Уәдені үйіп-төккен Үкімет орман шаруашылығындағы қарапайым қызметкерлерді сан соқтырып келеді - kaz.caravan.kz
  • $ 480.11
  • 532.25
+19 °C
Алматы
2024 Жыл
2 Қазан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Уәдені үйіп-төккен Үкімет орман шаруашылығындағы қарапайым қызметкерлерді сан соқтырып келеді

Уәдені үйіп-төккен Үкімет орман шаруашылығындағы қарапайым қызметкерлерді сан соқтырып келеді

Семей орманында өрт болып ондаған отандасымыз опат болған кезде Үкімет өкілдері 2023 жылдан бастап орманшылардың айлығы өседі деп уәде берген еді. Сол уәде бүгін тек құжат жүзінде қалды.

  • 2 Қазан
  • 16
Фото: ашық дереккөз

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы орманшылардың түкке жетпейтін жалақысын айтып, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға сауал жолдады, деп хабарлайды Сaravan.kz медиа порталы.

Құжат бойынша уәде беретін Үкімет әлі күнге дейін қарапайым жұмысшыларды сан соқтырып келеді. Семей орманында өрт болып ондаған отандасымыз опат болған кезде Үкімет өкілдері «2023 жылдың 1 шілдесінен бастап орманшылардың айлығы өседі» деп кесіп айтқан еді. Бірақ айтылған сөз айтылған жерде қалды. Жалақы орман шаруашылығындағы басшылық құрам мен санаулы мамандық иесіне қосылғаны болмаса орман үшін от кешкен мыңдаған маман түкке жетпейтін жалақымен сол күйі қала берді.

Аталған мәселені былтыр қыркүйекте Мәжілістің төрінен көтергенде Үкімет өкілдері, салалық министр «жалақыны өсіреміз» деп уәдені үйіп-төкті. Тым болмағанда осы жолы оттан көйлек киіп орман өртімен күресетін мамандардың еңбекақысы өсер деп қатты үміттендік, 1 жыл дегенде ақжолтай ақпарат келді.

2024 жылдың 1 шілдесінде Премьер-Министр Олжас Бектенов еліміздегі орман шаруашылығы және табиғатты қорғау мекемелері қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларына үстемақы қосу туралы қаулыға қол қойды. 

Құжатқа сәйкес, орман өртін сөндіру бекеттерінің, орман шаруашылығы мекемелерінің, қоршаған ортаны қорғау және орман орналастыру ұйымдарының қызметкерлері лауазымдық жалақыларына 100 пайызға дейін өсімақы алуы керек еді. Олардың қатарында орман өртін сөндірушілер, өрт сөндіру көлігінің жүргізушілері, тракторшылар, радио операторлар, өрт сөндіру машиналарын, жабдықтар мен аппараттарды жөндеу жөніндегі шеберлер, өрт бақылау мұнарасының бақылаушылары бар. 

«Бірақ, 2023 жылы үмітінің күлі көкке ұшқан орманшылар 2024 жылы да дәл сол жағдайды бастан кешуде. Себебі бірнеше облыста аталған қаулы орындалмаған. Орманшылардың жалақысын көтерудің жүгі жергілікті бюджетке артылыпты, ол қамбада қаржы жоқ екен. Қаулы бар да қаржы жоқ», — деді депутат.

Депутаттың айтуынша, қаулы бойынша жалақысы өсуге тиіс облыстарда уәде орындалмаған. Атап айтқанда Батыс Қазақстан, Павлодар, Қызылорда, Маңғыстау, Арал ауданы, Қостанай және Жетісу облыстарында бұл қаулы орындалмаған. Орманшылардың жазған ресми арызы депутаттың қолында.

Айта кетейік, «Amanat» партиясы бұл сұрақты көтеріп жүргеніне біраз уақыт болды. Салдары ауыр. Еңбекақының төмендігінен жастар орманшы болып қызметке келгісі келмейді. Ал қазіргі қызметшілер, керісінше қызметтен кеткісі келеді. Орман бар, орын бос, жалақы жетпейді, осылайша.