуге келетін әйелдердің 70 пайызы түсік жасатқан әйелдер. 90 пайызға жуығы жыныстық аурулармен ауырған. Осыдан-ақ мәселенің қаншалықты ушыққандығын бағамдай беріңіздер. Егер жасөспірім 12-13 жастан бастап жыныстық қатынасқа түсе бастаса, ол психикалық ауытқуға ұшырайды, вирустарды жұқтырып, дәрі-дәрмек қабылдайды, қыз балалар жүктілікке қарсы неше түрлі гармондық дәрілерді қабылдайды, тіпті жасанды түсік жасатады. Одан ұрпақ болады деп күту екіталай. Бұл өз кезегінде мемлекет әлеуетіне нұқсан келтіреді", - деп атап көрсетті ғалым. Бүгінгі республикалық конференция қазіргі кезде Қазақстанда жасөспірімдердің репродуктивтік денсаулығы қандай деңгейде, ұрпақтың саулығы қаншалықты қорғалып жатыр деген мәселелерді көтеріп отыр. Бұл шараның негізгі мақсаты аталған проблемаға мемлекеттің назарын аудару. "Осы тұрғыда мемлекеттік деңгейде бұның шешімін қалай табуға болады деген тақырыптар саралануы тиіс. Мектеп жасынан бастап жасөспірімдер арасында белең алып келе жатқан жағымсыз қылықтар болашақта қандай қиындықтарға алып баратынын түсіндіру қажет. Анайы түрде емес, кәнігі ғылыми түрде, адами тұрғыдан балалардың көзін ашу. Ата-аналардың көп бөлігі жұмыста болғандықтан, балалардың тәрбиесіне уақыттары жете бермейді. "Балаларды тәрбиелейтін - теледидар, ақпарат құралдары, сыртқы орта. Сондықтан ата-аналар болып, мектеп, мемлекет болып, барлық жағынан күресу керек", - деп түйіндеді сөзін С.Байқошқарова. Аталмыш шараны ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, БҰҰ Қазақстандағы халықтың қоныстануы саласындағы Қоры (ЮНФПА) және «Азаматтық бастамалар орталығы» ҮЕҰ-мен бiрлесіп ұйымдастырды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін