Еңбек нарығында қалыптасқан жағдай экономиканың классикалық заңдылықтарына бағынбай тұр. Неге? Алпауыт зауыттар, құрылыс саласы мен шаруа қожалықтары жұмысшыларға зар болып отыр. Ал дипломы бар мыңдаған адам лайықты жұмыс таба алмай жүр. Мұндай парадокс қалай пайда болды? Caravan.kz медиа порталы зерттеп көрді.
Жоғары жалақы болса да, үміткер жоқ
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, электронды еңбек биржасында бүгінде 900 мыңнан астам жұмыс беруші мен 3 миллионнан аса жұмыс іздеуші тіркелген. Күн сайын 3 мыңға жуық жаңа бос орын жарияланады, олардың төрттен бірі – 350 мың теңгеден жоғары еңбекақы ұсынатын жұмысшы мамандықтар.
Оларды ашып қарасаң, еңбек нарығында жұмыс көп. Мысалы, өндіріс пен құрылыс салалары, көлік компаниялары жүргізуші, дәнекерлеуші, машинист, монтажшы, тракторшы іздеп әлек. Ұсынылатын жалақы да аз емес, 500 мыңнан 800 мың теңгеге дейін. Алайда, ниет білдірушілер аз.
«Оңтүстік өңірлерде орта буынды медицина қызметкерлері мен ауыл шаруашылығы жұмысшылары жетіспейді. Ал батыс аймақтарда керісінше, мұнай-газ саласындағы бос орындар көп, өйткені ол жақта дәстүрлі түрде жалақы жоғары», – дейді әлеуметтік-еңбек саласын талдау департаментінің директоры Руслан Любаев.
Жұмыс берушілердің айтуынша, бүгінде қара жұмысқа дайын адамдардың қарасы азайған. Жастардың көбі физикалық еңбекке емес, кеңсе жұмысына ұмтылады. Олар үшін керегі жайлылық, яғни, ақ жейде, компьютер, кондиционер мен кофе-машина, жалақысы аз болса да бәрібір.

«Мамандарды ұстап қала алмай отырмыз»
Мамандардың айтуынша, қазір кадрлардың тұрақтамауы күрделі мәселе.
«Санитардың айлығы – 100 мың теңге шамасында, жас дәрігер – 200–250 мың теңге алады. Ал жекеменшік клиникаларда 500–700 мың теңге төлейді. Біз мамандарды ұстап қала алмай отырмыз», – дейді кәсіподақ төрағасының орынбасары Еркібулан Бүркітбаев.
Құрылысшылар да адам таппай отыр. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі Вячеслав Лазаревтың айтуынша, соңғы 10 жылда құрылыс көлемі екі-үш есеге өскен, бірақ білікті жұмысшылар саны сол қалпында.
«Дәнекерлеуші де, машинист те, бригадир де тапшы. Халық физикалық еңбекке барғысы келмейді. Жалақсысы 350-ден 800 мың теңгеге дейін болса да көмектеспей отыр. Біз жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру үшін дуальды оқыту жүйесін енгізіп, құрылыс алаңдарында тәжірибе бағдарламаларын іске қосып жатырмыз. Сондай-ақ жұмысшыларға арналған тұрғын үй жобалары бар», – дейді ол.
Такси – жаңа формат па?

Мұндай жағдайда адамдардың көпшілік бөлігі мүлде басқа бағытқа кетіп жатыр. Дипломы бар білікті мамандардың өзі такси, жеткізу қызметі және курьерлік жұмысқа ауысып, платформалық жұмысты таңдай бастады.
Астаналық Шолпан Нұралиева, әлеуметтік желіде «леди такси» атанған жүргізуші. Бұрын ол кеңседе еңбек еткен. Айтуынша, қазір екі есе көп табыс тауып жүр.
«Мен бухгалтермін, бірақ таксиде 300 мың теңгеден астам табамын. Мен үшін еркіндік, тұрақты табыс және балаларыма көңіл бөлу мүмкіндігі пайда болды. Кеңсеге қайта оралғым келмейді», – дейді ол.
Сарапшылардың айтуынша, төленетін еңбекақы мен жұмыс көлемі сәйкес келмеуінен осындай парадокс туындап отыр.
«500 мың теңге ұсынады, бірақ үш адамның жұмысын істейсің, күніне 12 сағат, демалыссыз. Мұндай жағдайда ешкім барғысы келмейді. Оның үстіне, уәде етілген жағдай көбіне шындыққа сай келмейді», – дейді Еркібулан Бүркітбаев.
Қазір диплом емес, табыс жарысы маңызды бола түскендей. Себебі такси қызметінен басқа, жеткізу қызметі де көбірек ақша табудың көзіне айналды. Нәтижесінде жоғары білімнің де, физикалық еңбектің де құны төмендеп барады. Оның дәлелі ретінде, сайттарда жарияланған жоғары жалақысы бар бос орындарды қарауға болады. Соған қарамастан жұмысшылар тапшылығы айтарлықтай сезілуде.

Біреулер «тиынға жұмыс істегісі келмейді», енді бірі «қара жұмыс істеуден бас тартады».
Мамандардың пікірінше, еңбек нарығындағы басымдықтар өзгерді. Үкімет IT-мамандарды, заңгерлер мен экономистерді даярлауға басымдық беріп отыр, ал шын мәнінде экономикаға электрик, слесарь, монтажшы мен механик жетіспейді.
Нәтижесінде, кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі көлеңкеде қалып отыр. Колледждерде студент аз, ал университет түлектері теорияны білгенімен, тәжірибеде жұмыс істей алмайды.
«Біз жақсы жалақы төлеп қана қоймай, өзіміз үйретуге дайынбыз. Бірақ вакансияларға ешкім жауап бермейді. Барлығы кеңседе жұмыс істегісі келеді», — дейді кәсіпкер Алмас Тосынбай.
Жалақы мен амбиция арасындағы парадокс
Қазір физикалық еңбек жақсы төленеді, алайда оған дайын адамдар аз. Ал интеллектуалды еңбекке ақы аз, алайда талап көп.
Жұмыс іздеу сайттарында «Е санатты жүргізуші керек», «Кран машинисі қажет», «6-разрядты дәнекерлеуші іздейміз» деген хабарландырулар толып тұр. Айлықтары 600–800 мың теңге арасында. Сол қатарда менеджерлер мен дизайнерлерге арналған бос орындар бар, бірақ жалақысы 200–300 мың теңге, ал үміткерлер саны бірнеше есе көп.
Экономистердің айтуынша, еңбек нарығы уақыт өте келе өзі тепе-теңдікке келеді. Бірақ ауыр әрі баяу процесс. Қазір Қазақстан жұмысшы мамандардың тапшылығын және кеңсе кадрларының артықшылығын бастан кешіп отыр.
Қоғамдық түсінік те өзгеруі керек
Мамандардың айтуынша, мәселе тек жалақыда емес. Қоғамның көзқарасы ескі. Көпшілік әлі күнге дейін жұмысшы мамандықтарын «беделі төмен» деп санайды. Ата-аналар баласына кішкентайынан «жоғары оқу орнына түс, кеңседе отыр» деп үйретеді. Соның салдарынан ұрпақ «қара жұмыс» істеуден қашады.
Десе де, бүгінгі шындық басқаша. Қазір сұраныс дипломға емес, нақты дағдыға негізделген. Осылайша, 700 мың теңге төлеуге дайын компаниялар жұмысшы мамандықтарға зар, ал басқалары жаңа форматты іздеп, дипломын такси немесе курьер қызметіне ауыстыруға дайын. Экономикамыз «еңбек парадоксының» тұзағында тұр дейді сарапшылар.