70 аяқ басқанда Бишімбаевты бостандыққа жіберуге болады - журналист - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
+3 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
70 аяқ басқанда Бишімбаевты бостандыққа жіберуге болады - журналист

70 аяқ басқанда Бишімбаевты бостандыққа жіберуге болады - журналист

Бишімбаев ауыр жазаға лайық!

  • 10 Мамыр
  • 19
Фото - Caravan.kz

Осылай деген Нұрлан Жұмаханның пікірін Caravan.kz медиа порталы жазды.

«Бірінше айдан бері халық демін ішіне тартып Қуандық Бишімбаевтың тікелей эфирде өткен сотын бақылаумен болды. Қазір сот процессі аяқталып, судьялардың Бишімбаевқа қандай жаза тағайындалуына күтуде.

Сөз жоқ, бұл – Қазақстанда ашық өткен сот процессі ретінде тарихта қалары анық. О баста Бишімбаев пен оның қорғаушылары сот процессіне алқа билердің қатысуымен ашық өтуін талап етті. Олардың ондағы ойы гуманизммен өрнектелген қазақ заңдарына арқа сүйеп, ерке бала Қуандықтың жазасын жеңілдетуді көздегіні анық.

Бірақ қоғам ішімдіктің уытына мас болып, азаматтық некедегі жары Салтанат Нүкенованы аяусыз ұрып-соғып, мерт қылған Бишімбаевқа қарсы қолданылатын жазаның ауыр болуына талап етуде. Қарапайым халықтың экс-шендіні мұндай ауыр жазаға лайық санауының өзіндік логикасы да жоқ емес.

Өйткені, ол осыған дейін жемқорлық оқиғасы бойынша қамауға алынып, арада бірер жыл өткеннен кейін, экс-президент Назарбаев қызметінен кетіп бара жатқанда соңғы жарлықтарының бірімен баласындай болған Бишімбаевты абақтыдан мерзімінен бұрын босатты. Бұдан Бишімбаевтың жемқорлыққа белшеден батқан ескі жүйенің белді өкілдерінің бірі болғанын байқаймыз.

Өткенде сот процессінде оның қорғаушылары Бишімбаевты ескі жүйенің өкілі ретінде қарастырмауды өтінді. Иә, сот процессінде Қуандықтың ескі жүйеге қаншалықты қызмет еткені қарастырылған жоқ.

Десек те, халық оны ескі жүйенің жас өкілі, Назарбаев режимін жалғастырушылардың бірі деп қабылдайды. Сондықтан халық Бишімбаев пен Байбек секілділерге ешқаншан үміт артқан емес. Өйткені халық үшін мұндай персонаждар жұрттың бойныдағы ашу-ызаны оятатын қоғамның антигеройлары.

Сондықтан халықтың осы жайттарды ой елегінен өткізіп, Бишімбаевты ауыр жазаға лайық санауының жөні бар.

Біздіңше де, Бишімбаевты ауыр жаза күтіп тұр. Оның қолымен жасаған қылмыстық әрекеті осыған лайық.

Сот барысында Бишімбаевтың қорғаушылары оның мерзімінен бұрын босату құқығымен 10-15 жылға сотталуы үшін барын салып, жұмыс істегені анық. Егер – жаза осындай болса, ерке бала Бишімбаев 7-8 жылдан кейін бостандыққа шығып, Астана мен Алматының көшелерінде түк болмағандай тайраңдап жүретіні анық.

Бірақ оның азаматтық некедегі жары Салтанат Нүкенованы қатыгездікпен өлтіргенін дәлелдейтін айғақтардың көп екеніне миллиондаған адам тіклей эфирде өткен сот барысында көз жеткізгенін ұмытпауымыз керек.

Сондықтан алдағы уақытта Бишімбаев өмір бойына бас бостандығынан айырылмаса да шартты түрде мерзімінен бұрын босату құқығынсыз 20-25 жылға сотталуы ықтимал. Мұндай жағдайда 44 жастағы Бишімбаев ширек ғасырға сотталып, өмірі темір тордың ар жағында өткізіп, 2049 жылы 69 жасында бостандыққа шығуы мүмкін.

70 аяқ басқанда Бишімбаевты бостандыққа жіберуге болады. Ол кезде ол өзінің кісі шошырлық қылмысқа не үшін барғанын сезініп, қоғамдық ортаға қауіп төндіре алмайтын қаусаған қара шалға айналады».