Еңбек құқығының бұзылуы арнайы реестрге тіркеледі - kaz.caravan.kz
  • $ 515.25
  • 535.91
-8 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Еңбек құқығының бұзылуы арнайы реестрге тіркеледі

Еңбек құқығының бұзылуы арнайы реестрге тіркеледі

Жосықсыз жұмыс берушілердің алғашқы реестрі 2025 жылдың басында жарияланады.

  • 13 Желтоқсан
  • 52
Фото: qaz.qyzyq.kz

Жосықсыз жұмыс берушілердің алғашқы реестрі жасалады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Kazinform мәліметінше, бұл бастаманы «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры көтеріп отыр. Аталған тізім жұмыс берушінің еңбек заңнамасын сақтауына қоғамдық бақылауды күшейтуді, Еңбек кодексін бұзу жайттарын жария етуді көздейді.

Жұмысшының Еңбек кодексінің 22-бабында қарастырылған құқығын бұзған кез келген жұмыс беруші реестрге енгізілуі мүмкін. Жалақының кешіктірілуі, қауіпсіздік техникасын сақтамау, жұмыс тоқтап тұрғаны үшін ақы төлеуден бас тарту, төленетін еңбек демалысын бермеу, жұмыстан заңсыз шығару сынды жағдайлар да реестрге енгізуге себеп бола алады.

Бұл тұста жұмыс беруші мен жұмысшы арасында еңбек шартының болуы міндетті емес. Қолында еңбек шарты болмаса да, жұмысшының Еңбек кодексінде қарастырылған құқықтары бар.

«Бұл реестрдің жүзеге асырылуы еңбек құқығы бұзылған жұмысшылар мен осы мәселеге бейжай қарамайтын қазақстандықтардың белсенділігіне байланысты. Жұмыс беруші алдап кетсе немесе осындай жағдайға куә болсаңыз, бізге хабарлауға шақырамыз. Реестрге қоссақ, компания атауы мен жетекшілерін барша ел білетін болады. Реестр – жай ғана тізім емес. Жұмысшы құқығын қорғау мүмкіндігі. Біздің бастамамыз әр адамның еңбегі бағаланатын қоғам құру жолындағы қадам боларына сенеміз», − деді қор директоры Дана Рысмұхамедова елордада баспасөз мәслихатында.

Еңбек құқығының бұзылуы жайлы ақпаратты жұмысшы, ұжым, БАҚ, билік органдарының өкілдері, кәсіподақтар, үкіметтік емес ұйымдар және оқиға куәгері де ұсына алады. Онда заңды тұлғаның атауы, мекенжайы, саласы, құқықбұзушылық түрі сияқты деректер болады.

Жосықсыз жұмыс беруші реестрінің ережесінде ұсынылған мәліметтердің дәйектілігі қатаң бақыланады. Өтініш беруші еңбек қатынасы мен құқықбұзушылық фактісін растайтын құжаттарды ұсынуға тиіс (мәселен, хабарламалар скриншоты, еңбек шартының көшірмесі). Егер жұмыс беруші әрекетіне қатысты еңбек ұжымынан шағым түссе, жұмысшылар қол қойған парақты ұсыну жеткілікті.

Қор ақпаратты ашық дереккөздерден тексере алады. Қажеттілік туындаған жағдайда ресми сұрау жібереді. Алайда деректердің растығы үшін жауапкершілік өтініш берушіге жүктеледі. Шындыққа жанаспайтын шағымдардың алдын алу үшін өтініш берушіні жауапкершілік жайлы ескертудің бірнеше кезеңі қарастырылған.

Реестрге енген жұмыс берушілер уәжбен келіспесе, ақпаратты жоққа шығаратын дәлелдерді ұсына алады. Олар расталса, тізімнен шығарылады. Бірақ құқықбұзушылық қайталанса, бұл жұмыс берушіні реестрден алып тастау уақыты созылады.

Қор өтініш берушілердің жеке деректерін жарияламайды. Реестр қордың adildik.org.kz сайтында жарияланады. Кез келген адам оның мазмұнымен таныса алады.

Осылайша ақпаратты бір жерде жинақтау қазақстандықтарды жосықсыз жұмыс берушімен еңбек қатынасынан қорғайды. Реестрді іске қосу қоғамдық бақылауды дамытып, құқықтық мәдениетті нығайтуға жағдай жасайды.

Жосықсыз жұмыс берушілердің алғашқы реестрі 2025 жылдың басында жарияланады.