"Бұл соманы артық деп айтуға болмайды": Серік Сәпиев қысқы Олимпиадаға бөлінген 13,3 млрд туралы - kaz.caravan.kz
  • $ 512.16
  • 594.72
-10 °C
Алматы
2026 Жыл
19 Қаңтар
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Бұл соманы артық деп айтуға болмайды": Серік Сәпиев қысқы Олимпиадаға бөлінген 13,3 млрд туралы

"Бұл соманы артық деп айтуға болмайды": Серік Сәпиев қысқы Олимпиадаға бөлінген 13,3 млрд туралы

Олимпиада чемпионы, Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев қысқы Олимпиада ойындарына бөлінген қаржыға қатысты пікір білдірді.

  • 19 Қаңтар
  • 85
Фото: С.Сәпиевтің жеке парақшасынан алынды

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Спортшы Facebook желісіндегі парақшасында қысқы Олимпиада ойындарының дайындығына бөлінген 13,3 млрд теңгенің көп қаржы емес екенін айтты.

«Қысқы Олимпиада ойындарының басталуына бір айға да жетер-жетпес уақыт қалды. Қоғамда мемлекет қысқы спорт түрлеріне қанша қаржы бөлді және бұл қаражаттың нақты қайтарымы бар ма деген сұрақ туындап отыр. Осыған байланысты спортшы ретінде де, бүгінде саланың дамуына жауапты адам ретінде де өз көзқарасыммен бөліскім келеді.

Олимпиадалық цикл аясында қысқы спорт түрлерін дайындауға 13,3 млрд теңге бағытталды. Бұл сомаға спорттық киім-кешек пен құрал-жабдықтар, оқу-жаттығу жиындары, жарыстарға қатысу, бапкерлер штабының жұмысы, медициналық қамтамасыз ету – барлығы кірді. Бұл – көрерменге көп жағдайда байқала бермейтін, бірақ Олимпиадаға дайындық үшін аса қажет ауқымды әрі күрделі жұмыс.

Сандарға қарап бұл қаржы қомақты болып көрінуі мүмкін. Алайда кәсіби тұрғыдан қарасақ – толық олимпиадалық циклды, қысқы спорттың 13 дисциплинасын және халықаралық дайындық талаптарын ескерсек, бұл соманы артық деп айтуға болмайды. Керісінше, дәл осы қаражат жүйелі дайындықты қалыптастыруға және спортшыларымызға толыққанды жаттығу жасауға мүмкіндік берді. Мұның нәтиже үшін қаншалықты маңызды екенін өте жақсы түсінемін.

Бүгінде Қазақстанда қысқы спорт түрлері жазғы спортпен тең дәрежеде жүйелі қолдауға ие. Мемлекет пен спорттық институттардың жұмысы осы қарқынмен жалғасуы тиіс. Өйткені, жетістік медальдан басталмайды. Ол — сапалы дайындықтан, мықты кадрлардан, медицинадан, резервтен және тұрақты қаржыландырудан басталады.

Олимпиада ойындарында өнер көрсететін қыз-жігіттерімізге сәттілік тілеймін. Олимпиадаға жолдама алу – өз алдына үлкен жетістік әрі елді бүкіл әлемге танытатын зор мүмкіндік!», — деп жазды ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов қысқы олимпиадаға бөлінген қаржының есебін талап еткені туралы жазған едік.