Кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Болаттың ата-анасы эксклюзивті сұқбат берді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. Қазір тергеу аяқталуға жақын, алайда соттың қашан өтетіні белгісіз. Бұл туралы отбасының адвокаттары мәлімдеді. Сұқбат Airan YouTube арнасында шықты.
Еске салайық, 16 жастағы Шерзат Болаттың өлімі қоғамды дүр сілкіндірген еді. Қанды оқиға 4 қазан түні орын алды. Бір топ ер азамат жасөспірімді, әкесі мен ағасын қоса соққыға жыққан. Шерзат жүрек тұсынан пышақ жарақатын алып, ата-анасының қолында қайтыс болды.
Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың айтуынша, олар әлі де ата-анасының үйінде тұрып келеді. Жанып кеткен үйдің орнына әкімдік уәде еткен баспана берілмеген, тіпті үйнің өтемақысы да төленбеген.
«Қоғамда біз халықтан ақша жинап жатырмыз деген қауөсет тарап жатыр. Мен қауіпсіздік қызметіне жүгініп, ақ-қарасын ажыратайын дедім. Расында да, кейбір адамдар менің атымнан жинақ ашқан екен. Алайда менің оған қатысым жоқ. Қазір дүкен жұмыс істемейді, ал мен төленбейтін демалыстамын. Кешегі күннен бастап ет сатумен айналысуды қолға алдым. Ақырындап жұмысымызды бастадық», — дейді Қаржаубай Нұрымов.
Шулы іс қоғамда кеңінен талқыланып жатқан кезде, отбасын әлдебіреулер қорқытып жатқаны туралы ақпарат пайда болған. Қазір бәрі тынышталған көрінеді.
«Шерзат әрқашан есімізде, жүрегімізде. Ол біздің ең асыл баламыз еді. Сондықтан ұлымыздан айырылу біз үшін әлі де қиын. Ол еркіндікті жақсы көретін, ақкөңіл, қолы ашық еді. Барлығына көмектесіп жүретін. Менің сөзімді ешқашан жерге тастамайтын. Қазір еске алған сайын көзімізден жас ағады. Шерзат туралы естеліктеріміз көп«, — деді анасы Гүлбара Бейшімбаева.
«Шерзат туралы көп айтуға болады. Ол мектепте жақсы оқыды, кішкене қырсықтығы болмаса, өте салмақты еді. Достары көп болатын, менімен салыстырғанда, оны көпшілік білетін, себебі қолы ашық, әрдайым көмегін аямайтын. Өмірге шын ғашық еді. Ғұмыры тым қысқа болса да, 16 жыл ішінде бізге өшпейтін бақыт сыйлап кетті», — деп еске алды әкесі.
Марқұмның анасы ұлын өлтірген бір топ азаматтардың қатыгез екенін айтып, әдейі жасады деп санайды.
«Көздерінде қатігездік бар еді. Олар әдейі жасады, бәрібір еді. Қазір олардың аналары сол оқиға орнында болғандай айтып жатыр. Балаларының қандай екенін білмей тұра, бізді кінәлап жатыр. Мен кінәлілердің өмір бойына бас бостандығынан айырылғанын қалаймын”, – дейді Шерзаттың анасы.
Тергеу амалдары аяқталуға жақын. Жақын арада құжаттар прокуратураға жіберіледі дейді отбасының адвокаты.
«Отбасымен психологтар жұмыс жасап жатыр. Себебі бұл қайғы отбасын қайыстырды. Олар болашақта өтетін сот процестеріне моральды тұрғыдан дайын болулары керек. Қазір тергеу амалдары аяқталуға жақын. Менің есебім бойынша, сот қашан болатыны келесі жылдың басында белгілі болады», — дейді қорғаушы Саида Тәукелева.
Басында 7 күдіктінің ұсталғаны айтылған. Қазір 11 адам аталмыш іс бойынша қамауға алынды. Қорғаушылардың сөзінше, бұл қылмыстық іс тек адам өлтіру бойынша ғана емес, қылмыс туралы жасыру, өрт жағдайын да қоса қарастырады.