Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Спорт журналисі Аслан Қаженовтың Instagram парақшасында жарияланған видеода спортшы Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатында жаттығу жасау үшін Талғардан Алматыға қатынауға мәжбүр екенін айтқан.
”Былтыр әлем чемпионы атанып келгеннен федерацияның жылдық қорытынды жиынында пәтердің сертификатын алдық, бірақ кілтін әлі алмадық. 1 жыл болды, пәтер созылып кетті. Нақты болмай жатыр. Қазір Талғарда бауырымның үйінде тұрып жатырмын. Жаттығу Алматыда өтетін болғандықтан қатынау қиын. 2-3 сағат жол жүріп барамын, екі жаттығу жасай алмаймын. Бір ғана жаттығу жасап қайтамын. Федерациядан пәтерді сұрап жазған едік, жауап бермеді”, — дейді ол.
Журналист Аслан Қаженов бұл жағдайға қатысты әлеуметтік желіде жазба жариялап, ел чемпиондарының үйсіз жүруі ұят екенін айтты.
“Уәде қашан орындалады?!
Нұрқожа Қайпановтың сұхбатын көрген шығарсыз. Осы сертификатты алып, пәтерді алмағанына бір жыл болыпты. Өте ұят жағдай. Әлем чемпионы әлі күнге дейін бауырының үйінде тұрады. Өз отбасы бар. Өз өмірі бар. Бірақ, біреудің баспанасын паналауға мәжбүр. Жаттығу үшін Талғардан Алматыға қатынап жүр. Қанша уақыт жоғалтады?! Қанша жүйке жұқартады?! Масқара ғой. Сұхбаттың шыққанына бір тәулік болды. Жауапты тараптар үнсіз. Негізі уәде берілді ме, орындалуы керек. Қазақтың батырлары тентіреп жүрмеуі керек! Қазақ чемпиондарының еңсесі езілмеу керек! Жақын күндері мәселе шешімін табады деп үміттенеміз…”, — деп жазды ол.
Нұрқожа Аралбекұлы Қайпанов — қазақстандық еркін күрес шебері, бірнеше дүркін Азия чемпионы.
2024 жылы қыркүйек айында Албанияның Тирон қаласында өткен әлем чемпионатында Қайпанов тағы бір тарихи жетістікке қол жеткізді. Ол финалда 70 кг салмақ дәрежесінде жапондық Есиносукэ Аоягимен белдесіп, 5:3 есебімен жеңіске жетті. Жапондық балуан UWW рейтингісінде 4-ші орында болса, Қайпанов 21-ші орында еді. Алайда, бұл айырмашылық қазақ балуанының жеңісіне кедергі келтірмеді.
Осылайша, Қайпановтың есімі Қазақстанның еркін күрес тарихында екінші әлем чемпионы ретінде алтын әріптермен жазылды. Алғашқы алтын медальді 2023 жылы Ризабек Айтмұхан 92 кг салмақта жеңіп алған болатын.