Бала ілімсіз қуыскеуде болғаннан кейін суицидке барады - отбасы құндылықтарын насихаттаушы - kaz.caravan.kz
  • $ 478.16
  • 534.92
+12 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Қыркүйек
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Бала ілімсіз қуыскеуде болғаннан кейін суицидке барады - отбасы құндылықтарын насихаттаушы

Бала ілімсіз қуыскеуде болғаннан кейін суицидке барады - отбасы құндылықтарын насихаттаушы

Отбасы қазақ халқы үшін қастерлі де киелі ұғым.

  • 24 Қыркүйек
  • 3624
Фото - Caravan.kz

Сәт сайын жаңарған ақпарат пен көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан технология заманында отбасы институты мен отбасы құндылықтары да өзгеріске ұшырады. Осы ретте қазіргі қазақ қоғамы отбасы ұғымын қалай түсінеді? Шаңырақты шайқалтпау үшін не істейміз? осы және өзге де сұрақтарды Caravan.kz медиа порталы отбасы құндылықтары мен ұлттық салт-дәстүрлерімізді дәріптеуші, балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, рухани болмысын қалыптастыруға ықпал ететін «Алтын ұя» үйірмесінің жетекшісі Бақытгүл Тайгуренқызына қойып көрген еді.

Бақытгүл ханым, еліміздің ертеңі болатын ұрпағымыздың толық әрі ынтымағы берік отбасында тәрбиеленуі өте маңызды. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған қазақ үшін отбасы ұғымы қашан да үшін киелі болды. Ал, қазіргі қазақ қоғамында “отбасы” ұғымының деңгейі, құндылығы қандай?

— Отбасы — адам өмірінің ең маңызды құрылымы. Отан отбасынан басталды демекші, әр отбасының өз мәселері бар. Ол қаржылық, рухани, материалдық, немесе қарым-қатынас барысындағы мәселелер болуы мүмкін. Сондықтан, бәріне бірдей деңгейде баға беру қиын. Отбасындағы бақыт пен береке материалдық  жағдайда емес, сол отбасыдағы тәрбие, ұстаным, көзқарасқа қарай қалыптасады. Әрине, менің жеке көзқарасым бойынша қазіргі қазақ отбасында классикалық дәстүрлі тәрбиеміз ұмыт болып барады. Отбасы құндылықтары да кейінгі жылдары едәуір өзгерді. Мысалы, барлық  ата-ана баласының оқуда озат болып, өнер мен кәсіптің бәрін меңгергенін қалап тұрады. Осыны басты назарда ұстайды. Бұл үрдіс жақсы. Десе де, тәрбиесіз алған білім ,адам заттың қас жауы деген даналарымыздан қалған қанатты сөз бар. Бұл қазіргі балалар тәрбиесіз деген сөз емес. Тек, тәрбие негізгі құндылақтардың бірі екенін ұмытпасақ деймін.

Қазір отбасында дастархан басында айтылатын тәрбиелік мәні бар  әңгімелер айтылмайды. Сол айтылмаған әңгімеде әжелеріміздің дәстүрлі тәрбиесі, жазылмаған кітабы, адам баласы тұрғанда өлмейтін адамгершілік деген асыл ұғымның астарында парасатылықтың үлгісі, дала философиясының көкжиегі жатыр.

Ол дегеніміз — ар-ұят,  мейірім мен махаббат, жауапкершілік, еркіндік, обал-сауап. Осы айтылған құндылықтың бәрі бала кезден бойға сіңбесе, қалыптасып келе жатқан жас жеткіншектің жіңішкеріп үзіліп кететіндей бір кезеңінде қиындықа ұшырауы мүмкін.

Қазіргі ақпараттық, жаһандық өзгерістер заманында ынтымағы жарасқан отбасы болудың қандай да бір алғышарты, құпиясы бар ма?

 — Қазіргі заманда ақпараттық кеңістік дамыған сайын оның  пайдасымен бірге келеңсіз  жақтарының да қатар жүруі заңды құбылыс. Интернет желісінде біздің ұлттық мәдениетімізге, тәлім-тәрбиемізге жат көріністерді кездестіруге болады. Бұны ғалымдар «мылтықсыз майдан» десе, кейбіреуі «ақпараттық соғыс» немесе «ақпараттық семіздік» деп айтып жүр. Бұл мәселеге ілініп қалмас үшін әрбір ұлт өзіне тән ділі мен мәдениетін сақтап қалуы жолында орасан зор күш-жігер жұмсауы керек деп ойлаймын. Оның құпиясы мен алғыршарты да қиын емес.

Ата-ана баласына ұлттық құндылықты, салт-дәстүрді сіңіріп, баяғы ата-әженің мектебін алып келіп насихаттау керек. Ұлтқа қызмет етуді баланың құлағына кішкентайынан құюымыз керек. Сондай-ақ, бірлігі жарасқан отбасының басты құндылығы — еңбекті жоғары  бағалауында. Сондықтан баланы жастайынан еңбекқорлыққа тәрбиелеген абзал.

Ауызбіршілікте ғұмыр кешіп, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді өмірлік құндылыққа айналдырып, ынтымақ пен береке-бірлікті ту еткен отбасы қай заманда да жаман болмайды.

Ал, керісінше, яғни  берекесі кеткен, шаңырағы шайқалған отбасын сақтап қалуға бола ма? Болса, қалай?

—  Отбасында ер мен әйелдің өзінің атқаратын міндеттері бар екені белгілі. Егер, олардың әрқайсысы өзіне артылған міндетті жауапкершілікпен атқарып, ері әйелінің, әйелі ерінің құқықтарына құрметпен қараса, отбасының берекесі кетпейді. Ер азамат бір ұлы мұратқа  жету жолында борыш арқалауы тиіс. Әйел адам сол азаматты құрметтеу керек. Ортада жылы жүрек пен мейірім-махаббат, сүйіспеншілік пен түсіністікте өмір сүру керек.

Әлеуметтік желілерде отбасылық коуч, бақытты отбасы құрудың құпиясымен бөлісетін психолог, менторлар көбейіп кетті. Оны өзіңіз де байқап жүрген шығарсыз. Осы ретте “отбасы бақыты”, “шаңырақтың берік болуы”, “отбасы құндылығы” деген дүниелерді арнайы маманнан үйренуге бола ма, әлде ол тал бесіктегі тәрбиемен, өз ұясында көрген танымынан берілетін түсінік пе?

— Отбасындағы проблемалар әртүрлі жағдайлардан туады. Өмір болған соң адам баласы түрлі қиыншылықтармен бетпе-бет келеді. Қандай жағдайға тап болса да, шешуші сәте адам өзін-өзі  алып шығады.

Негізгі мәселе айналып келгенде адамға барып тіреледі. Атадан келген тек пен анадан келген тәрбиені қабылдау-қабылдамау адамның өз еркінде. Мың жерден жақсы тәрбие берсеңіз де, генетикалық кодтарыңыз 100 пайыз мықты болса да балаңыздың жақсы адам болып өсуіне гарантия бермейді. Сондықтан, құр тәрбие, білім берумен қатар балаңыздың ішкі рухани қабатында шыңдауыңыз керек. Еркіндігін ұштаңыз, жауапкершілік артасыз, шешім қабылдатып үйретесіз. Ар-ұятын жетілдіресіз. Сонда ғана ол тұлға, жақсы бір азаматқа айналады. Жоғарадағы сіз сұраған адамдардың көмегі сол кезде қажетіде болмайды деп ойлаймын.

Қазір мамандар мектеп оқушылары арасында жиілеп кеткен суицидті ата-ана мен бала арасында байланыстың болмауынан, жылулық жетіспеуінен деп түсіндіреді. Бұған не дейсіз?

— Адам  өзі үш  денеден  тұрғандықтан рухани дене әлсіз болып, физикалық дене мықты болып, психикасы дамып тұрса да рухани дене ілімсіз қуыскеуде болғандықтан бала суицидке  барады. Адам сыртқы соқыдан емес, ішкі бостықтан өледі. Іштегі бос кеңістікті бала кезден құндылыққа толтырмаса, оның кейінгі зардабы қиын болады. Көп ата-аналар баламен ашық сөйлесе бермейді. Қолайсыздықтың алдын алу үшін баламен сөйлесуді үйреніп, оны өз бетінше шешім қабылдатып, еркіндік пен жауапкершілікті іліп беру керек.

 Өзіңіз жетекшілік ететін “Алтын ұя” рухани даму үйірмесіне тоқталсақ. Мақсаты, басқа үйірмелерден ерекшелігі туралы айтсаңыз.

— Ұрпағымыз салиқалы, парасатты, көкрегі ояу болсын деген мақсатпен ашылған «Алтын ұя» рухани даму үйірмесінде салт-дәстүр дәріптеліп, жыр-дастандарды жаттауға  бағыт бағдар беріледі. Отбасы құндындылықтарын дәріптеп, балалардың кітапқа деген  қызығушылығын артыру жолын үйретеміз. Баланың рухани қабаты шыңдалады. Аңыз әңгіме, қисса-дастан, мақал-мәтел айту арқылы бала смартфоннан алшақтайды. Елдің дамуына, ұлттың сақталуына деген ниет пен іс-әрекет бастауында әрине, әже мектебі тұрғаны белгілі.

 Сөз соңында, жас отбасыларға, отбасын құруға дайындалып жүрген жастарға айтар ақыл-кеңесіңіз болса, мархабат.

— Жас отбасылар ата-ана болудың мәнін білсе екен деймін. Әрбір жас ата-анада қайтсем болашақ ұрпағымды даналыққа тәрбиелеймін деген сұрақ тұру керек. Отбасын құруға дайындалып жүрген жастарға айтарым: бір-біріңді танып білмей асығыс шешім қабылдамаңдар. Сезімнің ғана емес, жүрек пен сананың жетегіне ерген адам қателеспейді.