Волонтер болу - үлкен мүмкіндік - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-5 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Волонтер болу - үлкен мүмкіндік

Волонтер болу - үлкен мүмкіндік

Волонтер жастардың ен басты мотивациясы - қоғамға өз үлесін қосу.

  • 18 Қыркүйек
  • 613
Фото - Caravan.kz

Қазір қоғамда қиналған жанға көмек қолын созып, жақсылық жасап, өз қызметі үшін ешқандай ақы алмайтын волонтер жастардың саны күн санап артып келеді. Тіпті, орман өрті, су тасқыны секілді елдегі табиғи апаттар кезінде де бірінші болып көмекке келетін сол волонтер жастар. Осы ретте, волонтерлық қызметтің қызығы мен қиындығын білу мақсатында Қазақ ұлттық педагогикалық университетіндегі «Волонтерлар лигасының» төрайымын Caravan.kz медиа порталынының тілшісі әңгімеге тартқан еді.

Әсем ханым, алдымен өзіңізді таныстырып, волонтерлыққа келу жолыңызды айтып берсеңіз.

— Қайырлы күн, мен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Филология институты, қазақ тілі мен әдебиеті білім беру бағдарламасының 3 курс студентті Куатова Асем Нурболовна, осы қыздар университетінің волонтерлар лигасы ұйымының төрайымымын. Волонтерлыққа келу жолымды айтатын болсам, университетке түсіп, оқу басталып жатқанда университет ұйымдарының арасында 1 курстарды ұйымға қабылдау фесті болды, сол кезде әр ұйым өздерін таныстырып, өз ерекшеліктерін көрсетті. Маған бірден көзіме волонтерлар лигасы түсті, олардың ауызбіршіліктері, беттеріне барлығы бірдей эмблема салулары, шаштары әртүрлі түске боялған қыздардың вайбтары және еркіндік сезілді. Мен өзім қазақ тілі мен әдебиеті пәнін таңдаған соң, соған жақынырақ бір ұйымды таңдаймын деп ойлаған едім, бірақ волонтерлар лигасының аурасы, вайбы өте керемет болды, сондықтан осы ұйымға қосылдым. Ұйымға қосылған соң қандай жобалар ұйымдастырылса, сол жобалардан қалмай, белсенді болып, барынша көбірек волонтерлік сағат жинауға тырысып жүрдім. Өзімнің мобилографиядан және SMM-нен хабарым бар болған соң, мені ұйымның SMM бөліміне жауапты адам қылды. Ұйымның мобилографы болып, әртүрлі жобаларға барып, видео түсіріп жүріп, ортақ Алматы волонтерлар лигасының SMM-і атандым. Көтерілген сайын жобаларда күштірек бола түсті, тәжірибем де көбейе түсті. Солай бірінші төрайым орынбасары болдым, кейіннен төрайым лауазымына көтерілдім.

Сіз төрайымдық ететін “Волонтерлар лигасы” ұйымына тоқталсақ. Қандай бағыттарда жұмыс істейсіздер?

— Біз әлеуметтік жобаларда жұмыс істейміз. Сонымен қатар әртүрлі коммерциялық іс-шаралармен айналысамыз және тек бір бағытта емес, әртүрлі бағытта жұмыс істейміз: салауатты өмір салтын ұстану, әртүрлі мастер класстар, қарттар және балалар үйіне бару, әртүрлі жәрмеңкелер өткізу, қайырымдылық іс-шаралары және т/б. Көбіне әртүрлі үлкен концерттерде, фесттерде волонтерлық қызмет атқарамыз.

Қазір Алматы қаласында, жалпы елде түрлі волонтерлық топтар көбейіп келе жатыр. Олардың барлығының негізгі мақсаты бір болғанымен әрқайсысын бір-бірінен даралап тұратын қағидалары, мақсаттары бар. Осы ретте сіздер немен ерекшеленесіздер?

— Дұрыс айтасыз, қазір ерікті болғысы келетін жастар көп. Өскелең ұрпақтың осындай игі істердің себепші болғысы келетіні қуантатын үрдіс деп ойлаймын. Ерекшелікке келсек, біз Орталық Азиядағы тек қыздардан құрылған жалғыз ұйымбыз. Біздің басқа ұйымдар мен топтардан ерекшеленуімізде осыда, тек қыздардан құрылуымыз.

“Волонтерлар лигасысының” алдағы уақытқа арналған жоспарларымен бөліссеңіз.

— Алдағы уақытқа жоспар көп. Ең бірінші мен өз ұйымымды ең үздік ұйым етіп танытқым келеді, ұйымға түрлі өзгерістер енгізсем деймін. Қазір ұйыммен бір жобаны қолға алу ойымызда бар. Ол жайлы ашып айта алмаймын, алдымен ойластырып, жүзеге асырып алу керек. Сондай-ақ, біз Алматы қалалалық волонтерлар ұйымымен де бірігіп жұмыс істегендіктен нақты қандай іс-шаралар болатыны белгісіз.

 Волонтерлық жолыңызда есіңізде ерекше қалған сәтті еске алсақ.

—  Волонтерлық жолымда ең бірінші болып есте қалған жоба —  Алматы жартылай марафоны. Бұл жобада мен волонтер болуым керек болған, бірақ менің белсенді екенімді байқап, тим-лидер яғни координатордың көмекшісі етті. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды, таңғы 5-те жобаға бару, волонтерларды қадағалау, өзіңді жаңа посттан көру. Екінші есте қалған жобам, күні кеше болған Садрадинның үлкен концерті. Масштабты концертте алғаш рет волонтерлық қызмет атқарғандықтан өте күшті сезім болды.

 Қазір өзіңіздің замандастарыңыздың арасында ақшаны, атақ-даңқты ең үлкен мотивация ретінде көретіндер көп. Ал, волонтерлар түрлі іс-шараларда тегін жұмыс істейді, қиналған жанға көмек қолын созады. Осындай үлкен жүректі жастардың мотивациясы не деп ойлайсыз?

— Жастардың мотивациясының ең бастысы жаңа орта табу деп ойлаймын. Жаңа адамдармен танысқан сайын, сенің ортаң кеңейе түседі, басқа адамдармен тәжірибе алмасасың, достарың көбейеді. Сонымен қатар жастардың мотивациясы адамдардың жүзіне күлкі сыйлау, әлемді мейірімділікке шақыру, қоғамға кішкентай болсада өз үлесін қосу, студенттік өмірді бос жатпай, қызықты әрі пайдалы өткізу деп айтар едім. Осындай мотивациямен волонтерлық қызмет атқарып жүрген жастарға мен үлкен алғыс білдіремін және осы ойларын арамдыққа өзгертпеулеріне, өз істеріне адал болуларын сұраймын.

Сөз соңында осы сұхбатты оқып, волонтер болғысы келетін жасөмпірімдер мен жастарға не айтар едіңіз?

— Волонтер болу, бұл үлкен мүмкіндік, ең бірінші өзіңді жан-жақты дамытуға, жаңа тәжірибелер жинауға, әртүрлі дағдыларды үйренуге, қоғамға үлес қосып, әлемді мейірімділікке шақыру үшін еңбек етуге өте керемет жол дегім келеді. Ең бастысы — нағыз жүрекпен волонтер болыңыздар, ешқандай пайда ойламаңыздар. Қоғамға қызмет етуден, еркін болудан, өз өмірлеріңізді белсенді өткізуден қорықпаңыздар. Әрдайым кең болыңыздар, себебі, қазақ «Кең болсаң, кем болмайсың!» дейді. Кейде волонтер болғым келеді, бірақ уақыт жоқ дейтін сөздерді естіп жатамын. Тіпті ұйымнан уақытпен үлгермей жүрмін деп шығып кеткен қыздар бар. Негізі мәселе уақытта емес дегім келеді. Шын ниетімен, шын көңілімен қалаған адам әрдайым уақыт табады. Ал, волонтерлық жәй ғана ермек үшін деп айтатын жандарға айтарым, волонтер болу әркімнің қолынан келмейді. Әсіресе, шын ниетімен волонтер болғысы келмейтіндер, концертке барамын, ақша табамын деген сияқты ойлармен волонтер болғандар үшін әрине бұл жәй ермек болып көрінеді. Бірақ олай емес! Ең бастысы өздеріңіздің жүректеріңіз қалаған істі істеңіздер, сонда кім екендеріңізді, сіздерге не керек екенін түсінесіздер дегім келеді.

Әңгімеңізге рақмет!