Бүгінгі күн жағымсыз жаңалықтан басталды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Қостанай облысының кішкентай Жітіқара қаласында жер үй өртеніп, бес кішкентай баланың өмірін қиды. Пештің кесірінен үй отқа оранып, шатыры опырылып түскен. Қараусыз қалған балалардың ең кішкентайы бір жаста. Негізі, үйде алты бала бар, 13 жасар үлкені аман қалыпты. Қалған бесеуінің жастары: 8, 7, 5, 2 және 1 жасар бөбек.
Әкесі түрмеде, анасы кеше түнде қыдырып кеткен екен.
Қостанай облысының ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін таңғы сағат 04.29-да Қостанай облысы Жітіқара қаласында жеке тұрғын үйден өрт шығып, салдарынан шатыры опырылып түскен. Оқиға орнына 7 минут ішінде құтқарушылар келіп жеткенше, үй толығымен отқа оранған. Өрт сөндірушілер тез арада өртті сөндіріп, үйінділерді тазартуға кірісті. Сағат 06:08-де өрт оқшауланып, толығымен сөндірілді.
Апат кезінде үйде ересектердің қарауынсыз 2011, 2016, 2018, 2019, 2022, 2023 ж. кәмелетке толмаған балалар болған. Өкінішке қарай, үйінділерді тазарту барысында бес баланың өлі денесі табылды. Балалардың үлкені, 2011 жылы туылған бала ғана аман, зардап шекпеген.
Қазір оқиғаның себептері анықталуда. Өрт-техникалық зерттеу жұмыстары жүргізіледі.
Апаттар медицинасы орталығы филиалының психологтары туыстарына қажетті психологиялық көмек көрсетуде.
Жергілікті атқарушы органдар тарапынан барлық қажетті көмек, соның ішінде материалдық көмек те беріліп жатыр.
Қостанай облысының әкімдігі туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.
ТЖМ тұрғындардан кәмелетке томаған балаларды қараусыз қалдырмауды сұрайды.
«Шенділер барлық қаржылай көмекті көрсетеміз дейді. Енді кімге көрсетеді? Бес баланың денесін жерге көму көмек пе? Жітіқара кіп-кішкентай қала. Бір-бірінің қатты сөзі келесіге естіледі. Мына сәтсіз отбасы жайлы қамқоршы орган, учаскелік инспектор білмеуі мүмкін емес», — деді журналист Гүлмира Әбіқай.
Ал мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай суық хабарды естігенін айтып, жақындарына көңіл айтты.
«Жітіқарада бір үйдің бес баласы өрттен қайтыс болды» деген ақпаратты оқып, қабырға қайысты. Ауыр жағдай. Туыстарына, жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Берік болыңыздар», — деп жазды әлеуметтік желіде.