“Алладан өзің алшы деп сұрадым”: Ердос Қанаевтың әйелі дүниеден өткен ұлы туралы айтты - kaz.caravan.kz
  • $ 478.93
  • 534.96
+18 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Қыркүйек
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
“Алладан өзің алшы деп сұрадым”: Ердос Қанаевтың әйелі дүниеден өткен ұлы туралы айтты

“Алладан өзің алшы деп сұрадым”: Ердос Қанаевтың әйелі дүниеден өткен ұлы туралы айтты

Жігіттер квартетінің әншісі Ердос Қанаевтың әйелі Айдана Мейірбекова ДЦП диагнозымен туылған үлкен ұлы туралы бұрын-соңды еш жерде айтпаған жан сырымен бөлісті.

  • 14 Маусым
  • 443
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы ол “Айтарым бар” YouTube бағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

”Үлкен ұлымда жүктілігім өте ауыр өтті. Осы ретте тұрмысқа шықпаған немесе бала жоспарлап жүрген қыздарға міндетті түрде дайындықпен, дәрігердің бақылауымен көтеріңіздер деп айтқым келеді. Мен тұрмысқа шыға салып бала көтердім. Жүктілігімнің 7 айына дейін ауруханада жүрдім. Бірақ, аяғым ауыр кезде бірде-бір дәрігер бала мүгедек болып туылуы мүмкін дегенді айтпады. Солай бала 7 айында туылды. Туа саласымен жан сақтау бөліміне түсті. Бір апта перзентхананың жан сақтау бөлімінде жатты. Сол бөлімнің дәрігері баладан бас тарт деді. Ол кейін адам болмайды, ешқандай қабілеті болмайды. Саған мұндай тірі өсімдіктің не керегі бар деп, сол жан сақтау бөлімінің басшысы келіп аппаратты өз қолыңмен өшір деді. Қазір солай айтқан адамның жүрегі жүрек емес тас шығар деп ойлаймын. Сол сөзден кейін біз балалар ауруханасының жан сақтау бөліміне ауыстық. Мүмкін, ол дәрігер ондай балаларды күнде көріп, сондай болып кеткен шығар деп түсіністікпен қарауға тырысамын. Бірақ мен ол нәрсені істей алмадым”, — дейді ол.

Өнер иесінің жары баласының дүниеден озған сәтін де еске алды.

”Біздің баламызда ДЦП-ның ең қиын түрі болды. Не басын ұстамайды, не көзі көрмейді, не жұту қабілеті жоқ, қол-аяғы істемейді. 2010 жылы дүниеге келді, 2020 жылы 10 жасқа толмай дүниеден өтті. Біз 2019 жылы желтоқсан айында пневмониямен ауруханаға түстік. Үйге шығарғаннан кейін, бала біздің көз алдымызда көгеріп қалды. Ол кезде не сезінгенімді айтып жеткізе алмаймын. Сол уақытта далаға шығып Алламен тілдестім. Оған дейін де шипа тілеп, жеңілдеп сұрап дұға етіп жүрдім. Бірақ, сол кезде өмірімде бірінші рет Аллаға тапсырудың не екенін жаныммен, тәніммен, жүрегіммен сезіндім. Алладан өзің бердің, 9 жыл өмір сүрді, енді өзің алшы, бұдан артық қинамашы деп сұрадым. Өйткені ол жұта алмай отырған ауаны менің жұтып отырғаным жүрегіме бататын. Мен қиналмай тамақ ішемін, ол іше алмайды. Мен қиналмай дәретке шығамын, ол шыға алмайды. Ол үлкен дәретке шығу үшін ауруханаға апаратынбыз. Дұға жасағаннан кейін көп ұзамай ұлымыз Раббысына қайтты”, — дейді Айдана Мейірбекова.