Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Боксшының айтуынша, ол алдағы уақытта резервтік құрама дайындаумен айналыспақ.
“Ассалаумағалайкум, ағайын! Менің шетелден елге қайтқанымды естіп жатырсыздар ғой сірә. Президентіміздің тапсырмасымен, Спорт және Туризм министрінің шақыруымен елге қайттым. Маған министрдің берген тапсырмасы — Ұлттық құрама жанынан Резервтік құрама құру.
Бұйырса 12-19 ақпан аралығында 18-22 жас аралығындағы боксшылар арасынан резервті құрамаға іріктеу чемпионаты өтеді. Сол құрамада жүлделі орынды меншілеген жас боксшылар менің қол астымда жаттығуды бастайды.
Жалпы, бұл құраманы құру мақсатымызды түсіндіре кетсем. Мақсат — бірінің жалынан бірі тістеп тұрған, Ұлттық құрамдағы барлық салмаққа бәсекелес/резрв дайындау. Қазіргі Ұлттық құрама өзінің жағдайын Олимпиадада, Азия Чемпионатында көрсетті. Спортшылардың бұлай әлсіреуі бәсекелестіктің жоқтығы. Өз салмағында теке тіресіп тұрған мықты бәсекелесі болмаса, спортшы өспейді, босаңсып кетеді”, — дейді ол.
Бақыт Сәрсекбаевтің сөзіне сенсек, қазіргі спорт базаларында барлық жағдай жасалған.
“Мен ең мықты Ұлттық құрамада болдым, ол кезде Бақтияр Артаев, Серік Сапиев, Гена Головкин, Серік Елеуов, Канат Абуталипов, Мейіржан Рахимжанов, Галиб Джафаров сияқты кіл мықтылар болды. Бір салмақта 5-6 мықтыдан болдық. Ұлттық Құрама әкеңнің төрі емес екенін білеміз, еркелігің ешкімге керек емес, қалт етсең сенің орныңды басатын резрв толып жүр, тек жаныңды салып, тер төксең ғана дегеніңе жете аласың. Жыртылған аяқ киімді өзіміз тігіп алып, кірімізді өзіміз жудық. Жыртық матраста, бір бөлмеде 3-4 баладан жатып, Бүргөліктің тау мен тасын кезіп жаттыққан сол құрама елімізге бірнеше Олимпиада/Әлем жеңімпаздарын берді.
Қазір мен бірнеше спорт базаларын аралап көрдім, керемет жағдайлар жасалған. Тіпті біз армандамаған нәрселер бар. Тек дайындал да, результат көрсет. Қуантарлығы — талантты жастар баршылық, қынжылтарлығы — бүгінгі бокстың стилі түбегейлі өзгеріп кеткен. Осы соңгы 10-15 жылда баяғы қазақ стилі 100% өзгеріске ұшыраған”, — дейді ол.
Бапкерлік қызметке кіріскен Сәрсекбаев болашақ шәкірттеріне қандай талап қоятынын да жасырмады.
“Менің жаттығуларым жеңіл болмайтынын боксшылар біледі, сол үшін де маған жүрегінде түгі бар, көзінде оты бар, амбициясы биік, жаттығудан шаршамайтын балалар ғана келеді. Олимпиада чемпионы болам дегендер келеді. Ал мен болсам оларға баяғы қазақ стилімен, өз техникаммен бөлісіп, Олимп шыңына жеткізуге барымды салам”, — дейді ол.
Еске сала кетейік, Бақыт Әбдірахманұлы Сәрсекбаев бокстан халықаралық спорт шебері, жартылай орташа салмақ пен бірінші жартылай орташа салмақта әуесқой бокстан 2006 жылғы Азия ойындары мен 2008 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы.
Ол бұған дейін Вьетнамда бокстан Ханой қаласы құрама командасының кеңесші-бапкері қызметін атқарып жүргенін айтқан еді.