Мұхтар Жәкішевтің әлеуметтік желіде тараған видеосында АЭС жайлы тақырып қозғалған, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Ұзын сөздің қысқасы АЭС салу керек, одан қашып құтыла алмаймыз дейді. Басқа жолы да жоқ дегенді айтады.
«Энергия тапшылығы болады. Еуропалық одақ елдері АЭС-тен кейбірі бас тартуда, алайда оларда ортақ энергетикалық нарық бар. Біреуінде тапшылық пайда болса, екіншісі энергия береді. Осындай ортақ нарық болған сәтте әрине басқа энергия түрлерін қорықпай дамытуға мүмкіндіктері бар. Жел, күн деген сияқты. Ал Қазақстанда ондай жоқ. Энергия тапшылығы пайда болса, кімнен энергия аласың», — дегенді айтты. Бұл міне маманның пікірі.
Тағы бір маманның пікірі. Ол АЭС салу 8-10 жылға созылады, ал тапшылық жақын аралықта арта бастайды дегенді айтады. Ең басты мәселе тоқты жеткізетін электр желілерінің ескіруі дейді және АЭС-тен бөлек, осы тоқ желілері мен бағаналарды ауыстыруға да қыруар қаржы кететінін айтады. Ол бүкіл Қазақстан бойынша әбден ескіріп кеткен деп отыр. АЭС-ті салмас бұрын сол желілерді реттеп алу қажет екенін айтуда. Өйткені тіпті алда-жалда энергияны басқа елден алатындай тапшылық бола қалса, қазіргі желілердің көбі ол энергияны тасымалдауға жарамай қалуы мүмкін екен.
Осы мәселеге қатысты саясаттанушы пікір білдірді.
«2011 жылы оқуға түстім, сол кезде осы АЭС жайлы, энергетикалық қауіпсіздік жайлы сабақ өттік. АЭС дегеннің не екенін сол кезде дұрыстап түсіне бастадым. Оқушы кезде атын білсем де, мән бермеппін. Сол 2011 жылдан бастап Фейсбукке «АЭС қажет» дегендей қыруар пост жазған шығармын. 13 жыл өтті, әлі сол. Қазақстан 90-жылдардан бастап осыны талқылап келеді, әлі салған жоқ. Сол талқылау, талқылау. Өзбектер жақында салуды бастайды, қырғыздар кіші АЭС саламыз деп отыр, түріктер салып жатыр.
Әрине, АЭС-тің қауіпті тұстары көп. Радиофобия қоғамда бар. Чернобыль апатын залалсыздандыруға қатысқан жандар, КСРО-ның атом зардабын көрген жандар бұл АЭС-ке қарсы. Мен өзім шығыстанмын, радиофобия бар кәдімгідей. Оны түсінуге болады.
Біз АЭС салу жайлы шешім қабылдасақ та, «қай жерге саламыз, қандай реактор қоямыз» деп тағы біраз уақыт езіп отыратын сияқтымыз. Сөйтіп түбі көршілерден энергия сатып алып отырмасақ болғаны.
«АЭС салуды қолдайсың ба» деп сұрапты адамдар Тик-Токтағы видеомда. «Иа, қолдаймын» дедім. Менің көзқарасымда АЭС салыну керек, бірақ оны Ресей салмағанын қалар едім. Франция салсын, Қытай салсын, Оңтүстік Корея салсын, АҚШ салсын.
АЭС-ті қолдайтын да, қолдамайтын да мамандардың пікірлері бар. Сайттарда, подкасттарда толып тұр. Өкініштісі көбі орысша және қаралымдары аздау. Менің ойымша сол мамандарды көбірек сөйлетіп, неге қолдайтынын, неге қолдамайтынын айтқызып, көзқарас қайшылығы бар мамандар болса бір пікірталас іспеттес жасап, соны ақпарат алаңында таратса, көпшілікте түсінік пайда бола бастайды. Әйтпесе 10 адамның 5-еуі «АЭС деген не, қалай жұмыс істейді» дегенді білмейтін сияқты», — деді Асхат Қасенғали.