Биыл ел экономикасы айтарлықтай тұрақты өсім көрсетті - сарапшы - kaz.caravan.kz
  • $ 524.66
  • 550.21
-6 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Биыл ел экономикасы айтарлықтай тұрақты өсім көрсетті - сарапшы

Биыл ел экономикасы айтарлықтай тұрақты өсім көрсетті - сарапшы

Биылғы жылды табысты қорытындылап, келесі жылы жоғары нәтиже көрсетуге әлеуетіміз бар.

  • 18 Желтоқсан
  • 4
Фото: kp.kz

Қазақстан биыл қандай жетістіктерге жетті? Қаржы сарапшысы өз болжамымен бөлісті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Биыл еліміз үшін жаман жыл болмады. Экономикада, сыртқы геосаяси байланыстар бойынша да біраз іс атқарылды. Елімізде біршама халықаралық шаралар өтті. Экономикалық көрсеткіштердің өсуі жоспарға сай болды.

Алдын ала бағалау бойынша биылғы 11 айдағы ЖІӨ өсімі 4,4%-ды құраған. Үкіметті қуантып отырған тұсы — бұл өсім негізінен мұнайдан тыс секторды дамыту арқылы келген. Мысалы, экономика өсімінің 70%-дан астамы өңдеу өнеркәсібі, сауда, ауыл шаруашылығы мен құрылыс есебінен қалыптасқан екен. Нақтырақ айтқанда ауыл шаруашылығында жалпы өнім шығару 13,4%-ға өскен, бұл соңғы 13 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Сол сияқты құрылыс 10,3%, сауда 8,2%, көлік қызметтері 8,1%, байланыс 5,3%, өңдеу өнеркәсібі 5,3% өсім көрсеткен. Жалпы, аталған кезеңде отандық тауарлар өндірісі 5%,-ға, көрсетілген қызметтер 4,5%-ға өскен. Бұл өсім инвестицияларға да қатысты, яғни, капиталға салынған инвестициялар көлемі 3,1%-ға артып, 15,8 трлн теңгеге жеткен екен.

Жыл санап экономиканың қай саласы болмасын жақсы өсім көрсетіп келеді. Бұл түрлі факторлардың қосындысы екені анық. Халықтың сатып алу қабілеті артқан, ол ішкі сауданың қызуына ықпал етеді. Экономика өте тығыз сала, оның өсуі елдегі басқа салалардың да қарқынды дамуына айтарлықтай ықпал етеді.

Мемлекет тарапынан отандық тауар өндірушілерге көрсетіліп жатқан қолдау да орасан зор. Соның арқасында биыл экономикадағы шағын және орта бизнестің үлесі 1,8%-ға артып, 38,2%-ды құраған. Қазір елімізде жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 2 млн кәсіпорыннан асып жығылады. Бұл кәсіпорындар ел бойынша 4,2 млн-нан астам қазақстандықты жұмыспен қамтып отырған көрінеді.

Сондай-ақ кәсіпкерлер үшін ыңғайлы цифрлық экожүйе қалыптастыру мақсатында «Бизнестің цифрлық картасы» жобасы жүруде. Қазір кәсіпкерлердің сұрақтары бойынша елімізде 99,3% мемлекеттік қызмет электрондық форматта көрсетіледі екен. Бұл енді мақтануға тұрарлық нәтиже.

Сыртқы сауда айналымына келсек, ол биылғы 10 айда $116,9 млрд-ты құраған. Қазақстандық тауарлардың экспорты 5,1%-ға өсіп, ақшалай көрсеткіште $68,5 млрд-қа жеткен. Ал өңделген тауарлардың экспорты 10,2%-ға ұлғайып, $23,3 млрд-қа барып табан тіреген.

«Жалпы, биыл ел экономикасы айтарлықтай тұрақты өсім көрсеткені анық. Биылғы табысты қорытындылап, келесі жылы бұдан да жоғары нәтижелерге жетеміз деп сенейік. Әрі оған әлеуетіміз жетіп-ақ тұр», — деп қорытындылады ойын Айбар Олжаев.