Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Боксшы Аман Тасығанға берген сұхбатында матчмейкерлердің жекпе-жекті танымал ету үшін спортшылардан шоу жасауды талап ететінін жеткізді.
“Мендегінің бәрі образ. Бізге матчмейкерлер “Баспасөз конференциясында осылай сөйлеңдер, жекпе-жек алдында шоу істемесеңдер, сендерді ешкім байқамайды. Қаралым әкелмесеңдер, билет өтпесе, бізге қызық емессіңдер” дейді. Мен отбасымды асырауым керек. Сол үшін маған қаралым, хейтерлардың пікірі керек болды. Пікір көп жазылып, қаралым артқан сайын рейтинг көтеріліп, жаңа жекпе-жектер беріледі”, — дейді ол.
Оның сөзінше, бастапқыда жақындары оның әрекеттерін түсінбей, алаңдаған. Алайда кейін боксшы бұл оның жұмысының бір бөлігі екенін түсіндірген.
“Басында жақындарым түсінбеді. Анам хабарласып “Не болып кетті” деп жүрді. Мен “Бұл сондай индустрия. Кино ретінде қабылда. Мен соның ішіндегі актермін. Ақша әкелетін бизнес деп қабылдаймын. Баспасөз конференциясын қыздыру, төбелесу — менің жұмысым” деп айттым. Ең бастысы, шешесінен боқтамаймын, ұлтына тіл тигізбеймін. Анам, жақындарым түсінді. Қазір тыныш отырады”, — дейді Мотиватор.
Сондай-ақ ол өзінің өткен өмірі туралы да ашық айтты. Боксшы жас кезінде күзетте жұмыс істегенін, оқу ақысын төлеу үшін қылмысқа барғанын жеткізді.
“Күзетте жұмыс істедім. Оқудың ақшасын төлейміз. Қылмысқа жоқшылықтан бардық. Жағдай дұрыс болса, ондай қылмысқа бармас едім. Шыққаныма 13 жылдай болды. Артта қалған нәрсе. Қазір ақылмен бәрін түсінемін. Ол кезде жас болдым, не істеп жатқаныңды өзің білмейсің. Алла тағала солай сынады, батырып шығарды. Қайырлы болды. Олай болмаса мен осылай Мотиватор Әнуарбек болып отырмас едім. Өмірлік мотивация болды. Мүмкін, түрмеге барып келмесем, алқаш болып кетемін бе, азартник боламын ба, кім біледі?! Тағдырыма осылай жазылды, мен соны көтере аламын. Түрмеде 3 жылдан аса болдым. Негізі 9 жылға сотталдым. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына амнистия болып шықтым», — дейді Әнуарбек Бекембетов.
Боксшы түрмедегі өмірдің оңай болмағанын да атап өтті.
«Түрме деген — тірі қалу үшін күрес. Жоқтықты көресің. Оңай емес. Ол жерде анау-мынау адам сынып қалады. Бостандық жетпейді. Күнде бір нәрсе қайталанады. Төзе білу керек”, — дейді ол.