Әлеуметтік желіде Ресейден келген орыстарға Қазақстан азаматтығы ақшаға сатылып жатыр деген ақпарат тарады, деп хабарлайды Сaravan.kz медиа порталы.
Жарнамада құжатты рәсімдеу 6500 еуродан басталады делінген. Сонымен қатар оны бөліп төлеу мүмкіндігі бары да айтылған. Бұдан бөлек Қазақстан азаматтығын алудың бірқатар артықшылықтары да жазылған. Мысалы тегін медициналық көмек, 90 елге визасыз қатынау және Е-2 америкалық визасын алу.
Тараған ақпаратқа байланысты ҚР Ішкі істер министрлігі пікір білдірді.
«Аталған фирма паспорт, жеке куәлік, азаматтық алу сынды құжаттарды рәсімдеумен айналыспайды. Осы ретте министрлік алаяқтық фактілері барын ескертіп, сақ болуға шақырады», — делінген ресми жауапта.
Кез-келген құжатты алу үшін ҚР Ішкі істер органдарына жүгіну керектігін де еске салды.
Айта кетейік, ІІМ мәліметтері бойынша, 2022 жылы Қазақстан азаматтығын 1 436 Ресей азаматы алған, оның ішінде 484 қандастар. 2023 жылы – 3 505, оның ішінде 1 303 қандас; 2024 жылдың 10 айында-1 724, оның ішінде 412 қандас.