Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Ол “Спорт сыры” бағдарламасына берген сұхбатында Азат Мақсұмнан көп үміт күткенін айтты.
”Азат Мақсұмның UFC-ден кеткені бәріне мәлім. Төрт жекпе-жек өткізіп, біреуінде ғана жеңді. Азат көп үміт күткен шәкіртімнің бірі еді. Ол алғашқы ондықта жүретін баланың бірі еді. Кішкене еңбек етіп, талап қылу керек еді. Өзінен де қателіктер кетті ме деп ойлаймын. Біз бапкер ретінде айтамыз. Бірақ, тыңдайтын құлақ болмағаннан кейін қала береді екен. Өзі тырысқанда нәтиже көрсетіп, UFC-де жүретін баланың бірі еді. Ол жақында үйленді. Әлі толық сөйлескен жоқпыз. Өз-өзіне келіп алғасын алдағы жоспарларымыз туралы отырып сөйлесеміз. Мүмкін, ол спортты қоямын дейтін шығар, білмейміз ғой. Спортты жалғастыратын болса, ақылдасатын дүниелер бар. Оны мен ғана шешпеймін, қасымда менеджер, жаттықтырушылар бар. Негізі Азаттың соңғы жекпе-жегі өте шығатын кездесу еді. Ең бірінші қателік салмақ қуу жағынан болды. Содан дұрыс жинала алмады. Ең қиын жұмыс та сол салмақ қуу ғой. Одан өтсең, 15 минут төбелесесің, бітті. Оның алдында 2-3 ай дайындалады, қанша қаражат кетеді. Оқу-жаттығу жиындарынан өтеді”, — дейді ол.
Сондай-ақ, ол Азат Мақсұмның UFC-ге қайта оралу ықтималдығын бағалады.
“Оралуға болады, ол қатты қартайып тұрған ештеңесі жоқ. Бірақ, қазір ол 57 келіде төбелеспейді. Мен өз басым да ол салмаққа шығармас едім. Төбелесетін болса, физикалық дайындық жасап, 61 келіге шығару керек. Дегенмен, UFC-ге қайта баруы туралы анығын айта алмаймын. Енді белгілі болады”, — дейді Дәнеш Дүнгенбаев.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың қазан айында
UFC-де аса жеңіл салмақта өнер көрсететін қазақ файтері Азат Мақсұм (15-3) Абу-дабиде өткен UFC 321 турнирінде жеңіліп қалды. Ол америкалық Митч Рапозомен (9-3) октагонға шыққан болатын. Жекпе-жек үш раундқа жалғасып, төрешілер шешімімен Рапозо жеңіске жетті.