Қазақстан дау-жанжалды бейбіт жолмен шешетін ел - kaz.caravan.kz
  • $ 478.93
  • 534.96
+24 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Қыркүйек
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстан дау-жанжалды бейбіт жолмен шешетін ел

Қазақстан дау-жанжалды бейбіт жолмен шешетін ел

Қазақстан бейбітшілік пен келісім, тұрақтылық пен қауіпсіздік идеяларын белсенді түрде жүзеге асырып келеді. Тәуелсіздіктің 30 жылында республика бітімгершілік бастамаларын әрдайым алға тартқан.

  • 25 Маусым
  • 3625
Фото: ia-centr.ru

Толығырақ Caravan.kz медиа порталының материалында. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласы шетел басылымында жарық көрді. Президент Қазақстанның демократиялық өзгерістердің жаңа дәуіріне аяқ басқанын ерекше атап өтті. Посткеңестік кеңістікте орын алып жатқан оқиғалар елеулі сын-тегеуріндерді тудыруда, бірақ олар еліміздің алға ұмтылысын тоқтата алмайды деді Мемлекет басшысы. 

Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресейді әлемдегі ең ұзын шекара біріктіреді, сондықтан бізде ынтымақтастыққа негізделген ерекше қатынастар қалыптасты. Сонымен қатар, Президент Қазақстанның «Украинамен достық қарым-қатынас дәстүрі» бар екенін еске салып, «БҰҰ Жарғысына сәйкес жанжалды тез және әділ реттеуге» үміт білдірді.

Мамыр айында шетелдің беделді Euronews басылымына берген сұқбатында мемлекет басшысы Қазақстанның әлемнің тұрақсыз жағдайындағы рөлі мен маңыздылығна тоқталған. 

«Қазақстан сияқты елдер халықаралық аренада тек қатысушы ретінде емес, жауапты менеджер ретінде рөл атқаруы керек. Төтенше геосаяси тұрақсыздық пен түрлі қақтығыстарға толы бүгінгі әлемде көпжақты шешімдер ауадай қажет. Еуропадағы, Таяу Шығыстағы және Африкадағы соғыстар жүздеген мың адамның өмірін қиды. Ал климаттың өзгеруі миллиондаған халықтың аш-жалаңаш қалуына, босқынның күйін кешуге әкелді. Бұл мәселелер шешілмейтін болып көрінеді. Осы жаһандық келіспеушілік жағдайында мықты державалар, экономикалық және саяси күшті елдер күн сайын бірлесіп жұмыс істеуден алшақтап барады. 

Украинадағы қақтығыс дипломатиялық тығырыққа тірелді. Газадағы жалғасып жатқан жағдай гуманитарлық апат болып табылады. Ал Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы шиеленіс конструктивті келіссөздер есебінен шиеленістерді күшейтуде. Осының аясында Қазақстан сияқты орта державалар өз аймағында және одан тыс жерлерде тұрақтылықты, бейбітшілік пен дамуды қамтамасыз ету үшін әлеуеті артып келе жатқан шешуші ойыншылар ретінде шығады. 

Қазақстан әлемнің алпауыт державалары сияқты жаһандық ықпалға ие бола алмаса да, біз сияқты елдерде жаһандық аренада елеулі ықпал ету үшін азық-түліктен бастап, экономикалық күш, әскери әлеует, одан да маңыздысы, саяси ерік-жігер мен дипломатиялық қабілет бар. 

Қазақстанның күн тәртібінде бітімгершілік мақсаттар тұр. Осы ретте біздің ел көпжақты саясатты берік ұстана отырып, халықаралық диалог пен жаңа кездесулерге ашық. 

Әлем жаңа өмірге мұқтаж. Сондықтан барлығымыз бірігуіміз керек. Бұл тұста үлкен державалармен қатар, біз сияқты орта және кіші елдердің де рөлі маңызды. Осы маңызды кезеңде біз барлық халықаралық серіктестерімізді көпжақты саясатты нығайтуға, жаһандық жүйені жандандыруға және қайта инвестиция жасауға шақырамыз», — деген Тоқаев шетел басылымына берген сұқбатында. 

Яғни Қазақстан дау-жанжалды бейбіт жолмен шешетін ел. Осы бағытта еліміз бітімгершілік бастамаларын көтеріп, көптеген ауқымды жұмыс атқарып келеді.

БҰҰ деректеріне сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстанның 128 әскери қызметкері бітімгерлік миссияларымен айналысады. Яғни осы салаға үлес қосқан мем­лекет­тер арасында 66-орында тұр. БҰҰ бітімгерлік миссия­сына ең көп үлес қосушы ел – Эфио­пияға (6650 сарбаз) қара­ғанда әлдеқайда аз. Әйтсе де Қазақстан – Орталық Азиядағы басқа елдерге қарағанда бітімгершілік миссиясында көп қызметкері бар мемлекет. 

Қазақстан 1992 жылғы 2 наурыздан бастап БҰҰ-ның толыққанды мүшесі болып табылады. Осы уақыт ішінде еліміз БҰҰ жүйесімен бірлесіп іс-шараларды жемісті атқарып келеді.  Қазақстан БҰҰ-ның мүшесі ретінде басқа мемлекеттермен тең дәрежеде әлемдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға жауапты.

2014 жылдан бастап 67 қазақстандық бітімгер БҰҰ-ның Батыс Сахара, Кот-д’Ивуар, Мали, Орталық Африка Республикасы және Ливандағы миссияларына әскери бақылаушылар мен штаб офицерлері ретінде қатысып келеді.

2018 жылдан бері 538 қазақстандық әскери қызметші бітімгерлік бөлімше құрамында «БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері» миссиясына қатысты.

Қазіргі уақытта Батыс Сахарада 6, Орталық Африка Республикасында 2, Конго Демократиялық Республикасында 2, Ливанда 9 офицер БҰҰ-ның миссияларында қызмет етуде.

Бүгінгі таңда қазақстадық бітімгерлердің БҰҰ миссияларына қатысу географиясы мен әртараптандырылуын кеңейту Президенттің нұсқауы бойынша жүзеге асырылып келеді.

2024 жылдың наурыз айында Қазақстандық бітімгерлер «БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі бөлінуді бақылау жөніндегі күштері» миссиясына қатысуға арнайы шақыру алды. Голан биіктеріне 139 қазақстандық әскери қызметші жіберілді. Контингент құрамында әскери ер азаматтармен бірге әйелдер де миссияны орындайтын болады. Олардың ішінде 2 атқыш-санитар, 1 мерген, 2 аспазшы және 2 медициналық қызметші. Айта кету керек, БҰҰ Қазақстанға өз бетінше бітімгерлік миссияны атқару мандатын берді.

Әскери қызметшілер Қазақстан аумағынан Сирия астанасы Дамаскіге ұшып барып, Фауар бітімгерлік базасына дейін автокөлікпен жетті. Базаның орналасқан жеріне қарсы тараптар арасында атысты тоқтату режимін сақтау жөніндегі міндеттерді орындауға арналған әскери техника мен мүлік те жеткізілді. 

Бітімгерлік миссияларға қатысу әскери қызметшілердің жауынгерлік дағдыларын арттыруға ықпал ететін оқытудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Бұл миссияның ерекшелігі – өз қызметімізді жеке атқаруда болып отыр. 

Бөлімше жауапкершілік аймақтарын патрульдеу, тосқауыл бекеттерді ұйымдастыру, бітімгерлік базаны күзету және бейбітшілік уағдаластықтарының сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті сауытты дөңгелекті машиналармен, камаздармен, шағын автобустармен және жол талғамайтын көліктермен жабдықталған.

Қазақстандық бітімгерлер қандай миссияларға қатысты:

— 2003-2008 жж. – Ирак Республикасы;

— 2007-2009 – Непал;

— 2014 жылдан қазіргі уақытқа дейін – Батыс Сахара;

— 2015-2017 – Кот-д’Ивуар;

— 2018 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін – Ливан Республикасы;

— 2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін — Орталық Африка Республикасы;

— 2022-2023 жылдары – Мали Республикасы;

— 2023 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін — Конго Демократиялық Республикасы.

БҰҰ басшылығы қазақстандық әскери қызметкерлердің дайындығын жоғары бағалап, БҰҰ миссияларындағы отандық бітімгер күштердің санын арттыруға қолдау көрсетуге дайын екендігін айтты. 

ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин қазақстандық әскери қызметшілердің бітімгершілік миссияларға қатысуы еліміздің сыртқы саясатының маңызды бөлігі екенін баса айтты. 

«Соңғы 10 жыл ішінде Қазақстан БҰҰ-ның бітімгершілік операцияларына белсенді қатысып, соның арқасында еліміздің жаһандық аренадағы позициясын нығайта түсті», — деді ол.

Бұдан бөлек биыл күзде елімізде ҰҚШҰ елдерінің оқу-жаттығуы өтеді. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. 

Президенттің пікірінше, қазіргі кезеңдегі стратегиялық міндеттердің бірі – Ауғанстанды өңіраралық байланыстарға белсенді тарту.

«Қазақстан тәлібтер режимін террорлық ұйымдар тізімінен алып тастады. Өйткені қазіргі Ауғанстанмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту маңызды әрі бүгінгі режим ұзақмерзімді фактор болады деп ойлаймыз», – деді Мемлекет басшысы.

«Ұйым төрағасы ретінде біз ҰҚШҰ күштері мен құралдарын басқару органдары мен құрамаларының жедел және жауынгерлік дайындығын арттыру бойынша бірлескен шараларды уақтылы жүзеге асыруға басымдық береміз. Біз ағымдағы жылдың күзінде Қазақстан аумағында ҰҚШҰ-ның «Мызғымас бауырластық-2024» және «Скала-2024» о,қу-жаттығуларына белсенді түрде дайындалып жатырмыз», — деді Президент. 

Сондай-ақ ҰҚШҰ ұйымымен бірлесіп жүзеге асып жатқан «Канал», «Нелегал», «ПРОКСИ», «Наемник» сынды миссиялар жылдан жылға жоғары нәтиже көрсетіп келеді. 

Осы іс-шаралар барысында еліміз үшін маңызды бірқатар мәселелер шешіледі. Терроризм, экстремизм, есірткінің заңсыз айналымы және ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстардың алдын алу. 

Сонымен қатар Қазақстанның бітімгер әскері Таяу Шығыс және Африкаға жіберіледі. Бұл заңды Парламент мақұлдады. 

«БҰҰ-ның Голан жотасындағы қарусыздану жөніндегі бақылаушы күштері» (UNDOF, Сирия – Израиль)

Барлығы 1 256 бітімгершілік күштері, оның ішінде 1 131 әскери қызметкер. Негізгі қатысушы елдер: Непал — 415 бітімгерлер; Уругвай – 214 бітімгерлер; Үндістан – 200 бітімгерлер;  Фиджи – 149 бітімгершілік күштері; Ирландия – 134 бітімгер және т.б.

«Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімге келу шарттарын орындауды бақылау органы» (UNTSO, Палестина – Израиль)

Барлығы 380 бітімгершілік күштері, оның ішінде 148 әскери қызметшілер (әскери бақылаушылар мен әскери сарапшыларды қоса алғанда) орналастырылған. Негізгі қатысушы елдер: Финляндия – 14 , Ирландия – 12,  Нидерланды – 12, Норвегия – 12 бітімгер, Австрия – 11 бітімгер, Дания – 11, Швейцария – 11 бітімгер және т.б.

«БҰҰ-ның Оңтүстік Судандағы миссиясы» (UNMISS, Оңтүстік Судан)

Барлығы 23 878 бітімгершілік күштері, оның ішінде 17 000 әскери қызметшілер (әскери бақылаушылар, штаб офицерлері және әскери сарапшыларды қоса алғанда) орналастырылған. Негізгі қатысушы елдер: Руанда – 2648 бітімгерлер; Үндістан – 2400 бітімгерлер; Непал – 1751; Бангладеш – 1630 бітімгер; Қытай – 1053 бітімгер және т.б.

«БҰҰ-ның Абьее-дегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі уақытша күштері» (UNISFA, Судан)

Барлығы 4556 бітімгершілік күштері, оның ішінде 3550 әскери қызметшілер (әскери бақылаушылар, штаб офицерлері және әскери сарапшыларды қоса алғанда) орналастырылған. Негізгі қатысушы елдер: Гана – 654 бітімгері; Үндістан – 588 бітімгершілік күштері; Пәкістан – 586 бітімгершілік күштері; Бангладеш – 508 бітімгер; Вьетнам – 190 бітімгер және т.б.

2015 жылы қабылданған «Бітімгерлік қызмет туралы» заңға сәйкес, әскери қызметкердің бітімгерлік операцияға қатысуы туралы шешім президенттен ұсыныс түскен соң парламент палаталарының бірлескен отырысында талқыланып, қабылданады. Бітімгерлік миссияға әскер жіберу туралы ұсынысты президент айтады. Үкімет әскердің құрамын, саны мен қызмет атқару мерзімін анықтайды.

Қазақстанның бітімгерлік қызметі қашан басталды?

Қазақстанның бітімгерлік қызметі КСРО тарамай тұрып басталды. Сол кезде Кавказда Әзербайжан мен Армения арасында Таулы Қарабак үшін жанжал басталған еді. Сол кезде қантөгісті тоқтату маңызды болып, бітімгерлік жұмыстары атқарылды. 

БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы бекіткен Халықаралық бітімгерлер күні 2002 жылдан бастап 29 мамырда аталып келеді. Елімізде бұл мереке алғаш рет 2019 жылдан бастау алды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстан бейбітшілік, халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылық қағидаларына өзінің бейілділігін көрсетуде. Бітімгершілік үрдіске қатысу – бұл мемлекеттің ондаған жылдарға арналған сыртқы саяси стратегиясының мәні.

Қазақстан Иранның ядролық бағдарламасына қатысты дауды шешу үшін 2000 жылдары бірнеше рет диалог алаңын ұсынған. Ауғанстандағы, Сириядағы соғысты тоқтатуға қатысты талай ұсыныс айтылды.  КСРО ыдыраған уақыттан бастап, еліміздің әскерилері Тәжікстан мен Ауғанстанның мемлекеттік шекарасын қорғауға да қатысты. 

Қазақстан сарбаздарының ТМД-ның сыртқы шекарасын күзетіп, Тәжікстандағы азаматтық соғысты тоқтатуға атсалысқанын атап өтпеске болмайды. 

Қазақстан Республикасының Қорғаныс Министрлігінің ресми сайтындағы ақпаратқа сай, 2000 жылғы жарлық бойынша қазақстандық бітімгерлік батальоны құрылды. 2003 жылы қарқынды дайындықтан кейін, «Қазбат» әскери қызметшілері АҚШ пен НАТО қолдауымен Ирактағы бітімгершілік операциясына («Иракқа бостандық» операциясына) кірісті.

2003-2008 жылдар аралығында миссияға барлығы 270-тен астам әскери қызметші қатысты. Қазақстанның бітімгерлері минасыздандыру, суды тазарту тапсырмаларын орындады.  Бес жыл ішінде жеке құрам алты айдан он рет алмасты.

Қазақстандық мамандар Иракта 4,5 миллионнан астам түрлі оқ  дәрілерді – миналарды, зымырандар мен снарядтарды жойып, 6718 текше метр су тазартты. Қазақстандық әскери дәрігерлер американдық «Дельта» базасы медициналық тобының құрамында жұмыс атқарды. Олар негізінен террорлық шабуылдардан зардап шеккен жергілікті тұрғындарға медициналық көмек көрсетті.

2015 жылы «Қазақстан Республикасының бітімгерлік қызметі туралы» Заңы қабылданды. Бұл заң еліміздің Қарулы Күштері ұлттық контингентінің бітімгерлік операцияларға қатысуын реттеудегі мемлекеттің міндеттері мен құзыреттерін айқындайды.

2018 жылы Қазақстан мен Үндістан арасындағы қол қойылған меморандумға сәйкес Қазақстандық бітімгерлер ротасы БҰҰ-ның Ливандағы миссиясына алғаш рет қатысты. Қазақстандық бітімгерлер Израильмен шекарада жергілікті жерді патрульдеу, бақылау бекеттерін ұйымдастыру, оқ атпауды бақылау міндеттерін атқарды.

2019 жылы республикада бұрын-соңды болмаған «Жусан» гуманитарлық операциясы өткізілді. Оның аясында Сириядан 600-ден астам адам отанына қайтарылды.

Бүгінде Ливанда бесінші ротацияның бітімгерлік контингенті қызмет атқаруда. Бұдан өзге, Батыс Сахарада бес әскери қызметші бақылаушы қызметінде.

Ғалымдардың есебінше, жер бетінде 15 мыңнан астам соғыс болыпты. Осы қақтығыстарда жүздеген миллион адам қаза тауып, талай мәдениеттер мен өркениеттер жойылған. Адамзат тарихындағы алапат қырғын – Екінші дүниежүзілік соғысқа сол кездегі 73 мемлекеттің 61-і, дүниежүзі халқының 80 пайызы қатысқан. Ұрыс қимылдары 40 мемлекеттің аумағын шарпыды. 110 млн адам әскерге алынған. Оның 50-55 миллионы қаза тауып, әлем елдері 4 триллион доллар көлемінде шығынға батқан. Яғни бұл – тарихтағы ең қымбат соғыс. Оның ішінде әскерилер де, бейбіт халық та бар. 

Осы бағыттағы біліктілігін жетілдіру үшін ҚР Қарулы Күштерінің әскери жоғарғы оқу орындарының ұстаздары өзара мобильділікпен білім алмасады, ал үздік курсанттар Түркияда, Ресейде, Оңтүстік Корея, Англияда, Америкада және Кытайда оқып жатыр. 

Саясаттанушы Борис Поломарчук Қазақстанның бітімгершілік миссиясындағы негізгі бағыттарына тоқталып өтті.

«Қазақстан көпвекторлы саясатын қарқынды жүргізіп келеді. Оның ішінде бітімгерлік миссиясын ерекше атап өткен. Көрші Ресеймен қарым-қатынас. Ресей көптеген елдердің қара тізіміне енген, ол елдегі саяси ахуал өте қиын, дегенмен Қазақстан ынтымақтастығын жалғастырып келеді. Бұл тарихи және экономикалық байланысты біз бұза алмаймыз. Кейбір патриот сымақтар Ресеймен байланысымызды үзуіміз керек деген пікірде. Алайда Қазақстан үшін бұл шешім өліммен тең. Көрші елдің ықпалынсыз біздің экономика алға жылжымайды.

Түркиямен байланысты нығайту да біздің ел үшін маңызды бағыттың бірі. Себебі Түрік елі қарқынды дамып келеді. Еуропа елдерінің ішінде мықты армия күші осы елде. Біз олардан үйренуіміз керек. Оқу-жаттығу ұйымдастырып, тәжірибе алмасуымыз керек. Одан бөлек білім, туризм, экономикамыз да осы елмен тығыз байланысты. Түркия маңызды инвестор. Олардың тауарлары мен ақшасы Қазақстанның дамуына септігін тигізіп келеді. 

Еуропалық Одақ та Қазақстан үшін маңызды ойыншы. Оларға біздің энергиялық ресурстарымыз керек, ал бізге олардың инвестициялары мен технологиялары маңызды. Бұл тізімге Франция, Германия, Голландия сынды мемлекеттер кіреді. АҚШ-пен де стратегиялық серіктестікті, саяси диалогты, сауда-экономикалық байланысты жандандыру мәселесі пысықталды. Орталық Азиямен қарым-қатынас туралы айтпасақ да белгілі. Аталмыш елдермен байланысымыз бірінші кезекте қауіпсіздік тұрғысынан өте маңызды. Сондай-ақ терроризм, экстремизм, есірткі саудасының жолын кесу, су ресурстарын тиімді пайдалану сынды өзекті мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарады», — деді саясаттанушы.