Түзетуді Индустрия және құрылыс министрлігі әзірледі, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. Мемлекеттік тұрғын үй қорындағы пәтерді жекешелендіру ережесі бар қаулы «Ашық НҚА» сайтына шықты.
Не өзгереді?
— «Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» ұғымы болмайды
Мақсаты — әлеуметтік осал топтағы тұрғындарға жалға алған пәтерін сатып алуға мүмкіндік беру. Бұл олардың баспаналы болуына көмектеседі және мұндай үйді күтіп ұстауға кететін әкімдік шығынын азайтады.
— Жалға берілетін тұрғын үйді жекешелендіру мүмкіндігі пайда болады
Мемлекеттік тұрғын үй қорындағы баспананы жекешелендіру ережесіне сәйкес, жалға алушы сатып алу құқығынсыз пәтерді сатып ала алмайды.
Қазақстанда осындай үйде тұратын он мыңдаған отбасы баспананы қалдық құны бойынша сатып ала алады.
— Жекешелендіру шарты жақсарады
Қолданыстағы ереже бойынша бастапқы жарна пәтер құнының 30 %-ын құрайды және 10 жыл бөліп төлеуге болады.
Жаңа ережеде алғашқы жарнаны 10 %-ға төмендету көзделген және бөліп төлеу мерзімі белгіленген. Атап айтсақ:
— тұрғын үйдің қалдық құны 15 млн теңгеден аз болса — 10 жылға дейін;
— 15 млн теңгеден көп болса — 15 жылға дейінгі мерзімге рәсімдеуге болады. Қалдық құн — үйдің физикалық тозуын есепке алғандағы бастапқы бағасы.
Бөліп төлеуді есепке алғанда жалпы төлем сомасы кестеде көрсетіледі және ол жекешелендіру келісімінің маңызды қосымшасы болады.
— Апатты тұрғын үй иелеріне жекешелендіруге рұқсат беріледі
Бұрын апатты үйде тұрып, кейін мемлекеттен пәтер жалға алғандарға да жекешелендіру құқығы беріледі. Қазір олар тек жалға алу мүмкіндігіне ие. Апатты тұрғын үй коммуналдық меншікке өтеді.
— Бұрын жекешеленген тұрғын үйдің 50 % үлесіне иелік ететіндер жекешелендіруге қатыса алады
Бұл бұрын жекешелендірілген пәтерде үлесі бар адамдарға қатысты. Мысалы, ата-анасы пәтерді жекешелендірді делік, баланың да онда үлесі бар.
Мәселе мынада: қазір есейген баланың үлесі 50 % болса, ол мемлекет берген тұрғын үйді өз атына жекешелендіре алмайды. Үлесі 50 %-дан аз болуы керек.
Енді бұл мәселе шешіледі. Бұрын жекешелендірілген тұрғын үйде негізгі жалға алушының 50 % немесе одан аз үлесі болуы оның мемлекеттік қордағы пәтерді жекешелендіруіне кедергі болмайды.
Өзгеріс Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы «Жұмыс істейтін жастарға арналған сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасына әсер етпейді. Мұнда керісінше, жалға алушылар үшін шарттар қатаңдады:
— пәтер үш жылға ұзарту мүмкіндігімен бір жылға жалға беріледі,
— қатысушы үш жылда бастапқы жарна — кемінде 10 % жинауы үшін Отбасы банкте депозит ашып, жыл сайын 170 АЕК жинауға міндетті.