Жемқорлардан қайтарылған ақшаға салынып жатқан жайлы мектепті қайтадан жемқорлыққа айналдырдық па? - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
+4 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жемқорлардан қайтарылған ақшаға салынып жатқан жайлы мектепті қайтадан жемқорлыққа айналдырдық па?

Жемқорлардан қайтарылған ақшаға салынып жатқан жайлы мектепті қайтадан жемқорлыққа айналдырдық па?

Мектеп жетіспейді деп зарлаймыз да мектеп сал деп ақша берсе оны жеп қоямыз.

  • 25 Қараша
  • 12
Фото: caravan.kz

«Мемлекет қаржысын жымқырған жемқорлардан ақша тәркіленіп, мектептер салуға жұмсалуы тиіс» деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Соңғы кезде жемқорлардан тәркіленген ақшаға салынған мектептерге қатысты сындар көптеп айтыла бастады. Сонымен неше мектеп салынды, неше мектептің құрылысы аяқталды? Caravan.kz медиа порталының материалында.

Абай облысы, Ақсуат ауданының орталығы Ақсуатта биыл оқушылар жаңа салынған жайлы мектепте оқып жату керек еді. Мектепті пайдалануға бермек түгілі, іргетасы да дайын болмай шықты. Аудандық мәслихат депутаттары Астанаға дейін жазғанмен «Samruk-Kazyna Сonstruction» қоры қаржыландыруы тиіс мектеп сол күйі салынбады. Бірнеше мердігер ауысты.

Биыл 110 нысанды 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп былтыр мәлімдеп тастаған. Ақсуаттағы мектеп те осы 110 мектептің ішінде кеткен шығар. Сонда неше мектеп биыл салынбай қалды?

«Бақсақ бақа екен» демекші, құрылысты салушы компаниялар жайлы мектепті майшелпекке айналдырған секілді. Соңғы кездері осы жайлы мектепті салуға бөлінген қаржыдан қарпып келгісі келгендер жайлы ақпараттар әлемжелі мен сайттарға жиі шығып жатыр. Прайс-листте көрсетілген баға басқа, компаниялардың сатып алдық деген бағасы басқа болып шығуда.

Мысалы, электр құрал-жабдықтарымен қамтушы компания түріктердің «TEKLED» компаниясынан тауарды прайс-листте көрсетілген бағадан 30 пайыздан астам қымбатқа сатып алған. Олардың құжатында 12 млн 422 мың 483 теңге деп көрсетілген. Ал, прайс листтегі құны — 8 млн 760 мың 197 теңге! Бұл бір ғана мысал.

«Сонда ұры-қары мен жемқорлардан қайтарылған ақшаға салынып жатқан жайлы мектепті қайтадан жемқорлыққа айналдырдық па? Мектеп жетіспейді деп зарлаймыз да мектеп сал деп ақша берсе оны жеп қоямыз. Оңбаймыз ғой», — деп пікір білдірді Оңғар Қабден.

Елімізде жемқорлыққа байланысты тәркіленген қаражат есебінен 2024 жылдың соңына дейін 50-ден астам мектеп салынып, пайдалануға берілген. Алдағы уақытта осындай қаржы есебінен тағы 30 мектеп салу жоспарланып отыр. Жалпы, мұндай қаражаттың көмегімен 100-ден астам жаңа мектеп құрылысын қаржыландыру көзделуде.

Бұдан бөлек, “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы аясында 2025 жылдың соңына дейін 217 заманауи мектеп салынбақ. Бұл жобаның бір бөлігі жемқорлықтан қайтарылған қаражатты тиімді пайдалануға негізделген.

Бұған дейін Мемлекет басшысы арнайы шот арқылы тәркіленген қаржыны білім беру инфрақұрылымын дамытуға бағыттауды тапсырған болатын.

Ең қызығы, жемқорлардың ақшасына мектеп салып беріп жатқан білім саласының өзі былыққа батқан. Қазір бұл сала жемқорлық фактілері бойынша 2-ші орында. Бұл туралы жылдың басында мәлімдеген.

«Соңғы 3 жылда 500-ге жуық қылмыстық іс тіркелген білім саласында. Келтірілген залалдың көлемі – 15 млрд-қа жуық. 2023 жылы 248 білім саласының қызметкері әшкереленді», — деген еді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басқарма басшысы Нұрдәулет Сәмет.

Бір жылда 102 азамат сотталған. Мысалы, Қызылорда облысында мектеп бухгалтерлері 3 жыл бойы бюджет қаржысын ұрлап келген. Олар аудандық білім бөлімі басшысымен сыбайласып 1 млрд теңге жымқырған. 

Ал Талдықорғанда білім бөлімінің бас есепшісі 1 млрд теңгемен қашып бара жатып ұсталды. Кейін мамандар бірігіп жалпы 4 млрд теңге тонағаны айтылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұловтың айтуынша, 2022-2023 жылдардың ішінде ғана жемқор басшылар мен есепшілердің кесірінен мемлекетке 17 млрд теңге көлемінде залал келтірілген. Бұдан бұрын білім беру саласы жемқорлық қылмыстар бойынша бірінші орында екенін жазған едік.