“Қазақтың әні мен күйі үндескен кеш”: Жамбыл атындағы филармонияда ерекше концерт өтті - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
-1 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
“Қазақтың әні мен күйі үндескен кеш”: Жамбыл атындағы филармонияда ерекше концерт өтті

“Қазақтың әні мен күйі үндескен кеш”: Жамбыл атындағы филармонияда ерекше концерт өтті

26 қыркүйек күні Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының Нұрғиса Тілендиев атындағы камералық залында қазақтың әні мен күйі қалықтаған ерекше концерт өтті.

  • 27 Қыркүйек
  • 4604
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

”Құлақтан кіріп, бойды алар” атты кеште филармония солистері, ҚР Мәдениет қайраткері Ержан Әлімбетов, Мәдениет үздіктері, Гаухар Асылханқызы мен Мақпал Қазыбекқызы, халықаралық байқаулар лауреаттары Біржан Бәзілжан, Жанқожа Аяпов өнер көрсетті.

Қазақтың әні мен күйі үндескен кеш Ержан Әлімбетовтың орындауындағы халық күйі “Ақсақ құланмен” басталды. Концертте халық ән-күйлерінен бөлек, Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Шашубай, Сүйінбай, Естай, Абай, Әбдіғали, Боғда, Құрманғазы, Қазанғап сынды халық композиторларының туындылары да шырқалды. Зал толы көрермен әр шығарманы ерекше толғаныспен, зор құрмет-қошеметпен қабылдады. Әсіресе, Мақпал Қазыбекқызың орындауындағы “Илигай” халық әні кешке келген халықтың жанын жадыратып, бір сәт қазақтың жазық даласына сапар шеккізді.

Рухани кеште қос ішекті домбыраның күмбірлеген күйі мен көмейіне бұлбұл ұялаған филармония әншілерінің орындауындағы халық әндері кезектесіп отырды. Ержан Әлімбетов “Жұртта қалған”, “Жем суының тасқыны”, “Айда, бұлбұл, Айжан-ай” күйлерін нақышына келтіріп тартса, бесаспап өнер иесі Гаухар Асылханқызы халық әні “Ақбаянды” қоңыр үнді сазсырнайда орындап таң қалдырды.

”Әнді сүйсең менше сүй” деп Хәкім Абай жырлағандай талантты өнерпаздар әуелеген әннің құдіретін тағы бір мәрте дәлелдеді. Кешті көрерменнен байланыс орната отырып, еркін форматта жүргізген Біржан Бәзілжан әр шығарманың тарихына тоқталып, халық әндері туралы ел біле бермейтін тың ақпараттармен де бөлісті. Ұлттық өнеріміз ұлықталған кеш соңында халық Біржан Бәзілжанға қолқа салып, “Молдабайдың әнін” орындауды өтінді. “Халық қаласа, хан түйесін сояды” дегендей, бұл шығарма бағдарламада болмаса да, өнер иесі көрерменнің өтінішін жерге тастамады. Осылайша, қазақтың ән-күйіне арналған концерт “Молдабайдың әнімен” өз мәресіне жетті.

Рухани кештің талғампаз тыңдармандары да ұлттық аспаптардың әсерлі үні мен дарынды әншілердің жоғары деңгейдегі орындауынан ұмытылмыс эмоция алғандарын айтты.

”Қазақтың халық әндерінен құралған бүгінгі кеш ешқашан ұмытылмайды. Тыңдарман ретінде өте керемет әсер алдық. Ежелгі қазақ мәдениетіне еніп кеткендей болдым. Әндердің жанды дауыста шырқалуы, өнерпаздардың көрерменмен байланыс орнатуы да көңілімнен шықты. Рухани сусындап, ерекше сергіп қалдым. Қазіргідей жаһандық өзгерістер заманында халық өзінің кім екенін, шыққан жерін, тегін, мәдениетін ұмытпау үшін осындай кештерді жиі ұйымдастыру керек. Филармония ұжымына бүгінгі кеш үшін алғыс айта отырып, шығармашылық шабыт пен табыс тілеймін”, — дейді Дильназ Іңкәрбекқызы есімді тыңдарман.

Кеш соңында филармония солисті, әнші Біржан Бәзілжан концерттің репертуарына тоқталып, шығармашлық ұжымның алдағы жоспарлармен бөлісті.

”Бүгін концертті ойдағыдай өткіздік. Халықтың ыстық ықыласы мен қошеметіне куә болдыңыздар. Бұл кеш — біздің ай сайын беретін концерттердің ішіндегі ең негізгілерінің бірі. Қазақ әнді сүйетін, күйді тебірене тыңдай алатын тамаша халық екенімізді бүгінгі көрерменнен-ақ байқауға болады. Сондықтан, бүгінгі концерт жоғары деңгейді өтті деп айта аламын. Репертуар таңдағанда әрқайсымыз өзіміздің жанымызға жақын шығарманы таңдауға тырысамыз. Әр концертке репертуар арнайы жасақталады, әндеріміздің қайталанбауын ескереміз. Келесі концерт “Қазақ киносының музыкасына саяхат” деп аталады. 17 қазақ күні өтеді. Барша тыңдармандарды, қазақ өнерінің жанашырларын сол концертте күтеміз. Тамаша ән мен күйдің кешінде жүздесейік”, — дейді Біржан Бәзілжан.