Алдағы он жыл Орталық Азияның болашағын айқындайды - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
+3 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алдағы он жыл Орталық Азияның болашағын айқындайды

Алдағы он жыл Орталық Азияның болашағын айқындайды

Кейінгі 5 жылда өзара сауда айналымы 2 есеге жуық көбейіп, 5,7 миллиард доллардан 11 миллиард долларға дейін артқан.

  • 8 Тамыз
  • 6
Фото: ашық дереккөз

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласында айтылды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Президент Орталық Азиядағы бес мемлекет арасындағы саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстардың жылдан жылға жанданып келе жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар, сыртқы байланысқа да ерекше көңіл бөлініп келеді. Мысалы, Орталық Азия елдері ТМД, ШЫҰ, АӨСШК, ЭЫҰ, ЕАЭО, ТМҰ және басқа да табысты әрі ықпалды ұйымдардың құрылтайшысы ретінде бейбітшілікті жақтайтын мемлекеттер екенін дәлелдей алды.

«Орталық Азия бестігін» Еуразия құрлығының төрінде тұрақты дамып келе жатқан бақуатты елдер деп сеніммен айтуға мүмкіндік береді», — делінген мақалада.

Азияның орталық бөлігі алдағы уақытта да сын-қатерлерді бірлесе жеңіп, дами бермек. Тоқаев алдағы он жыл біздің аймақтың болашағын айқындайтын кезең болатынын айтыпты. Осы тарихи мүмкіндікті қаншалықты тиімді пайдалана алатынымыз тек өзімізге байланысты болмақ.

Мемлекет басшысы атап өткендей, жаһандық геосаяси ахуал аумалы-төкпелі болып тұрған қазіргі кезде Орталық Азияда біртұтас қауіпсіздікке негізделген кеңістік құрылды. Қазақстан бүгінде Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан елдерімен одақ­тастық қатынас орнатып, Түрікменстанмен стратегиялық әріптестікті дәйекті түрде кеңейтіп келеді.

Әрине, әлемде көрші мемлекеттер іргеде тұрып бір-біріне тас ататын жағдайларды жиі кездестіреміз. Бірақ біз көршілерімізбен саяси диалог орнаттық. Соның нәтижесінде мемлекеттер бір-бірінің тәуелсіздігін, егемендігін және аумақтық тұтастығын құрметтеу, келіспеушіліктер туындай қалса оны бейбіт жолмен шешу сияқты келісімге келіп отыр.

Өзара түсініксік орнату үшін Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Астанада, Ташкентте, Түрікменбашыда, Шолпан-Атада, Душанбеде бес консультативтік кездесуі өтті. Соның нәтижесінде өңірдегі тұрақтылықты сақтап отыру мүмкін болып отыр.

Саяси мәмілелермен қатар, сауда-саттық, алыс-берісті дамытуға да ерекше мән беріліп келеді. Президент мақаласында бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы да айтылады. Мысалы, кейінгі 5 жылда өзара сауда айналымы 2 есеге жуық көбейіп, 5,7 миллиард доллардан 11 миллиард долларға дейін артқан. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ішкі тауар айналымы 25 пайызға өсіпті. Соның ішінде Қазақстанның Орталық Азия елдерімен саудасы былтыр 26,8 пайызға артып, 8 миллиард долларға жетті.

Әр салаларды қамтитын түрлі жобалар сәтті жүзеге асып жатыр. Сондықтан Орталық Азия елдерінің алар асуы әлі алда деп білемін. Бүгінгі Мемлекет басшысының мақаласынан түйген ой – одақтас әрі көршілерімізбен тату болу біздің тұрақты дамуымызға тың серіпін береді.