"Қашып жүре бермей, полицияға арыз жаз": Журналист 21 жасар қыздың өлімінен кейін қыздар қауымына үндеу жасады - kaz.caravan.kz
  • $ 509.75
  • 594.67
-4 °C
Алматы
2026 Жыл
14 Қаңтар
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Қашып жүре бермей, полицияға арыз жаз": Журналист 21 жасар қыздың өлімінен кейін қыздар қауымына үндеу жасады

"Қашып жүре бермей, полицияға арыз жаз": Журналист 21 жасар қыздың өлімінен кейін қыздар қауымына үндеу жасады

Журналист Гүлмира Әбіқай елді дүр сілкіндірген Шымкенттегі қайғылы оқиғадан кейін қыздарға үндеу жасады.

  • 14 Қаңтар
  • 165
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Ол сталкингке ұшыраған қыздарға бірден құқық қорғау органдарына жүгінуге кеңес берді.

«Мөлдіреген жанарың…Жанары мөлдіреп кете барды… Аялап, әлпештеп өсірді, қу аяқ жолықты да өмірін қиды. Қандай қатыгез, әділетсіз жағдай… 21 жасар Нұрай әулет пен ауылдың мақтанышы еді. Өз қатарынан жалғыз өзі мектепті алтын белгімен бітірген түлек. Өнерлі, ісмер, еңбекқор, зерек қыздың арманы асқақ еді. Алматыға оқуға түсіп, күніне сан қиял, мың мақсатпен қадам басты. Қыр соңынан қалмаған жігітке ЖОҚ деп қарсылығын айтқаны сол екен қыршын өмірі қиылды. Аңырап қалған анасына, қаралы әулетке қайғыра көңіл айтамын. Бұл қайғы барша ананың жүрегін ауыртып, бүкіл қыздардың жанын шайлықтырды. Айналайын қыздар (келіншектер) “Сталкинг” туралы Қылмыстық кодекс бар. Егер, танитын (танымайтын) жігіт ұнамаса, бірақ қыр-соңыңнан қалмай мазаңды алып, жеке өміріңе араласып, күштеп, мәжбүрлеп, қинап жатса қашып жүре бермей, полицияға арыз жаз! Ешкімнің ешкімді аңдуға, жеке өміріне қол сұғуға, қарсылығына қарсылық танытуға хақы жоқ! Әр ұл әр қызға қарындасындай қамқорлықпен қарайтындай тәрбие берейік!», — деп жазды ол Instagram желісіндегі парақшасында.

Желі қолданушылары бұл жазбаға түрлі пікір жазуда. Тіпті кейбірі жазылған арыздардың қаралмайтынын да айтқан.

«Арыз қаралмаған ғой жазған,ешкім мән бермеген, полиция жұмыс жасамаған болып тұр ғой!», «Жаңалықтарда қыз прокуротураға жігіттің үстінен жазған деп жатыр ғой, бірақ оған ешкім мәнберіп қарамаған болып тұр ғой», «Қандай әп әдемі, жанып тұрған қызды өлтірді де тастады, оңбаған ай. Балаларымыздың болашағынан қорқатын болдық қой күнде сұмдық жаңалықты естіп. Жаны жәннат төрінде шалқысын», «Жазған арыздан пайда жоқ болып тұр ғой», «Қимаймыз, түс көріп жатқандаймыз. Бұндай жағдай Төрткүл ауылында 3 рет болып жатыр», — деп жазды олар.

Еске сала кетейік, 11 қаңтарда Шымкентте пышақ жарақаттары салдарынан 21 жастағы қыз қаза тапты. Қазіргі таңда 28 жастағы ер адам күдікті ретінде уақытша ұстау изоляторына қамалған.