Бұл туралы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мәлім етті деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы inform.kz-ке сілтеме жасап.
«Орташа алғанда атом электр стансасының құрылысы 10 жыл уақыт алады. Осы уақыт аралығында кадрларды дайындау бойынша арнайы бағдарлама әзірленеді. АЭС объектісінде толығымен қазақстандық мамандар қызмет көрсетеді. Сонымен қатар халықаралық біліктілігі бар барлық деңгейдегі жоғары білікті маман–инженерлер пулы дайындалады», — деді Роман Скляр Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, министр мамандар АЭС-тің штат құрамында болатынын айтты.
Бұған дейін Роман Скляр АЭС құрылысы жайында саяси тәуекелдер туындаған сәтінде қарастырылатынын айтқан еді.
«Консорциум болатын шығар. Ең бастысы — қауіпсіздік. Сонымен қатар біз салынатын жаңа станса ең тың жобалық шешімдер мен өз саласының көшбасшысы саналатын өндіруші елдің озық технологиясы болғанына мүдделіміз. Сондықтан шешім конфигурация бойынша қабылданады. Онымен мен де, Алмасадам Майданұлы да (Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев) айналыспайды. Арнайы жобалық топ болады. Ал орын алуы мүмкін саяси тәуекелдер туындаған сәтінде, яғни жобалау барысында қарастырылады. Егер мұндай жайт орын алса, онда түрлі компаниялармен, түрлі елдермен арадағы шартта санкциялық келісім болатындығы сөзсіз, — деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары БАҚ өкілдерінің сауалына орай.