Ардақ Назаров Парламент мінберінен анасын 70 жасқа толуымен құттықтаймын деп сынның астында қалған еді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Мәселенің мән-жайы
Бірер күн бұрын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ардақ Назаров парламент отырысында депутаттық сауал жолдамас бұрын анасын туған күнімен құттықтады.
«Осында отырған барлық азаматтың артында әлемнің жарығын сыйлаған аналар тұр. Менің анашымның бүгін туған күні еді, 70 жасқа толып отыр. Құттықтауға рұқсат етсеңіз», — деген ол мәжіліс вице-спикері Дания Еспаевадан рұқсат сұрап, анасына ақ тілегін айтты.
«Қадірлі анашым, сізді туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздің мейірімге толы жүрегіңіз бен жүзіңізден төгілген нұрға шомылып өстім. Анашым, әкетайым екеуіңіз құстың қос қанатындай мәңгі бірге болып, құдай бере салған немелеріңіздің қызығын көріңіздер. Анашым, мен сізді қатты жақсы көремін, сіздің алдыңызда басымды иемін. Баршаңыздың аналарыңыз аман болсын!» — деді Ардақ Назаров.
Анасына жүрекжарды тілегін арнаған депутатты әріптестері қол соғып, қолдады. Дегенмен қоғам белсенділері мен желі қолданушылары Ардақ Назаровтың бұл әрекетін қатаң сынауда.
«Сөзін 4 балаға көңіл айтудан бастай ма десек…»
Журналист Гүлмира Әбіқай депутаттың бұл қылығын қисынсыз әрі депутаттық этиканы бұзу деп бағалады.
«Ел тағдырын шешетін мінбер құттықтау алаңына айналды ма? Ардақ Назаровтың дәл қазір анасын құттықтауы тым қисынсыз һәм депутаттық этика бұзу! 2 жыл бұрын өзі сайланған округ Талғар ауданы қылмыстан көз ашпай тұр. Шерзат марқұмның өлімінен соң мұндағы қылмыс құрықтала ма десек, керісінше өршіп барады. Депутаттық бақылау, істі қадағалау болған жоқ. Айтпақшы, Назаров Шерзаттың өлімінен 2 апта өткен соң келді Талғарға. алықпен кездесу үшін емес, қайғы болған фонда фотоға түсіп, желіге салу үшін. Бұл жолы кешегі жағдайдан соң, жесір әйел мен жетім қалған 4 балаға көңіл айтудан бастай ма десек, құттықтау айтып қуып кетті. Жаңа саяси маусымда жаз бойы аралаған ауылдардың жасалған нәтижесін баяндасын сөз таппаса», — деп жазды журналист Instagram желісіндегі парақшасында.
«Менің осы жақта пайдам жоқ, құр отырмын деп кетіп қалу керек»
ММА спортшысы «Найман» лақап атымен танымал Хамитов те Ардақ Назаровтың Парламент мінберінен анасын құттықтауына байланысты пікір білдірді. Спортшы елдің мәселесін шешуге қауқарсыз депутаттардың қызметтен кеткені дұрыс болатынын айтты.
«Достар, ассалаумағалейкүм. Қазір енді Арекең анасын туған күнімен құттықтап, интернетті жарып жатыр ғой. Халық екіге бөлініп жатыр. Менің айтайын дегенім, бізді Алла сол күнге жеткізсін, Алла бұйырса, біз арабтар сияқты өте бай, қазақтардың бәрінде 5-6 көлік, ақ киімнің орнына шапан киіп алып, басқа мемлекеттерден құл әкеліп, бір адамның басында 5-6 үйден болса, арабтардан асып, бай болып бара жатқанда, медицина мен университет тегін, үйленгендерге тегін үй берілсе, Қытайды алып келіп, технология мен ауыл шаруашылықты көтеріп, жағдайдың бәрін істеп тастағанда депутаттар «Енді не істейміз?» деп ойланса болады. Құттықтаймыз ба, бір-бірімізбен бәстесеміз бе, депутаттар отыратын жерге диван қойып, ұйықтайсыздар ма, оның бәрін істеуге болады. Бірақ қазір емес, оның уақыты келген жоқ. Неге десеңіздер, 2010 жылы менің бала кезімнен бастап халықтың жағдайы өзгермеген. Әлі сол жұмыссыздық, киім-кешек жоқ, несие. Қазір ұйықтайтын емес, экономикалық, даму жағынан соғысатын заманда сондай ғана депутаттар қалуы керек қой. Қалғаныңның бәрің жігітше кетіп қалсаңдаршы, менің осы жақта пайдам жоқ, құр отырмын деп кетіп қалу керек. Сондықтан еліміз үшін еңбек етуді тоқтатпайық», – деді спортшы.
Назаровтың өзі не дейді?
Депутат өзін сынап жатқандарға жауап беріп те үлгерді. Назаровтың сөзіне сенсек, ол Парламенттегі құттықтауы арқылы анаға деген құрметін көрсеткісі келген көрінеді.
«Қадірлі жақсыларым!
Анасын туған күнімен құттықтады деп даурығып жатқан жандарға жол болсын. Кеше ғана әкесін қан-жоса етіп тепкілеп, боқтаған видеоны баршаңыз көрдіңіздер. Бұл – қабырғамызды қақыратып, жүрегімізді сыздатты. Оны көрген жас ұрпақ ертең оны қайталамасына кім кепіл?
Ең ауыры бұл бейнежазбаға түскен бір ғана оқиға. Шын мәнінде, Ұрпағым үшін деп ғұмыр кешкен қаншама әкелер жетесіз ұлдарының қолынан қаза тапқанын естіп те жүрміз. Бірақ дәл осындай сәтте елге ой салсақ, өскелең ұрпаққа сабақ болса деген ниетпен биік мінберден, биік – анаға деген құрметімді жеткізгім келді.
Мәселе — Парламент төрінде құттықтағанымда емес. Мәселе – қайда жүрсең де, қандай қызмет атқарсаң да, мейлі кім болсаң да ата-анаңды құрметтеуді ұмытпауда. Біз үшін елімізде талқылайтын, бұдан да маңызды мәселелер бар. Тоқтаусыз ажырасулар, қыздардың қорлануы, тастанды сәбилер, ұрлық, алаяқтық, есірткі, арақ, зинақорлық, кісі өлімі және жетімдер үйінің қаракөздерге толуы.
Мен 2004 жылдан бері балалар үйінің бір мүшесімін, көмектесемін, сонымен қатар тәрбиесіне атсалысып келемін. Бұдан аз уақыт бұрын балалардың саны 52-ге азайғанда қуанып едік. Соңғы екі жылда 158 балаға өсіп кетті. Бұл бір ғана балалар үйінен мысал. Көбісі қаракөздер, ата-аналары бар, бірақ арақ пен есірткіге салынып кеткен. Міне, нағыз қасірет – осылар.
Тәуелсіздігімізді қалай сақтаймыз? Ұрпағымызды қалай тәрбиелейміз? Ұлтымыздың Ұлы жолын қалай қалыптастырамыз? Осы сұрақтар бәріміздің ең басты уайымымызға айналмайынша – біздің ел болып кетуіміз қиын. Сондықтан есімізді жиып, өмірге басқа көзқараспен қарайық, елдің ертеңіне алаңдайық», — деп жазды ол.
Халық айтса…
Депутаттың әлеуметтік желідегі жазбасына желі қолданушылары түрлі пікір жазуда. Олардың басым бөлігі депутатқа «Мәжіліс залын сахнаға айналдырды» деп шүйлігуде.
«Ұпай жинаймын деп, хейтке қалдыңыз», «Керек емес нәрсе жасадыңыз», «Уағыз айтып жүрген кездері жақсы еді. Қуып кетті анасына құрметті үйінде көрсете бермей ме», «Осылай мәжіліс залын сахнаға айналады», «Мәжіліс залын сахна қылды ғой», — деп жазды олар.



