Экономистер мен кәсіпкерлердің бағалауынша, бұл құжат салық жүктемесін арттырып қана қоймай, тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан бизнес-модельдерді түбегейлі өзгертпек. Caravan.kz тілшісі тақырыпты саралап көрді.
Сарапшылардың айтуынша, жаңа нормалар ең алдымен шағын және орта бизнеске ауыр соққы болады.
Салық жүктемесінің өсуі және қалыптасқан жүйенің бұзылуы
Жаңа Салық кодексі бірнеше негізгі өзгерісті қамтиды. Соның ең маңыздысы — қосылған құн салығының 12 пайыздан 16 пайызға дейін өсуі. Бұл жанама салық, яғни оның ауыртпалығы түптеп келгенде қарапайым тұтынушының мойнына түседі. Бағаның өсуі, өмір сүру құнының қымбаттауы — осы өзгерістің тікелей салдары.
Алайда бизнес үшін ең даулы норма — жеңілдетілген режимде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлерден алынған тауарлар мен қызметтерді корпоративтік табыс салығы бойынша шегерімге жатқызуға тыйым салу.
Бұған дейін компаниялар мұндай шығындарды есепке алып, салықтық шегерім жасай алатын. 2026 жылдан бастап бұл мүмкіндік жойылады.
Нәтижесінде кәсіпкерлерге түсетін салықтық жүктеме еке есеге артады:
— жеке кәсіпкер өз табысынан салық төлейді;
— ал сатып алушы компания сол шығынды шегерімге қоса алмай, қосымша 20 пайыз КТС төлейді.
400 мың жеке кәсіпкердің тағдыры
Бұл норма Қазақстан бойынша 400 мыңға жуық жеке кәсіпкерге тікелей әсер етеді. Олар — компаниялармен жұмыс істеп, тауар немесе қызмет көрсететін шағын бизнес өкілдері.
Қаржы сарапшысы Максим Барышев «Гиперборей» арнасына берген сұқбатында кәсіпкерлердің алдында үш таңдау тұрғанын айтады.
«Олар кәсіптерін жабуы мүмкін, немесе жалпыға бірдей салық режиміне көшуі мүмкін. Егер жеңілдетілген режимде қалса, серіктестерінен айырылуы мүмкін», — дейді маман.
Сарапшылардың пікірінше, кәсіпкерлердің басым бөлігі үшін жалпыға бірдей режимге көшу тым ауыр. Бұл бухгалтерияны күрделендіреді, шығынды арттырады және бизнестің дамуына қауіп төндіреді.
Бизнестің талабы: кейінге қалдыру емес, норманы алып тастау
Қазақстанның бизнес-омбудсмені Канат Нұров бұл норманы кейінге қалдыруды емес, толық алып тастауды талап етіп отыр. Себебі мұндай тәжірибе:
— халықаралық есеп стандарттарына қайшы;
— қосарланған салық салу қағидатына қарсы;
— әлемнің дамыған елдерінде қолданылмайды.
Сарапшылардың айтуынша, бұл норма экономикалық логикаға да, бухгалтерлік есептің негізгі принциптеріне де сәйкес келмейді.
Президенттің мәлімдемесі және бизнестің үміті
5 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Салық кодексіне байланысты кәсіпкерлерден көп шағым түсіп жатқанын атап өтті.
Президент Үкіметке:
— проблемалық тұстарды талдауды;
— фискалдық мүдде мен нақты сектор арасындағы тепе-теңдікті сақтауды;
— «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп шешім әзірлеуді тапсырды.
Бұл мәлімдеме Салық кодексінің бірқатар нормасы кәсіпкерлердің пікірін ескермей қабылданғанын жанама түрде мойындау ретінде қабылданды.
«Кәсіпкерлерге субсидия мен жеңілдік емес, тұрақты әрі болжамды салық жүйесі керек. Мемлекет «қолдау шаралары» туралы айта бастаған сәттен бастап бизнестің өздігінен өмір сүруі қиындай түскенін байқаймыз. Бизнеске қолдау шараларын емес, жұмысын жасауға кедергі жасамайтын қажетті ортаны қалыптастыру керек», — дейді сарапшы.
Қазірдің өзінде ірі компаниялар серіктестеріне жалпыға бірдей режимге көшу туралы талап қойып жатыр. Бұл туралы біз алдыңғы материалымызда жазған едік. Оқи отырыңыз:
Кәсіпкерлер көрші елдерге бет бұруда
Осындай өзгерістердің салдарынан қазақстандық кәсіпкерлер бизнесті көрші елдерде тіркеуге көшуде. Бұл ресми статистикада «шетелдік инвестиция» ретінде көрінуі мүмкін, бірақ шын мәнінде елден кеткен отандық капитал.
ҚҚС төлеушілер саны күрт өседі
ҚҚС бойынша тіркеу шегі 20 000 МРП-дан 10 000 МРП-ға дейін төмендейді. Бұл шамамен 70 мың жаңа ҚҚС төлеушінің пайда болуына әкеледі. Ал нарықта:
— білікті бухгалтерлер жетіспейді;
— салық органдарының өзі мұндай көлемге дайын емес.
5 триллион теңге ме, әлде экономикалық құлдырау ма?
Үкімет жаңа Салық кодексі арқылы бюджетке қосымша 5 триллион теңге жинауды көздеп отыр. Алайда экономистер бұған күмәнмен қарайды. Себебі салықтық қысым күшейген сайын:
— бизнес маржасы азаяды;
— қызметкерлер қысқарады;
— экономикалық база тарылуы мүмкін.
Нәтижесінде күтілген табыс орнына экономикалық баяулау қаупі туындайды.
Әлемдік экономикада «қара аққу» күтпеген дағдарысты білдіреді. Ал Қазақстанда сарапшылардың пікірінше, бұл қауіп жасанды түрде, өз қолымызбен жасалып отыр. Жаңа Салық кодексінің ең даулы нормаларын қайта қарауға әлі де уақыт бар. Әйтпесе оның салдары тек бизнеске емес, бүкіл қоғамға ауыр тиюі мүмкін.