Бір жарым айға созылған сот процессі аяқталды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны әрі заңгер Серікжан Ахметжанов бұрынғы уақытты қайтаруды талап етіп, сотқа шағым түсірген еді. Азамат Үкіметтің 2024 жылы 19 қаңтарда енгізілген қаулысын заңсыз деп танып және күшін жоюды талап еткен.
Сөзінше, бұл шешім астрономиялық уақытқа сәйкес келмейді. Үкімет өз құзіреті шеңберінен шығып кетті деп айыптады.
Процесс бір жарым айға созылды. Сот шешімі шықты. Сот заңгердің талаптарын қанағаттандырмады. Осылайша Шығыстың тұрғыны Үкіметтен жеңіліп қалды.
«Үкіметтің қаулысы Конституцияның 69-бабына сәйкес қабылданған. Сондай-ақ сотқа жүгінген азамат үш жылдық талап қою мерзімін өткізіп алды», — деп түсіндірді судья.
Он миллион адам қарсы болған уақыт белдеуін зерттеуге шамамен 160 млн теңге жұмсалмақ. Яғни, уақыттың өзгеруі ең алдымен азаматтарымыздың денсаулығы мен әл-ауқатына, олардың жайлы өміріне қалай әсер ететіні зерттеледі. Депутаттардың пікірінше, Үкімет айтқан үш жыл тым ұзақ мерзім. Сондықтан, зерттеуді үш ай ішінде аяқтау дұрыс деп санайды. Сондай-ақ олар келесі жылдың наурыз айында зерттеу қорытындыларын және нақты шешу жолдары бар ұсыныстарды күтетіндерін жеткізді.
Ал сотта жеңілген заңгер Ахметжанов шешімге келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін жеткізді.
«Мұнымен тоқтамаймын, апелляциялық сот, Жоғарғы сот, Конституциялық сотқа жүгінемін, одан да қайран болмаса, халықаралық сотқа барамын», – деді ол Азаттық тілшісіне телефонмен.
Айта кетейік, биыл 1 наурызда Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне (UTC+5) көшті. Үкімет осылайша «өңірлер арасындағы уақыт кедергісі жойылып, бизнес пен мемлекеттік мекемелер жұмысы жақсарады, көлік қатынасын үйлестіру оңайлатылады және елдің көп бөлігі табиғи уақыт белдеуіне жақындайды» деді.
Алайда шешімге бұрын UTC+6 белдеуімен өмір сүріп келген өңірлерде тұратын жұрт наразы болды. Әсіресе жерінің көп бөлігі UTC+6 белдеуінде орналасқан Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары жиі қарсылық білдіріп келеді. Олардың айтуынша, жаңа уақыт белдеуі қабылданғалы таң ерте атып, қараңғы ерте түседі, соның салдарынан ұйқы азайып, адам шаршап-шалдығады. Мал мен бау-бақшаны күтіп-баптауға да уақыт қолайсыздық туғызады. Наразылар бұрынғы уақыт белдеуін қайтаруды сұрап петиция жариялаған, бірақ сауда және интеграция министрлігі қабылдамады.