Сенат депутаттары есірткі мен психотроптық заттардың, прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы күресті күшейтуге бағытталған заң жобасын екі оқылымда қарап, мақұлдады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
ҚазАқпарат агенттігінің мәліметінше, заң жобасын таныстырған сенатор Наурызбай Байқадамов бұл құжат «есірткі көмушілер» мен оларды қылмысқа итермелейтіндердің арасындағы қылмыстық жауапкершілікті ажырату үшін әзірленгенін еске салды.
«Қылмыстық кодекстің 297-бабында есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу қылмыстарының бірқатары үшін жаза мерзімдері 2 жыл мерзімге, ал кейбіріне — 3 жыл мерзімге төмендету арқылы өзгертіледі. Аталған қылмыстар үшін мүлiктi тәркiлеу жазасы сақталады. Қылмыстық кодекс жаңа 297-1-баппен толықтырылады. Яғни, есірткі бизнесін ұйымдастырушылар мен есірткі және есірткі тектестерді өндірушілердің жазасын бас бостандығынан айыру мерзімін өмір бойына дейін ұлғайту арқылы күшейтіледі», — деді депутат.
Ал 297-1-баптың қылмыстарын қызмет бабын пайдаланып жасаған лауазымды адамдарға мүлкін тәркілеу, он бес жылдан жиырма жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
«Заңда Қылмыстық кодекстің 301-бабын толықтыру арқылы, елдің ішінде күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы мен өндірісі үшін жауапкершілік белгілеу көзделеді. Қазіргі уақытта олардың контрабандасы үшін ғана жауапкершілік қарастырылып келді. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне күшті әсер ететін зат ұғымы енгізіледі. Профилактикалық мақсатта есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді, күшті әсер ететін заттарды медициналық емес мақсатта тұтынуға тыйым салу белгіленеді», — деді сенатор.
Заң жобасында заңнамадағы «препарат» және «уытқұмарлық» ұғымдарын нақтылау ұсынылған.
Сондай-ақ, құрамында есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар бар дәрілік препараттарға рецепт бере алатын лауазымдар мен ұйымдар тізбесін айқындайтын мемлекеттік орган белгіленбек.
Айта кетейік, бүгінде есірткі қылмысымен 49 жасөспірім ұсталды. Қылмыстық атқару жүйесінің мекемелерінде 9 жасөспірім қамауда отыр. Олар сотталғанға дейін есепте тұрмаған және ақша табу мақсатымен қылмыс жасаған. Алматыда ондай адамдарды ұстауға арналған жалғыз колония бар.