Білім беру саласы жемқорлық қылмыстар бойынша бірінші орында - антикор - kaz.caravan.kz
  • $ 492.22
  • 529.38
0 °C
Алматы
2024 Жыл
7 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Білім беру саласы жемқорлық қылмыстар бойынша бірінші орында - антикор

Білім беру саласы жемқорлық қылмыстар бойынша бірінші орында - антикор

Қазір әрбір төлем операциясы өзінің электронды ізін қалдырады, бұл жымқыруды аналитикалық жолмен анықтауға мүмкіндік береді.

  • 4 Қазан
  • 18
Фото: ашық дереккөз

Жемқорлық етек алған барлық сала толық цифрландырылатын болады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұловтың айтуынша, 2022-2023 жылдардың ішінде ғана жемқор басшылар мен есепшілердің кесірінен мемлекетке 17 млрд теңге көлемінде залал келтірілген. Бұл туралы агенттікітің баспасөз қызметі мәлім етті.

Жемқорлық бойынша, әсіресе, білім саласында сорақы фактілер бар. Мысалы, Талдықорған қаласында білім беру бөлімінің меңгерушісі, бас есепші, бірнеше мектептің директоры 4 млрд теңгеден аса  қаржы ұрлаған. Сондай-ақ тұтқындау кезінде көліктен шамамен 1 млрд теңге шықты. Мұндай жағдайлар  басқа аймақтарда да анықталған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру саласында жымқыру фактілерінің алдын алу және жолын кесу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

«Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау барысында бюджет қаражатын жоспарлау және игеру кезеңдерінде педагогтердің еңбегіне ақы төлеу қорынан бюджет қаражатын жымқыру схемалары ашылды. Бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру процестерін автоматтандырудың, бұзушылықтарды бақылау және алдын алу тетіктерінің, сондай-ақ ақпараттық жүйелердің біркелкі болмауына байланысты көптеген фактілер мүмкін болып отыр», — деп хабарлады агенттіктен.

Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жою мақсатында Білім, Қаржы және Цифрлық даму министрліктерімен бірлесіп Жол картасы іске асырылып жатыр. Кешенді жұмыс аясында бюджетті жоспарлау процесін цифрландыру үшін құқықтық жағдайлар жасалды.

Бірінші кезекте, «Бухгалтерлік операциялардың бірыңғай қоймасы» жобасы енгізілді, Ұлттық білім беру базасында мемлекеттік органдармен интеграцияланған «Педагог портфолиосы» электрондық модулі әзірленді. Сондай-ақ сатып алынатын бухгалтерлік есеп жүйелеріне бірыңғай техникалық талаптар көзделген, тәуекелдерді басқару жүйелері және т. б. енгізілген.

«Іске асырылған цифрлық шешімдердің арқасында өңірлік басқармалар мен білім бөлімдері ай сайын бухгалтерлік есеп және қазынашылық жүйелерінің есептерін салыстырып отырады. Бұдан басқа, мемлекеттік аудит органдары тарапынан жалақыны көтерумен бірге дербес және банктік деректерді бұрмалаумен ұштасқан педагогтердің еңбекақы төлеу қорынан күдікті төлемдердің қашықтықтан мониторингі енгізілді», — делінген хабарламада.

Қазір әрбір төлем операциясы өзінің электронды ізін қалдырады, бұл жымқыруды аналитикалық жолмен анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ағымдағы жылы Агенттіктің бастамасы бойынша бюджеттік процестерді автоматтандыруға, қазынашылық жүйесін білім беру ұйымдарының бухгалтерлік есеп жүйелерімен интеграциялауға, төлем құжаттарына қол қою кезінде биометрияны енгізуге бағытталған цифрлық шешімдер енгізілді.

Бұл шаралар қаражаттың жұмсалуына тиімді бақылау орнатуға мүмкіндік береді. Егер жоба енгізілгенге дейін былтырғы істер бойынша Антикор анықтаған залал миллиардтаған сомамен (17,3 млрд) өлшенсе, биылғы жылы жымқыру айтарлықтай азайтылды (7,3 млн).