Астана күні қарсаңында өңірлерде аса маңызды жобалардың іске қосылуы Елордаға жасалған тарту болмақ - kaz.caravan.kz
  • $ 442.05
  • 474.14
+13 °C
Алматы
2024 Жыл
2 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Астана күні қарсаңында өңірлерде аса маңызды жобалардың іске қосылуы Елордаға жасалған тарту болмақ

Астана күні қарсаңында өңірлерде аса маңызды жобалардың іске қосылуы Елордаға жасалған тарту болмақ

Астана мерекесі қарсаңында «Қуатты Қазақстанды бірге көркейтеміз» атты индустриялық-инновациялық форум өтті. Екі күнге ұласатын форумның алғашқы күні Елбасы Н. Назарбаевтың қатысуымен «Қазақстандық қамту-2011» көрмесі ашылды.

  • 5 Шiлде 2011
  • 538
Фото - Caravan.kz

«Жергілікті үлесті дамыту жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ‑ның ұйымдастыруымен өткен шараға 150-ге жуық кәсіпорын қатысып, онда индустриялық даму бағдарламасының ағымдағы жылғы негізгі нысандары сараланды. Ресми мәлімет бойынша, индустрияландыру картасының 2011-ші жылғы бірінші жартыжылдығында жалпы құны 114 млрд.теңгеге 75 инвестияциялық жобаның тұсауы кесіледі. Аталмыш кәсіпорындардың барысында 9 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтитын болады. Көрмені аралап көрген соң, Мемлекет басшысы «Қайратты көшбасшы — қуатты бизнес» атты форумға қатысып, онда республиканың сегіз өңірі тікелей телекөпірге қосылды. Осылайша, «онлайн» режимінде Елбасы ұлттық экономика үшін аса маңызды 6 жобаның тұсауын кесіп, олардың ел экономикасына қызмет ету қадамына сәттілік тіледі.

Атап айтқанда, Елбасы телекөпір арқылы іске қосқан жобаның алғашқысы ‑ Алматы облысындағы «СОНиК Компаниясы» ЖШС профилді құбыр шығаратын зауыты. Жалпы құны 760 млн. теңгені құрайтын жобаның қуаттылық өнімі жылына 32 000 тоннан құрайды. Ал ондағы жұмыс орындарының саны құрылыс кезеңінде — 70, пайдалану кезеңінде — 150 адамға жетпек. Нысанның негізгі бағыты тік бұрышты және шаршы қимасымен профильді құбырларды өндіруді қамтиды. Үлкен, орташа және кіші қимасымен шаршы қалың қабырғалы құбырлар өндіру ассортиментін ұлғайту және жаңа өнімді Қазақстан өңірлеріне және экспортқа шығару көзделеді. Мамандардың айтуынша, өнім қазақстандық нарықта жоғары сұранысқа ие, өйткені тұрмыстық және өндірісте пайдалану үшін аса қажетті. Сонымен қатар, нысанды іске қосу Қазақстан халқын да, таяу шетел елдерін де халықаралық стандарттарға сай, жоғары сапалы құбыр өнімдерімен қамтамасыз етеді.

Екінші нысан ‑ Павлодар облысындағы «Қазақстан вагон жасау компаниясы» ЖШС жүк вагондары өндірісі. Құны ‑ 7 650 млн. теңге. Жобаны жүзеге асыру зауыттың қуаттылығын жылына 500 вагоннан 2500 вагонға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Нысан көлік машиналарын жасауды дамытуға бағытталады әрі зауыттың өндірістік қуаты теміржол саласын вагондармен қамтамасыз етеді. Бұнымен қоса, алдағы уақытта өндірісті әртараптандыру арқылы машина жасау, металлургия, химия саласының басқа да қосалқы өндірістерді дамыту қамтылады. Жоба толық көлемде іске қосылғанда, қазақстандық қамту 92 пайызды құрайтын болады.

Елбасы іске қосқан үшінші нысан ‑ Жамбыл облысындағы Ақбақай алтын өндіру фабрикасы. Жалпы құны 8 млрд. 140 млн. теңгені құрайтын нысанның өнімдік қуаттылығын жылына 1,000,000 тонна шикізатқа дейін жеткізу көзделеді. Бұл ретте «Алтыналмас» АҚ-ы алтын шығару үшін озық техника мен шетелдің заманауи жетістіктерін барынша пайдаланылып, құрамында алтыны бар руданы өңдеу бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асырады. 450 жаңа жұмыс орнын ашу да қарастырылып отыр. Жобаға қатысты айта кетерлік тағы бір жайт, кәсіпорынды жұмысқа қосу Ақбақай кентін сумен қамту проблемасын шешіп береді. Сондай-ақ, өнеркәсіп энергия жүйесін қалпына келтіруге және модернизациялауға мүмкіндік береді. Кәсіпорында кент тұрғындары да пайдалана алатын күшейтілген медициналық қызмет құрылады. Осыған қоса, жобалы қуатын бағындырған кезде ағымдағы бағалар мен алтынға деген сұранысты пайдаланып, кәсіпорын ел бюджетіне 3,0 млрд. теңгеге дейін салық төлей алатыны болжанып отыр. Шикізатты өндіру қуаттылығы жылына 1,0 млн.тоннаға немесе 14,0 млрд.теңгеге дейін өсетіні де межеленеді.

Төртінші нысан ‑ Маңғыстау облысындағы «Қазақстан Каспиан Оффшор Индастриз» ЖШС теңіз металл конструкциялары өндірісі. Машина жасау саласына бағытталған жобаның жалпы құны 11 млрд. 550 млн. теңгені құрайды. Нысан құрылысы кезеңінде ашылатын жұмыс орындар саны 500‑ге жетсе, пайдалану кезеңінде олардың саны екі есеге артып мыңға тартады. Ал өндірістің шығаратын өнім ассортименті итальяндық «Розетти Марино» компаниясына сәйкес болып табылады. Бұның Қазақстан өндірісінде баламасы жоқ. Кешеннің 1-ші кезеңінде өнім бойынша жылына металл конструкцияларды өндіру 10 мың тоннаға жетеді дп жоспарланған. Сатып алуларда қазақстандық қамтылым үлесі 50 пайызды құрайды.

Елбасы тұсауын кескен бесінші жоба ‑ Қарағанды облысындағы «Green Technology» ЖШС жылыжай кешені. Қуаттылығы — жылына 1700 тонна өнімді құрайтын нысанның тұлабойы әлемдік озық технологиядан тұрады. Ендеше өнімнің өзіндік құны да төмендейтін болады. Бұл ретте қарағандылық жылыжай шеберлері экологиялық таза өнімнің алғашқы тобын Астанаға жолдау туралы ұсыныс айтқан болатын. Елбасы бұған да сәттілік тілеп, қарағандылықтарға құтты болсын айтты.

Алтыншы нысан ‑ Қостанай облысындағы «АгромашХолдинг» АҚ-ның «SsangYong» маркалы автокөліктерін жинау өндірісі. Жалпы құны 2 400 млн. теңгені құрайтын бұл нысандағы ағымдағы жылдың өзінде‑ақ мыңнан аса автомобиль шығарылса, 2015 жылға қарай темір тұлпарлар саны 7500 бірлікке жетеді. Бұдан бөлек, жобаның алдағы мақсаты — бөлшектер мен құраушылар өндірісін меңгеру арқылы оқшаулау деңгейін өсіріп, ірі құрастыру өндірісін ұйымдастыру. Сол арқылы жоғары қосылған құны бар машина жасауға арналған өнім шығарып, жаңа заманауи кәсіпорын құру көзделеді. Автокөлік өнімі 100 пайыз ішкі нарыққа бағытталады. Нысан аясындағы бірқатар тың технологияларды енгізу келешегіне байланысты «АгромашХолдинг» АҚ елімізде мұндай жұмыстар орындалмауына байланысты, Кореяның автомобиль өндірушілерінен технологияларды трансферттеуді мақсат етіп отыр. Кореядағы жаңа өндірістердің инженерлік-технологиялық әзірлеу қызметтерінде маманданып жатқан Societech Corporation Корея компаниясымен өндірісті әзірлеу бойынша жұмыстың толық кешенін «АгромашХолдинг» АҚ-мен бірлесіп жүргізу туралы келісім жасалған.

Сонымен қатар, Елбасы телекөпір арқылы «халықтық құрылыс» атанған екі маңызды жобаның құрылыс алаңдарына тікелей байланысқа шығып, нысандардың жұмыс қарқынымен танысты. Алдымен Алматы облысында құрылысы жүріп жатқан «Жетіген-Қорғас» теміржолының жұмыс барысымен танысса, артынан Павлодар облысындағы «Екібастұз 2-ші МАЭС-ін кеңейту және қайта жабдықтау» жобасының да тұсауы кесті.

Тоқтала кететін жайт, өткен жылы — Елбасының индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының бірінші кезеңінде — 152 инвестициялық жоба іске қосылған болатын. Бұл жобалар қазірдің өзінде ұлттық экономиканың бәсекелестігін арттырып, әртараптандыру үрдісін үдете түсті. Әйтсе де, индустрияландыру тек жоба ғана емес. Бұны — Қазақ елінінің жағымды инвестициялық әм бизнес ахуалын қолайлы қалыптастыруға бағытталған қаржы-несиелік, фискалдық, тарифтік экономикалық саясат деп топтастырса да болады. Осындай саясаттың арқасында ел экономикасының өсімін еселеуге серпін беретін 6 нысан іске қосылып отыр.

«Бүгін біз Қазақстанның индустриялық саясатының стратегиялық маңызы бар алғашқы кезеңін қорытындылап отырмыз. Жиынға Үкімет мүшелерін, Парламент депутаттарын, отандық және шетелдік кәсіпкерлерді әдейілеп кеңінен қатыстырып отырмыз. Себебі, атқарып жатқан жұмысымыздың тарихи маңызы зор. Біз бәсекеге қабілетті 50 елдің арасына кіреміз дедік. Міне, бүгін тағы да бір қадам соған жақындап отырмыз. Екіншіден, бүгінгі көрмеге Қазақстанда атқарылып отырған шаралардың барлығы қойылып отыр. Оған 139 отандық тауар өндірушілер қатысуда. Сондықтан жылдан жылға «Қазақстанда жасалған» деген тауарлар шығаруды арттыру баршамыздың міндетіміз», — деді Елбасы. Бұдан соң, Президент ағымдағы жартыжылдықтың өзінде елімізде 75 нысан іске қосылатынын айтты. «114 млрд. теңге инвестиция игеріледі. 10 мыңға тарта адам жұмыспен қамтылады. 10 мың жаңа жұмыс орны дегеннің өзі зор жетістік. Өйткені, әрбір жұмысбасты адамның артында отбасындағы 2-3 адам тұр. Сонда 40 мыңнан астам адам біздің жобаларымыздың игілігін көреді деген сөз. Бұл «Астананың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» деген біздің ұстанымымыздың дұрыстығын дәлелдейді әрі өңірлердің бас қала күніне орай жасаған үлкен сыйы деп білемін. Биыл ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтеміз. Соған байланысты осындай жұмыстар жасалуда. Сондықтан да, облыстардың алдағы уақытта берер жемісі көп деп санаймын», — деді Елбасы.

Соңғы жаңалықтар