Қазақ қалай өз еркімен құлға айналуда? - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-5 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақ қалай өз еркімен құлға айналуда?

Қазақ қалай өз еркімен құлға айналуда?

Қазақ деген сөз төл мағынасынан айтқанда "еркін адамдар" дегенді білдіретіні анық.

  • 30 Мамыр
  • 23
Фото: ашық дереккөз

Қазақ деген сөз төл мағынасынан айтқанда «еркін адамдар» дегенді білдіретіні анық. Ауыр тарихи тарғалаңдардан өтіп, кейінгі ғасырда отаршылдықты бастан өткерсе де, бостандыққа деген үмітін жоғалтпаған тұлғалары көп ел болатын. Бірақ мәдениеті мен түсінігінде шатасулар көбейіп, заманын жыға ажырата алмай, өзіне толық келе алмаған ұлт ретінде қазір қазақтар арасынан да шын құлдар пайда бола бастаған секілді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Haidar Alphy парақшасына сілтеме жасап.

Әлдекімнен жеңіліп құлдыққа түскендер толық құл есептелмейді, өйткені олар орай, мүмкіндік келгенде қарсы күресіп, өз еркіндігін қайтарып ала алады, өзін азат ете алады. Ал, шын құл құлдығын мойындап қана қоймай, құлдық өмірді ақтап, жақтап, мақтап, дәріптей бастағанда өмірге келеді.

Құлдар кісеніне алтын жалата бастағанда, құлдықтары ұзаққа кетеді. Ешкім енді оларды сыртынан оята алмайды, құтқара алмайды, өйткені олар ешкімді де тыңдамайды, ештеңеге де саналы талдау жасамайды, ойларын кісендері шырмап, бәрін өз кісенінің талабымен өлшейтін болады. Кеуделерін иллюзия жаулайды. Сөйтіп олар тіпті еркін адамдардың өзін адасқан деп өршелене қарсылық көрсетеді.

Құлдар біртіндеп үш түрлі адамнан құралған тобырға айналады:

Біріншілері, құлдықты өмір жолы етіп терең үгіттейтін көпірік уағызшылары. Идеологтары. Ең өтірікші және залым құлдар осылардан шығады.

Екіншілері, догмаларды жанталаса қорғаштап, желігіп, құтырып, боқтанып жүретін, санасы жалаң, өздері жанкешті сойылсоғарлары мен шабармандары. Олар жауыз әрі мәдениетсіз болады.

Ал, үшіншілері, құлдардың құлдығынан пайда жасайтын, құлдықтың пайдасына дәндеген, құлдардың одан сайын құл бола түсуінен игілік көретіндер. Олар қу әрі арамза болады.

Негізі, құлдық пен еркіндіктің шекарасы өте қарапайым болатын: маңызды таңдауларың мен шешімдерің өз төл түпнұсқаңнан басталып жатыр ма, әлде сырттан таңылған бөтен нәрселерден бастала ма? Өзің сеніп жүрген нәрселерді өзің шын дәлелдедің бе, әлде біреудің үгітімен қабылдап алып, дал болып сеніп жүрсең бе? Құдықтағы бақадай тар кеңістіктен шығып, кең әлемге, жалпақ жаһанға санаңды кеңейттің бе, әлде ұлу қабығындай арзан әрі жалаң нәрселермен өзіңді алдадың ба?

Құлдар қазір өз кісендеріне алтын жалатумен, аста-аста қосын жинаумен, көрінген жерге тұмсық тығып, орын иелеумен жанталаса айналсып жатыр! Құлдар еңбекқор болады, бірақ ойсыз болады, сол еңбекқорлығы арқасында олар талайға, әсіресе жастар мен балаларға құлдықты жұқтырып, құлдық пандемиясы пайда болады.

Олармен барлық шепте өнімді, белсенді күресу керек. Онсыз ұлттың болашағы қараңғы.