ШҚО полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері еліміздің оңтүстік өңірлерінен ШҚО-ға синтетикалық есірткі тасымалдайтын ірі арнаның жолын кескен, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Тәртіп сақшылары Өскемен – Алматы автожолында Алматы облысының 26 жастағы тұрғынының басқаруындағы Toyota Land Cruiser автокөлігін тоқтатқан. Көлік құралын тінту барысында жедел уәкілдер ақ түсті ұнтақ заты бар 4 полимерлі пакетті тапты, сонымен қатар көліктің багажынан ұқсас заты бар тағы 15 орама табылып, тәркіленген.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат мефедрон болып шығып, жалпы салмағы 1 келі 850 гр, бұл бір реттік 6 мыңнан астам дозаны құраған. Жауап алу барысында ер адам есірткіні Астана мен Павлодарда таратқанын айтқан.
Күдіктіге қатысты есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен олардың аналогтарын заңсыз сатып алғаны, сақтағаны, өткізгені үшін қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта ол қамауға алынған.
Ер адам мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.